Павел Дуров деген кім және әлемге несімен танымал? Қазір ол не үшін ұсталып отыр? Informburo.kz осы тақырыптағы шағын шолуын назарларыңызға ұсынады. 

Павел Дуров деген кім?

Павел Дуров – ресейлік кәсіпкер, бағдарламашы, "Вконтакте", Telegram желілерінің негізін қалаушы. Ол 1984 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. "Ағылшын филологиясы және аударма" мамандығы бойынша білім алған. Студент кезінде коммерциялық интернет-жобалар жасаумен айналысқан.

Павел 2007 жылы ағасы Николаймен бірге Facebook желісінің аналогы – "Вконтакте" платформасын жасап шықты. 2008 жылы "Вконтакте" желісін қолданушылар саны 20 миллионға жетіп, желі тұрақты түрде табыс әкеле бастаған. Дуров әлеуметтік желінің бас директорына айналып, акцияның 20 пайызына ие болды. 2011 жылы Дуровтың қаржысы 7,9 миллиард рубльге жетті. Ал 2014 жылы Дуров "Вконтактедегі" өз үлесін сатып, Ресейден кетіп қалды. Оның "Вконтактенің" бас директорлығынан кетуіне ресейлік құқық қорғаушылардың Еуромайданды ұйымдастырушы топтар туралы жеке ақпаратты беруін талап етуі себеп болған. Кейінірек кәсіпкер Ресейге оралу жоспарында жоқ екенін мәлімдеді.

Telegram қалай құрылды?

Павел Дуров 2013 жылы Telegram мессенджерін құрды. Сол жылдың аяғына қарай Telegram қолданушылары саны 100 мыңға жетті. Ал, 2024 жылдың шілдесінде Telegram желісін әлемде 950 миллионға жуық адам қолданатыны белгілі болды.

Бұл желіні құру туралы идея қалай келгенін Дуров өзі былай әңгімелейді:

"Елде бірде-бір қауіпсіз байланыс құралы жоқ екенін білгендіктен, өзім жаңа желі жасауға бел будым. Жеткілікті деңгейде қорғалған, шифрланған қолданба жасауды көздедік. Менің ағам – гений, оның математика саласында екі докторлық дәрежесі бар, оған қоса өзі криптография саласының білгірі. Сол ағам алдымен шифрды ойлап тапты. Ал мен қолданбаның интерфейсін, қызметтерін құрастырып шықтым".

Дуровтың айтуынша, Telegram-да күн сайын 2,5 миллион жаңа қолданушы тіркеледі.

"Telegram әлемді орман өрті секілді шарпып жатыр. Біз маркетингке мүлдем ақша жұмсамаймыз. Соның өзінде қолданушы саны осылай тез өсіп жатыр. Біз бұл желіні ешқашан басқа әлеуметтік желілерде жарнамалаған емеспіз", – дейді Дуров.

2017 жылдан бастап Роскомнадзор компания туралы жеке ақпараттарды талап ете бастады. Сол себепті Telegram желісі Ресейде 2018-2020 жылдар аралығында бұғатталды.


Оқи отырыңыз: Бір оқушыны мектепке дайындауға 100 мың теңге жете ме? Алматы жәрмеңкелерінен фоторепортаж


Бүгінде Telegram Қытайда, Иранда, Ауғанстанда бұғатталған. Сондай-ақ, Бразилия, Германия, Испания билігі платформаны бұғаттауға мүдделі боп отыр. 2020 жылы Дуров Telegram негізінде TON блокчейн-платформасы мен Gram криптовалютасын құруға талпынды.

Дуров қаншалықты бай?

Дуров Forbes тізіміндегі бай ресейліктер қатарына 2016 жылы қосылды. Ол кезде 0,6 миллиард доллармен 135-орынға тұрақтады. Ал, 2018 жылы Fortune журналы Дуровты 40 жасқа толмаған ең ықпалды жас кәсіпкерлер тізіміне қосты.

2021 жылдың сәуір айында Павел Дуров Біріккен Араб Әмірліктерінің бай адамдары тізімінде көш бастады. Forbes оның байлығын 17,2 миллиард доллар деп бағалады. Алайда, бірнеше күннен соң, журнал кәсіпкерді рейтингтегі ресейліктер қатарына ауыстырып, Дуров ол жерде 9-орынға тұрақтады. 2022 жылы Дуров ең бай ресейліктер тізімінде үшінші орынға көтерілді (15,1 миллиард доллар).

Бір жылдан соң Forbes Дуровты жағдайы күрт төмендеген ресейлік миллиардер деп көрсетті. Бір жыл ішінде Дуров 3,6 миллиард долларын жоғалтып, Forbes рейтингінде 148-орынға бір-ақ сырғыды. Ал, 2024 жылы журналдың ресейлік рейтингінде 10-орыннан  8-орынға көтерілді. Оның қаржысы 15,5 миллард долларға дейін өсті.

2024 жылдың тамызында Дуров алғаш рет Bloomberg миллардерлер тізімінде бой көрсетті. Бұл тізімде ол 9,15 миллиард доллармен 279-орында тұр.

Павел Дуров  –  Ресейдің, Кариб теңізі аралдарында орналасқан Сент-Китс және Невис штатының, Франция мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматы. 

Дуров Apple, Facebook, WhatsApp-ты неге сынайды?

Дуровтың ұсталуы оның Францияның арнаулы қызметтерімен бірігіп жұмыс істеуден бас тартқанымен байланысты деген болжам бар. Бұған дейін кәсіпкер әртүрлі елдердің арнаулы қызметін сынай сөйлеп, олармен жұмыс істеуден бас тартқаны туралы мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Дуров қарапайым қолданушылардың ізін аңдуға қарсы екенін де бұрыннан айтып келеді. Ол, әсіресе WhatsApp желісін жиі сынайды:

"WhatsApp-тан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Бұл мессенджер 13 жылдан бері өзгелерді аңду құралы ретінде жұмыс істеп келеді", – дейді Дуров 2022 жылы Telegram-арнасында жазған жазбасында.

Сондай-ақ, кәсіпкер Apple корпорациясын бірнеше рет сынға алды. Ол App Store дүкенінің монополиясына назар аударды. Apple мен Google цифрлық тауарларға "негізсіз 30 пайыздық салық" қосатынын алға тартып, ал бұл қолданушылардың қалтасына томпақ келетінін, стартаптарға кері әсер ететінін мәлімдеген. Одан бөлек, Дуров Telegram желісі App Store-де баяу жаңаланатынына да шағымданған.


Оқи отырыңыз: Кибералаяқтар адамды қалай қақпанға түсіреді және олардан қорғану жолдары


Кәсіпкер Apple компаниясын "iPhone-ға жылдар бойы айтарлықтай жаңалық енгізбей келе жатыр" деп сынайды (айтқандай, Стив Джобс – Дуровтың кумирі). Сонымен қатар, ол компанияның iCloud қызметін "аңду құралы" деп атаған. Дуров Facebook 2014 жылы сатып алған WhatsApp мессенджері "қолданушылардың жеке деректерін қорғау мәселесіне немұрайдылықпен қарайды" деп санайды. Ол осы мессенджердің қолданушыларының жеке деректері хакерлер мен мемлекеттік құрылымдарға қолжетімді екенін бірнеше рет мәлімдеген. Дейтұрғанмен, Дуров өзі "Вконтакте" әлеуметтік желісінің бас директоры болған тұста Facebook негізін қалаушы Марк Цукербергпен жеке кездескен.

Не үшін ұсталып отыр?

Дуров 24 тамыз күні Әзербайжаннан Францияға жеке ұшағымен ұшып келген кезде әуежайда ұсталды. Қазіргі уақытта француз билігі Дуровтан жауап алып, уақытша қамауға алды. Бүгін Дуровты қамауда ұстау уақыты 48 сағатқа ұзартылғаны туралы белгілі болды.

France-Presse ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Дуровты тұтқындауға Францияның кәмелет жасқа толмағандарға қарсы қылмыстарға қарсы күрес басқармасы (OFMIN) ордер берген. Дуров "Telegram платформасындағы алаяқтық, есірткі саудасы, киберқауіп, ұйымдасқан қылмыс және терроризмді насихаттау сияқты заңсыздықтарға қарсы шара қолданбады" деп айыпталып отыр.

Дуров ісімен айналысып жатқан тергеушілердің бірі "Telegram ұзақ жылдар бойы ұйымдасқан қылмыстың нөмірі бірінші платформасы болып келді. Қазір бұл желі заңсыз матч көрсетілімдері үшін, сондай-ақ, осы сервисте көптеген аккаунттар ұйымдасқан қылмыспен айналысатыны үшін көпшілік назарына ілініп отыр. Одан бөлек, ең қауіпті деген қылмыскерлер Telegram желісін балалар порноконтентін алмасу үшін қолданып отыр" деп пікір білдірген.

Сот кәсіпкерді тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп тапса, ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.