Ауруды ерте кезеңде анықтау – оның дамуына жол бермейді. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға да болады. Қатерлі ісікті ерте анықтаудың бірден-бір жолы – скрининг.
№1. Скрининг дегеніміз не?
Скринингтік зерттеулер – бұл ауруларды ерте кезеңінде анықтау үшін денсаулығына шағымдары жоқ адамдардың медициналық тексерілуі. Оларды өту әр азаматтың міндеті. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауға, оның ішінде адам асықпай тексерілуден өтуі үшін жұмыстан босатуға міндетті. Скринингтен өту үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет.
Оқи отырыңыз: "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі
№2. Скринингтік зерттеулерден кімдер өтуі керек?
Скринингтерді тексерулерде қарастырылған белгілі бір жас тобына кіретіндер өтеді. Мысалы, жатыр мойны обырын скринингтен 30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет өтеді. Егер осы жылы науқас скринингтен өту үшін тізімге енгізілсе, учаскелік медбике оны скринингке шақырады және тексеруге қалай дайындалу керектігін айтады. Скринингке жататын ауруы бойынша "Д" есепте тұрған адамдарға тексеру жүргізілмейді.
№3. Скрининг түрлері
- Мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған. 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер 4 жылда 1 рет өтуі керек. Тексеру артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, онкопатологияны ерте анықтауға жүргізіледі.
- Артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтауға арналған. Артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет өтуі керек.
- Глаукоманы ерте анықтауға арналған. Глаукомамен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет өтеді.
- Жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған. Жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы әйелдер 4 жылда 1 рет қаралуы керек.
- Сүт безі обырын ерте анықтауға арналған. Сүт безінің қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы әйелдер 2 жылда 1 рет қаралады.
- Колоректальды обырды ерте анықтауға арналған. Тоқ ішектің қатерсіз және қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылаудатұрмайтын 50-70 жастағы ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет өтуі керек.
- В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған. Зерттеудің бұл түрі келесі тәуекел топтары арасында жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Қатерлі ісік, қант диабеті, ревматизм. Әлеуметтік мәні бар сырқатқа шалдыққандарға қандай көмек көрсетіледі?
№4. Скринингтік зерттеулерді кім жүргізеді?
Скринингтерді тіркелген жері бойынша емханалар жүргізеді. Ауылдық жерлерде тұратын пациенттер үшін олардың медициналық ұйымдарынан басқа (медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар, емханалар және аудандық ауруханалар) жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық поездар скринингтер жүргізеді.
Оқи отырыңыз: Жастар арасында қатерлі ісікке шалдыққандар көбейген. Диагностиканы ерте жасату не үшін маңызды?
№5. Скринингтік зерттеулерді жүргізу кезеңдері
Скринингтік зерттеулер жүргізу төрт кезеңнен тұрады: дайындық кезеңі, қарап-тексеру және (немесе) зерттеу кезеңі, қорытынды кезең. Дайындық кезеңін емханада медбике жүзеге асырады және мыналарды қамтиды:
- скринингтік зерттеулерден өту қажет азаматтардың тізімін жасау;
- бұл азаматтарды скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі мен шарттары туралы хабардар ету;
- халықты скринингтік тексеруге шақыру;
- халықтың скринингтен уақтылы өтуін бақылау.
Содан кейін тексеру кезеңі өтеді. Бұл учаскелік дәрігердің, бейінді мамандардың, медбикелердің қабылдауы, сондай-ақ скринингтік зерттеу түріне байланысты зертханалық және диагностикалық зерттеулер.
Қорытынды кезең толық тексеруді және анықталған патологиясы бар адамдарды динамикалық бақылауға қоюды қамтиды. Скринингтердің нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі, ал пациент толық тексеру және бақылау бойынша ұсынымдар алады.
Қарап-тексеру барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар есепке қойылады және динамикалық бақылауда болады. Жіті аурулар анықталған кезде тексеру жүргізіледі, толық сауыққанға дейін пациенттің денсаулық жағдайын кейіннен бағалау арқылы емдеу тағайындалады.
("Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі ұсынған материал негізінде дайындалды)