Оқу үрдісінде ойын форматын қолдану білімді қабылдауды жылдамдатады, оқушылардың тиімділігі мен мотивациясын арттырады. Ойынды білім саласында пайдаланудың тағы қандай артықшылықтары бар? Геймификация қалай жұмыс істейді? Осы туралы толығырақ Qalan онлайн-платформасының IT-маманы Сәкен Сыдықов айтып берді.  

Геймификация деген не?

Геймификация дегеніміз ойын форматын "ойын емес" контексте қолдану. Мысалы, бизнесте, жұмыста, оқуда және күнделікті өмірде ойынды қолданудың артықшылығы көп. Геймификация сатылымды арттырып, тұтынушыларды ұстап қалуға көмектеседі, ақпаратты сіңіру мен жаңа дағдыны үйрену процесін тездете алады. Сәкен Сыдықовтың айтуынша, геймификация адам миына әсер ететін мотивация мен марапаттау механизмдерін ұтымды пайдаланады. Ойын мақсатқа жетуге және өнімділікті арттыруға ынталандырады. Зерттеулерге сүйенсек, ойын өнімділікті 50 пайызға, ал ынтаны 60 пайызға арттырады. Геймификация құралдарына бағындыратын деңгейлер, сыйақылар, рейтингтер және т.б. секілді әдістер жатады.

"GameDev саласында "метагейм" деген түсінік бар. Ол тұрақты түрде адамның назарына ие болу деген сөз. Адам ойын ойнамаса да, күнделікті сол туралы ойлап жүруін "метагейм" дейміз. Оған қалай қол жеткіземіз? Ойын элементтері арқылы. Әр кезеңде жеңіске жеткен сайын ұпай, coin береді, сол балды пайдаланып ойындағы кейіпкеріне құрал-сайман т.б. нәрсе сатып алу мүмкіндігі бар. Оның бәрі қолданушы үшін қосымша бонустар. Ойыннан тыс уақытта "сауыт-сайман сатып алу үшін қанша ұпай жинау керек, тағы қандай құрал керек" деген оймен жүреді", – деді Сәкен Сыдықов.   


Оқи отырыңыз: Баланың смартфонына "Ата-ана бақылауын" қалай қосуға болады? Шағын нұсқаулық


Ойын форматының негізгі мақсаты – адамның ішкі мотивациясын тудыру. Былай қарасаңыз, ойындардан еш пайда жоқ тәрізді, тек уақытты жейді. Алайда, әлеуметтік байланыс, біліктілік және еркіндік деген мотивациялар арқылы адам өз еркімен ойын ойнайды.

IT-маманы Сәкен Сыдықов / Фото: жеке мұрағатынан

  "Ойындар адамның назарын үнемі өзінде ұстап отырады. Жалпы қолданушының ойынды тастап кетпеуіне 3 түрлі мотивация бар. Алғашқысы – әлеуметтену. Ойын арқылы виртуалды әлемде басқа адамдармен қарым-қатынас құрады, көшбасшы болуға тырысады. Екіншісі – прогресс. Мәселен, сіз бокске бардыңыз делік. Бірінші күні қолғапты да дұрыс кие алмайтын едіңіз, бір айдан кейін спарингке шығатын болдыңыз. Бір ай ішінде сіздің икеміңіз, қабілетіңіз өзгергенін сездіңіз. Ойын дәл осындай мотивация береді. Бірінші аптадағы деңгейіңіз бен бір айдағы деңгейіңізге қарап, "мен дамып жатырмын, жаңа нәрсе үйрендім" деген сезім пайда болады. Үшіншісі – таңдау еркіндігі. Бұл ойынды мен таңдадым, ешкім тықпалаған жоқ, өз қалауым бойынша келдім деген ойдың өзі адамдарға тәуелсіздік сезімін сыйлайды", – деп түсіндірді IT-маманы. 

Геймификация білім алуды жеңілдетеді

Геймификация бүгінде жаһандық білім саласындағы үрдіске айналып келеді. Білім алу процесін жеңілдету үшін edtech платформалар геймификацияны енгізіп жатыр. Қазақстандық білім компанияларының бірі – біздің онлайн платформа ойын технологиясын енгізді. Платформа есепті соңына дейін шығарған оқушыға кэшбек төлейді. Бұл әдіс баланың есепті соңына дейін шығаруға, ақша табуға мотивациясын оятады.

"Математика көпшілік балалар үшін сүйікті пән емес екені түсінікті. Ата-аналар "математиканы оқы" деп қинап, мәжбүрлеген сайын олар алыстай түседі. Оны ойын түрінде үйреткен тиімді. Мысалы, есеп шығарасың, сол үшін ақша аласың. Балаға көркем әрі қызықты форматта беріп, ол өз таңдауы, өз қалауымен келді деген сезім сыйлайды. Осылайша ойын арқылы ең қиын пән – математиканы балаға жеңіл түсіндіріп, оның есепке деген құлшынысын оятуға тырысамыз. Мәселен, Qalan компаниясы геймификацияны енгізіп жатыр. Қазір жан-жақты зерттеп, балаға қызық болатын ойын форматын қосуда. Жылдың соңына дейін балалар ойнап жүріп, математика оқи алады", – деді Сәкен Сыдықов.  


Оқи отырыңыз: "Ең жақын адам". Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?


Геймификация математика пәнінің өмірде практикалық жағынан пайдалы болуын үйретеді. Мысалы, бала ой-өрісін дамытып, мәселені есеп секілді шешуге үйренеді.

"Басты мақсат – баланың ішкі мотивациясын тудыру. Ата-ананың қыстауынсыз, өз қызығушылығымен есеп шығарғаны әлдеқайда нәтижелі болады", – деп қосты маман.

Ойын тәсілдері бұрын пайда болғанымен, соңғы жылдары кеңінен танымал бола бастады. Өйткені бұрынғы мотивациялық жүйелер жұмыс істемейтін болды. Ойын технологиялары қызығушылықты ұстап тұрудың тиімді құралы ретінде өзекті болып тұр. 

"Бала ойын арқылы дамиды, әлемді ойын арқылы таниды. Ойын әрдайым өмірімізде болған. Мәселен, шахмат – бес мың жылдық тарихы бар ең көне ойын. Қазақ халқының тоғызқұмалақ, асық ату тәрізді ойындары бар. Әрқайсысы баланың интеллектуалдық, рухани дамуына әсер етеді. Қазіргі адамдар, "миллениал" буынынан бастап, "зумерлер" мен "альфа ұрпақ" бала кезінен бейне ойындарға үйреніп қалған. Әлеуметтік желілер, түрлі форматтағы контент көбейген сайын ұзақ уақытқа зейінді шоғырландыру қиындап барады. Бірақ білім беру саласында бұл мәселені ойын форматы арқылы шешуге болады, сондықтан сұранысқа ие болып жатыр", – деп түсіндірді Сәкен Сыдықов.          

Ойындар мұғалімге көмекші құрал бола алады

Геймификация – мұғалімнің де жұмыс процесін жеңілдететін құрал. Ойын арқылы балаға материалды жеңіл түсіндіруге болады, білімге деген құштарлығын, ынтасын арттырады. Мұғалімнің уақытын үнемдеп, әр баламен жеке жұмыс істеуге көмектеседі. Жауапкершілік  балаға беріледі, баланы өз бетінше жұмыс істеуге ынталандыру, сол арқылы білімге құштарлығын арттыруға болады. Егер ойындар арқылы баланың өз махаббатын оята алса, мұғалім тек бағыт-бағдар мен оқу керек дереккөздерді ғана береді. Бала жауапкершілік алып, өзі ізденіп оқиды. 


Оқи отырыңыз: Неге оқушылар 5-сыныптан соң математикадан нашарлап кетеді? Есеп тренажерінің авторымен сұхбат


"Геймификацияның болашағы жарқын екеніне сенемін. Қазіргі буын – тик-ток, youtube және инстаграмның буыны. Біз қаласақ та, қаламасақ та онлайн өмірге еніп кеткен. Оларға жаңа білімді ескі әдіспен ұсына алмаймыз, заманға сай жаңа құралдарды пайдалану керек. Қазір кез келген бизнес, банктер, зауыттар  геймификацияны қолданады. Өмірімізге геймификация әбден енген. Одан қаша алмаймыз, керісінше өз игілігіміз үшін пайдалану керек", – деп қорытындылады Сәкен Сыдықов.