Обыр, аллергия, цирроз. Қымыз қандай ауруларға ем?
Профессор Жанғабылов Абай Кенжебайұлын еске алуға арналған "Бие сүті, қымыз, шұбат – олардың емдік-сауықтыру қасиеттері" халықаралық гастроэнтерология конференциясында ғалымдар соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесін жариялады.
Әлем бойынша Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Шығыс пен Орталық Еуропада бие сүтін өндіру кеңінен дамыған. Бүгінде дүние жүзінде 30 млн адам бие сүтін қымыз түрінде тұтынады. Соңғы уақытта Еуропа, Италия, Венгрия, Нидерланды және Германияда бие сүтін өндіру қолға алынып келеді. Аталған елдер жылына шамамен мың тонна бие сүтін өндіреді. ҚР ПІБ МО бас гастроэнтерологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Биімбетовтің айтуынша, бұл қызығушылық саумалдың денсаулыққа оң әсерімен тікелей байланысты. Сондай-ақ аллергиясы бар балалар сиыр сүтіне қарағанда, бие мен есек сүтін қорықпай тұтына алады.
Бие сүті қандай ауруларға ем?
"Бие сүті ересектер мен сәбилердің денсаулығына оң әсер ететін қоректік және емдік заттарға толы. Иммунитет, энергия және төзімділікті арттырады. Ең бастысы – өмір сапасын жақсартады. Құрамында май аз, ал омега-6, омега-3 және ағза үшін аса маңызды NNFA (28%) үлесі жоғары. Мұнымен қатар бие сүтінде ақуыздар мен А, В және С дәрумені көп. Керісінше альбуминдер мен глобулиндер айтарлықтай аз болғандықтан, ағзаға тез сіңеді. Химиялық құрамы ана сүтінікіне ұқсас, емшек сүті болмағанда балаға беруге болады. Май қышқылдарының құрамы ерекше болғандықтан, егде жастағы адамдарға да пайдалы", – деді Бақытжан Биімбетов.
Сондай-ақ профессор қазір бие сүтінің косметика мен дәрі-дәрмек өндірісінде кеңінен қолданылатынын айтады.
Оқи отырыңыз: Дененің ісінуі, шаштың түсуі және ұйқысыздықтың себебі не? Фармацевт-нутрициолог түсіндірді
Бақытжан Биімбетовтің зерттеуінше, бие сүтін қолданудың қосымша клиникалық әсері келесідегідей:
- әл-ауқат жақсарады;
- ұйқы дұрысталады;
- артық салмақтан арылуға көмектеседі;
- адам төзімді бола бастайды;
- тырнақ, шаш және тіс нығаяды;
- иммунитет жақсарады;
- адамның ішімдіктен бас тартуына әсер етеді;
- холестерин, липопротеидт, ТГ және қандағы қант мөлшері төмендейді.
"Десе де іш өткізу, іштің кеуіп, құрылдауы секілді теріс белгілері де бар. Саумал ішімдік ішуден пайда болған стетоз, гепатит, цирроз,өт қабығының дисфункциясы, А, В және С типті созылмалы гастрит, эрозиялық гастродуоденит кезінде пайдалы", – деп қосты профессор.
Саумалды сүт безі қатерлі ісігін емдеу үшін қолдану
2020 жылы әлем бойынша сүт безі рагына 2,2 млн адам шалдықты. Сол жылы шамамен 685 мың әйел көз жұмды.
Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 35 366 науқасқа жетіп отыр. Ішінде:
- өкпе ісігі – 4642 (13,1%);
- омырау ісігі – 4390 (12,4%);
- асқазан – 3357 (9,5%);
- тік ішек – 3337 (9,4%);
- жатыр мойны – 1777 (5%);
- ісіктің басқа түрлері – 17 863 (50,5%).
Оқи отырыңыз: 30 жылда ерлердің ұрығы 3 есе әлсіреген. Бедеуліктің емі бар ма?
2020 жылы Қазақстанда ісікке шалдыққан әйелдер саны – 18 676. Ішінде:
- жатыр денесі – 1179 (6,3%);
- омырау ісігі – 4390 (23,5%);
- асқазан – 1232 (6,6%);
- тік ішек – 1806 (9,7%);
- жатыр мойны – 1777 (9,5%);
- ісіктің басқа түрлері – 8292 (44,4%).
"Химиотерапия курсынан кейін науқаста жүрек айну, құсу, мукозит, анорексия, диарея және лейкопения секілді белгілер байқалады. Мұнымен қатар гастро-интенстинальды аурулар – 90%, гемотологиялық аурулар – 85-90%, гепато-нефротроптық аурулар 40-50 пайызға дейін асқынады. Мұнымен қатар қатерлік ісіктің асқынуы, ісікке қарсы дәрілік терапия, хирургиялық ота, сәулелендіру ағзадағы қоректік заттар мөлшерін азайтады", – деді Раушан Күмісбекова.
Қай ісік түрі қоректік заттарды көбірек азайтады:
- асқазан мен ұйқы безінің қатерлі ісігі – 75-80%;
- өкпенің қатерлі ісігі – 56-64%;
- КРР – 56-64%;
- сүт безі обыры – 31-40 пайызға дейін азайтады.
Қымыз ішкен науқастардың жағдайы қаншалықты жақсарды?
- 2005 жылы Германияның Йена университетінде қышыма ауруына шалдыққан науқастарға зерттеу жүргізілді. Олар 16 апта бойы бие сүтін ішіп, нәтижесінде қышыну мен гиперемия 30-дан 55 пайызға дейін азайған. Сондай-ақ науқастардың нәжісіндегі бифидобактерия үлесі 8 есе өскен.
- 2009 жылы Йена университетінің балалар ауруханасында Крон ауруы, асқазан ойық жарасымен ауыратындар 8 апта бойы күнделікті 250 мл бие сүтін тұтынады. Сүт ауырсынуды басып, нәжістегі қанды азайтады. Мұнымен қатар күнделікті ішіп жүрген дәрі-дәрмек мөлшерін азайтуға ықпал еткен.
- 2020 жылы 74 науқас қатысқан зерттеудің бір тобында биохимиялық көрсеткіштер қалыпқа келіп, холестерин алмасу, стеатоз және гепатомегалия деңгейі төмендеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар МӘМС арқылы 30 жастан бастап қатерлі ісік скринингін тегін өте алады
"Бие сүтінің химиялық құрамы ана сүтінікімен ұқсас. Иммунитетті нығайтады, қабынуға қарсы, пробиотикалық, әртүрлі вирус пен ісікке қарсы әсері бар. Асқазан-ішек жолдары, тері, созылмалы гепатит, бауыр циррозы, онкологиялық патологиялық аурулар кезінде қолдануға ұсынылады. Құрамында иммуноглобулин, полиқанықпаған май қышқылдары, А, С, Е, В, D дәрумендері, кобальт, мыс, кремний, алюминий, титан, күміс, мырыш, қалайы, йод, темір, никель сынды микроэлементтер, лактоферрин, лизоцим, аминқышқылдары, лактоза бар. Бие сүті басқа сүт түрлеріне қарағанда күшті, бактерицидтік қасиеттерге ие, микрофлораны қалпына келтіреді. Иммуномодуляторлы қабыну мен ісікке қарсы лактоферрин бар", – деді Раушан Күмісбекова.
Маманның айтуынша, химиотерапия кезінде бие сүті серотонинді синтездейді. Осылайша, науқастың тәбеті қалпына келіп, көңіл-күйі жақсарады. Лакто- және бифидобактерияларға қатысты пребиотикалық қасиеті бар. Сондай-ақ ішек микробиотасын қалыпқа келтіріп, иммунитетті жақсартады және жүрек айнуды басады.
"Бие сүтінде лизоцим, лактоферрин, IgA және биоактивті пептидтердің көп болуы дене қорғанысын күшейтеді", – деп қосты маман.
"Саумал ішектің улы заттарды сіңіруін тоқтатады"
Гастроэнтеролог Бақытжан Биімбетов саумалдың ішек дисбиозы кезінде де аса пайдалы екенін айтады.
Ішек дисбиозы дегеніміз – ішек микрофлорасының сапалық және сандық құрамы өзгерген соң асқазан-ішек жұмысы бұзылып, метаболикалық және иммунологиялық бұзылулардың дамуымен сипатталатын клиникалық-зертханалық синдром.
Дизбиоздың этиологиямен байланысты жіктелуі:
- қалыпты дисбиоз: жас, маусымдық, қоректік, кәсіби;
- асқазан-ішек аурулары кезіндегі дисбиоз: гипо- және ахлоргидриямен бірге жүретін асқазан аурулары, ұйқы безі аурулары, бауыр және өт жолдарының аурулары, ішек аурулары, кез келген генездің мальабсорбция синдромы;
- жұқпалы, аллергиялық аурулар, иммунитет тапшылығы жағдайлары, гиповитиминоздар, кез келген генездің гипоксиясы, эндогендік және экзогендік интоксикация, радионуклидтердің әсері кезіндегі дисбиоз;
- дәрілік дисбиоз (антибиотиктерді, сульфаниламидтерді, туберкулостатиктерді, иммуносупрессанттарды, антацидтерді, антисекреторлық, іш жүргізетін дәрілерді және т. б. қабылдау);
- эмоционалды немесе физикалық күйзеліс әсерінен пайда болатын дисбиоз.
Оқи отырыңыз: "Науқастардың 6 пайызына ғана І кезеңде диагноз қойылады". Қазақстандық дәрігерлер өкпе обырын алдын алудың жолын айтты
Дисбиоздың клиникалық белгілері:
- терінің өзгеруі: құрғақтық, қабыршақтану, аллергиялық дерматит;
- ауыз қуысының зақымдануы: хейлит, афта, глоссит, гиперемия және шырышты "лактау", энантема;
- іштің пальпациясындағы дақ-гүрілдеу және ісіну, негізінен шажырқайдың терминалды бөлімінде, соқыр ішекте анықталады.
"Емді ішек дисбиозы синдромымен бірге жүретін негізгі ауруды анықтаудан бастаймыз. Кейін бактерияға қарсы препарат, пробиотик және т.б. көмегімен патогендік микрофлораға әсер етеміз. Осылайша ас қорыту жүйесін, ішектегі химиялық процестердің өзгеруін, қабыну, ішектің улы өнімдерді сіңіруін, метаболизмнің бұзылуын тоқтатамыз. Мұнымен қатар дисбиоз кезінде тез қорытылатын көмірсу, ішектің шырышты қабатын тітіркендіретін ащы, қышқыл және эфир майларына бай көкөністерден бас тартқан пайдалы", – деді Бақытжан Биімбетов.
Бие сүтіндегі ақуыз – лактоферриннің екі пайдалы қасиеті қандай?
Биология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті КЕАҚ кафедрасының профессоры Мейрамгүл Нармұратова бие сүтінің 50 пайызын құрайтын сарысу ақуыздарының бактерия, вирус және қатерлі ісік жасушаларына қарсы емдік қасиеті жоғары екенін мәлім етті.
"Саумалдың әртүрлі аурудың алдын алу және емдеу үшін қаншалықты тиімді екенін зерттеу үшін құрамындағы лактоферрин ақуызын бөліп алдық. Оның биологиялық қасиетін анықтау үшін антиоксидант, хилоктаушы белсенділік және антимикроптық белсенділін қарастырдық. Мұнымен қатар масс-спектометрия әдісімен пептидтік, аминқышқылдық құрамын анықтадық. Нәтижесінде бие сүті лактоферринының темір йонын байланыстыратын және ағзада түзілген бос радикалдарды бейтараптандыратын қасиетінің бар екені анықталды", – деді Мейрамгүл Нармұратова.
Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікті емдеу қиын, алдын алу оңай. Скринингтен кімдер және қандай жиілікпен өтуі тиіс?
Зерттеу барысында бие сүтінің темір мен мыс йондарын байланыстыру қабілеті қарастырылып, темір болмаған жағдайда валенттілігі ұқсас мыс йондарын да тасымалдайтыны белгілі болды.