Тікелей эфир

Бір оқушыны мектепке дайындауға 100 мың теңге жете ме? Алматы жәрмеңкелерінен фоторепортаж

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Informburo тілшілері Алматыдағы мектеп жәрмеңкелерін аралап, баланы мектепке дайындауға қанша қаржы кететінін есептеді.

Оқу жылы басталарда әр ата-ананың уайымы – баласын мектепке дайындау. Қымбатшылық уақытында мектеп формасы, кеңсе тауарлары қалтаны қағады. Ал көпбалалы отбасылар үшін бұл үлкен салмақ. Осы орайда Информбюро "Көк базар", "Орбита" және "Москва" СОС жанындағы мектеп жәрмеңкелерін аралап, саудагерлермен, баласына киім, дәптер алып жүрген ата-анамен сөйлесті. 

Көк базардағы жәрмеңке / Фото: Informburo.kz

Басқа орындарға қарағанда Көк базарда адам қарасы көп. Жәрмеңкеде аяқ киімнен басқасының бәрі бар. Кеңсе тауарларын сататын Нұртас оқулық бағасы өзгермегенін, ал кеңсе тауарларының бағасы түскенін айтып отыр. Саудагерден оған не себеп болғанын сұрадық.

Кеңсе тауарларын сататын Нұртас / Фото: Informburo.kz

"Қытай "ашылды". Оған қоса, онлайн сауда жүріп жатыр. Ресейден келетін тауарлардың бағасы ойнап тұр. Әрине, баға науқан кезінде көтерілмей қоймайды. Бастауыш сынып оқушысына сөмкемен қосқанда 20 мың теңге кетеді. Өйткені әртүрлі дәптері бар, бояйтыны бар, ермексазы бар. Жоғары сынып оқушысына көп зат қажет болмағандықтан көп дегенде 10 мың теңге жұмсайсыз. Дәптер – 20-25 теңге. Шымкентте, Алматыда шығады. Бізге 22 теңгеден келеді, үш теңге қосып 25 теңгеден сатамыз. Көтерме бағада алатын орында қымбаттаса амал жоқ бізге де қымбатқа сатуға тура келеді. Әйтпесе бір бағаны ұстауға тырысамыз. Сұраныс көп, тапшы болып кетті деп бағаны қолдан көтермейміз", – деді саудагер.

Көк базардағы сауда / Фото: Informburo.kz

Нұртас баға еш қымбаттаманын айтса, енді бір саудагер дәптер 20 теңгеден 25 теңгеге өскенін, ұштағыш 200 теңгеден 250 теңгеге қымбаттағанын айтып отыр.

Көк базарда кеңсе тауарларының саудасы қызып тұр / Фото: Informburo.kz

"Оқулықтар қымбаттады. 1300 теңгенің кітабы қазір 1500 теңге. Өйткені қағаз Ресейден келеді, ол жақтағы жағдайға байланысты қымбат болып тұр", – дейді Көк базардағы саудагерлердің бірі.

Оқулықтар / Фото: Informburo.kz

Ботагөз есімді көпбалалы ана Көк базардан бес баласына кеңсе тауарларын алып жүр. Мектепке баратын екі қызын ғана киім алып үлгерген екен. Әлі екі ұлымды киіндіруім қажет дейді ол.

Ата-ана кеңсе тауарларын алып тұр / Фото: Informburo.kz

"Үлкен ұлым – студент. Қалған төртеуі мектепте оқиды. Кенжем бірінші сыныпқа барады. Екі қызымды киіндіріп үлгердім. Әрқайсына негізгі киімдерді алғанның өзінде 90 мың теңге кетті. Одан бөлек кеңсе тауарларын алуым керек. Бүгін оны да түгел алмадық. Сөмкесін алмадым. Киім де, бәрі де қымбат. Әлі екі ұлымды киіндіруім керек. Заттың бәрі қымбат, бірақ жалақы төмен. Көк базарға танысым болған соң келіп тұрмын, кеңсе тауарларын түсіріп беріп жатыр. Барахолкаға да бардым, дәл осы баға. Былтыр бәріне 300 мың теңге кетіп еді. Биыл есептесем төрт оқушым мен бір студентіме 500 мың теңге кетейін деп тұр. Сонда бір баланы мектеке дайындауға таза 100 мың теңге кетеді. Күйеуім екеуміздің табысымыз жетпейді. Арасында тапқан табысты қостық. Туысқандар да көмектеседі. Күнкөріс қамы", – деді Ботагөз. 

Көк базардағы жәрмеңке / Фото: Informburo.kz

Алматыда әр ауданда мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр. "Орбитадағы" жәрмеңке Көк базарға қарағанда шағын болғанымен де, сатып алушылар аз емес.

"Орбитадағы" жәрмеңке / Фото: Informburo.kz

"Былтырғы баға. Былтыр дәптерді 30 теңгеден саттық, биыл 20-25 теңгеден сатып жатырмыз. Пән дәптерлер қымбаттады. Бастауыш сынып оқушыларының заттары қымбат шығады. Барлық затын аламын десе сөмкені қоспағанда 30 мың теңге кетеді. Ал жоғары сынып оқушыларына көп зат қажет болмағандықтан көп дегенде 10-15 мың теңге кетеді. Жеке дүкеніміз бар. Жәрмеңкеде дүкеннен арзан сатамыз", – деді "Орбитадағы" жәрмеңке сатушысы Гүлзада.

Саудагер Нейла Қытай мен Қырғызстаннан келетін киімдер Түркияға қарағанда арзанырақ дейді / Фото: Informburo.kz

"Орбитадағы" дүкен иесі Нейла мектеп формасын сатады. Ақ көйлек бағасы 3500 теңгеден, ал белдемше 4 мың теңгеден басталады. Ұлдарға төрт киім – пиджак, екі шалбар, жакет 24 мың теңге тұрады. Бір шалбар – 6 мың теңге.

Информбюро тілшісі де мектеп формасының сапасын қарап көрді / Фото: Informburo.kz

Алматы тұрғыны Гүлбану 3-сыныпта оқитын қызын жаңа оқу жылына дайындауға жалпы 87 мың теңге жұмсаған. Әлі алатын зат көп дейді ол.

Жәрмеңкеде сатылып жатқан мектеп формасы / Фото: Informburo.kz

"Мектеп формасын 32 мың теңгеге алдық: екі жейде, екі белдемше және бір бомбер. Спорт киімін 15 теңгеге алдық. Екі аяқ киіміне 28 мың теңге кетті. Кеңсе тауарларына 15 мың теңге жұмсадық. Мұғалімі қыркүйекте тізім берген соң қосымша дәптерлерін аламыз. Сөмке алмадық, былтырғысын ұстайды. Былтыр көп нәрсе алмадық. Алдыңғы жылдан қалған киімдерді киді, бір-екі затын әжесі сыйлады. Биыл сөмкеден басқасының бәрін алып бердік", – деді Гүлбану.

Жәрмеңкеде кеңсе тауарларын қарап тұрған сатып алушылар / Фото: Informburo.kz

Айгүл есімді ана қызына былтыр мектеп формасы мен кеңсе тауарларына 200 мың теңге жұмсағанын айтып отыр. Биыл әлі сатып алмаған, қанша кететінін шамамен есептеген.

Жәрмеңкеде сатылып жатқан мектеп формасы / Фото: Informburo.kz

"Аяқ киімді биыл үлкендер бөлімінен аламыз, арзан шығатын шығар деп отырмын. Себебі балалар аяқ киімі үлкендердікінен қымбатырақ көрінеді. Қазір бәрі қымбат. Жалғыз қызыма қаншама ақша жұмсаймын. Төрт-бес баласы барлар қалай жеткізеді деп ойлаймын", – деді Айгүл.

"Москва" СОС жанындағы жәрмеңке / Фото: Informburo.kz

Гүлчехра бастауыш сынып оқитын қызының киімдері мен дәптер-қаламына 118 800 теңге жұмсаған. Бұл сомаға спорт киімдері кірмейді. 

"Бір қыз болғаннан кейін сапалы киім алғымыз келеді. Жеңі ұзын, жеңі қысқа деп бес жейде алдық. Жеңі ұзыны әрқайсы – 11-12 мың теңге, қысқасы – 7-8 мың теңгеден. Рюкзакты 10 мыңға түсіріп алдық. Сарафаны – 16 мың теңге, белдемшесі – 12 мың теңге, кеңсе тауарлары – 13 мың теңге. Туфлиді 10 мыңға алдық. Бантик, шұлық деген майда-шүйдесіне 13 мың теңгедей кетті. Бес мың теңгеге жакет алдық. Спорт киімдері мен кроссовки алмадық, былтырғысын киеді", – деді Гүлчехра.   

Информбюро тілшісі бірнеше ата-анамен сөйлесіп, мектепке баратын әр баланың шығыны орта есеппен 100 мың теңге деп есептеді. Бұл сома әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Ал сіз балаңыздың киімі мен оқуға қажет заттарына қанша ақша жұмсадыңыз?

Серіктестер жаңалықтары