Қазір отбасымен Қытай елінде тұрып жатқан бес жасар Аиша төрт тілде еркін сөйлейді. Ол – қазақ, ағылшын, қытай және орыс тілдері. Алғаш шет тілін, яғни ағылшын тілін 8 айлығында меңгеріп бастап, оны екінші ана тілі есебінде жақсы көреді. Енді араб тілін меңгерсем деген қалауы бар. Осы орайда Аишаның анасы Мадина Хасанова полиглот балақайдың тілдер әлеміне саяхаты қалай басталғанын, бұл процесті қалай жеңілдетуге болатынын және балалар ғана емес, олардың да ата-анасы полиглот бола алатыны туралы әңгімеледі. Өзіне шет тілін меңгеруге кішкене қызының көмегі мол болғанын жасырмайды. 

– Бес жасар қызыңыздың төрт тілде еркін сөйлейтінін білемін. Балаға шет тілін үйретуді неден бастадыңыздар?

– Қызым дүниеге келгенде оған бірден төрт тіл үйретеміз деген мақсат болған жоқ. Дегенмен, күнделікті өмірде бірнеше тілді қолданып жүрміз. Алдымен, қызым сегіз айлық болғанда мен оған ағылшын тілін үйретіп бастадым. Күн сайын осыған 20-30 минут бөліп, қалған уақытта біз қазақ тілінде сөйлестік. Сол уақытта менің ағылшыным екі сөздің басын қоса алмайтындай нашар болды, аса жақсы сөйлей алмайтынмын. Осылаиша ағылшын тілін қызыммен бірге үйрендім деп айтсам да болады. Күнделікті 20-30 минуттай "беті-қолымызды жуамыз, тісімізді жуамыз, төсек жинаймыз" секілді жиі қолданатын сөздерді ағылшынша күнде айтып, автоматизмге жеткіздік. 

Кейін басқа да күнделікті іс-әрекеттерге қатысты сөздерді үйретуге кірістім: таңғы ас, серуендеу, балалар алаңына бару. Күнделікті Аишамен практика жасау арқылы біртіндеп өзімнің деңгейімді жақсарттым. Біріншіден, мен ағылшын тілінде сенімдірек сөйлей бастадым. Екіншіден, ағылшын тілі Аишаның екінші ана тіліне айналды. Ол 11 айлық болған кезде алғашқы кері байланыс берді. Сол кезде ол ағылшын тілін түсіне бастады. Бір жарым жасқа толғанда қарапайым сөздерді айтты, екі жасқа толғанда тілі екі тілде шықты. Үйде біз тек қазақ және ағылшын тілдерінде сөйлейтінбіз. Ағылшын тіліне ары кетсе бір-екі сағат қана бөлдік. Орыс және қытай тілдері кейінірек қосылды. Аишаның төрт жасына дейін біз Қазақстанда тұрдық және орыс тілі ортадан келді. Мысалы, Қазақстанның Алматы, Астана секілді қалаларында орысша сөйлейтін азаматтарды дәмхана, супермаркеттерде жиі кездестіруге болады. Жолдасымның жұмысы қытаймен байланысты болғандықтан, жиі телефон арқылы қытай тілінде сөйлесетін. Менің де онлайн оқуым қытай тілінде болды. Аиша қасымды отырып қытай тіліндегі дәрістерді бірге тыңдайтын. 

Фото: Мадина Хасанованың жеке мұрағатынан

– Әлеуметтік желіден шетелдегі қандастарымыздың баласына белсенді түрде қазақ тілін үйреткісі келетінін көреміз. Бірақ "отыр", "water" секілді дыбысталуы аздап ұқсайтын сөздер себебінен мұның қиын екенін жасырмайды. Осы тұста бала қай тілде сөйлеп жатқанын ажырату үшін не істеу керек?

– Қазақ отбасылар үшін баласына қазақ тілін үйрету үлкен маңызға ие. Дегенмен кейбір сөздермен дыбысталуының ұқсастығы тілді меңгеруде қиындықтар туғызуы мүмкін. Балаға екі тілді ажырата білуге көмектесу үшін келесі кеңестерді ұсынамын:

  • Бірінші – тілдерді анық ажырату. Балаңызбен ағылшын тілінде сөйлесетін болсаңыз, "Lets Speak English" деп бастайсыз. Содан кейін балаңызбен тек ағылшын тілінде сөйлесесіз. Тілдерді араластырмаймыз, басқа тілдерге де қатысты дәл солай. "Қазір біз қазақша сөйлесеміз", "давай говорить по-русски" деген сияқты. Осылаиша бала тілдерді ажырата білетін болады.
  • Екінші – қазақ тілді қолдану аясын күшейту, қазақ тілінде сөйлейтін ортамен қамтамасыз ету. Мұны қазақ тілінде кітаптар оқу, мультфильмдер көру немесе қазақша әндер тыңдау арқылы жасауға болады.
  • Үшінші – тілді ойынға айналдыру. Кішкене балалар грамматикаға қызықпайды және олардың назарын бір арнаға бұрып тұру қиын. Ол үшін процесті ойынға айналдырамыз. Сол кезде балаларға өте қызық болады. Рөлдік, саусақ ойындар болсын, пазлдар болсын, барлығын ағылшын немесе қытай тілінде өткізуге болады.
  • Төртіншіден, тілдерді бір-бірімен араластырмаймыз. Бір сөйлемде екі тілдің сөзі болмауы керек. Балаға сөйлемдерді тек бір тілде айтып үйретуіміз керек. Мысалы, "отыр" сөзін қолданатын болсақ, сөйлемдегі қалған сөздер де қазақ тілінде болуы керек. Балаға екі тілді жоғары деңгейде үйрету шыдамдылықты талап етеді.
  • Бесінші – тіл үйрету кезінде жүйелілікті сақтау. 

Оқи отырыңыз: Бізге бала күтуші даярлайтын институт керек пе? Пікірлер топтамасы


– Қыздарыңызға қай тілді үйретуге көбірек уақыт жұмсадыңыздар? Әр тілге күнделікті қанша уақыт бөлдіңіздер?

– Әр тілді үйрету уақытын жоспарлау маңызды болды. Біз, мысалы, дүйсенбі мен сәрсенбіні қазақ тіліне, сейсенбі мен бейсенбіні орыс тіліне, жұма мен сенбіні ағылшын тіліне арнадық. Осылаиша әр тілге нақты күндер бөлдік және әр тілге кемінде 20-30 минут бөлуге тырыстық. Мысалы, таңғы уақытта бір тілде, кешкі уақытта басқа тілде әңгімелестік. Бұл әдіс тілдерді бөлек меңгеруге және әр тілге қатысты жоспар мен жаттығулар жасауға көмектесті. Екіншісі – тілдік ортаны құру. Мысалы, ағылшын тілін қызым Қазақстанда отырып жақсы меңгеріп алды. Ол үшін біз тілдік ортаны үйде қалыптастырдық. Кітаптар, әндер, ойындар және мультфильмдер арқылы. Соңғысына көбірек тоқталғым келіп тұр, мультфильмдерді дұрыс таңдау қажет. Себебі, қазіргі таңда кейбір мультфильмдер балалар үшін зиян. Сондай-ақ, мультфильмді бала күнде емес, аптасына бір-екі рет, ары кетсе бір сағат көруі керек. Ал күнде көре беретін болса, ол баланың жүйке жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін. Үшінші – әр отбасында тілдерді үйрету әдісі әртүрлі болуы мүмкін. Бастысы – жүйелілік және әр тілдің дамуына көңіл бөлу. Біздің жағдайымызда әр тілге күнделікті 20-30 минут арнау жеткілікті болды. 

Фото: Мадина Хасанованың жеке мұрағатынан

– Синхрон аудармаға қанша жастан бастап көшуге болады? Қай кезде сөзден сөйлемге көшуге болады?

– Синхрон аударма мен сөзден сөйлемге көшу мәселесі баланың тілдік дамуына байланысты. Сондықтан нақты бір жас белгілеу өте қиын. Дегенмен жалпылама ұсыныстарым бар. Сөзден сөйлемге көшу балада әдетте 18 айдан басталады. Ол кезде екі-үш сөзден тұратын сөйлемдерді құрай бастаймыз. Мысалы, "мен алма жеймін" деген сияқты. Бала сөзден толық сөйлемдерге көшуі үшін жеткілікті сөздік қор жинақтау қажет. Ал синхрон аудармаға 3-5 жас арлығында көшуге болады. Бұл уақытта балалардың есте сақтау қабілеті жақсарады және бір уақытта екі тілдегі ақпаратты өңдеуге қабілетті болады. Бұл жас шамасында балалар бір тілдегі сөйлемді екінші тілге аудара алады. Бірақ бұл бастапқыда қарапайым сөз тіркестерінен тұруы керек. Сондай-ақ балаға тілді үйреткен кезде жаттығуларды ойынға айналдыруды ұмытпаймыз. Сөздерді сөйлемдерге аудару жаттығуларын ойын арқылы жүргізуге болады. Мысалы, мен Аишадан бір сөйлемді қазақ тіліне немесе ағылшын тіліне аударып беруді сұраймын. Қызым мұның барлығын ойын ретінде қабылдайды. Әр бала ерекше болғандықтан, олардың шет тілін меңгеріп алу мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Балаға қосымша уақыт бөліп қолдау көрсету және оның тілдік дамуын қадағалау өте маңызды. Алғашқыда қысқа және қарапайым сөйлемдермен жұмыс істеп, балаға синхрон аударманы үйрету керек. Уақыт өте келе сөйлемдерді ұзартып, күрделендіре түсуге болады. 

– Неліктен шет тілін балаға 4-5 жасқа дейін үйреткен ұтымды?

– 4-5 жастағы балаларда "шет тілі" деген сияқты ұғым болмайды. Олар кез келген тілді тез меңгеріп ала алады. Бұл жастағы балалардың миы өте икемді болып келеді және есту қабілеттері өте сезімтал. Олар шет тілінің дыбыстарын дәл қабылдап, барынша акцентсіз сөйлеуді үйренеді. Ойын, мультфильмдер арқылы тілді меңгеріп, оны күнделікті қарым-қатынаста қолдана бастайды. 


Оқи отырыңыз: "Қазақша қуыршақтарға шетелден тапсырыс беретіндер көп". Қолөнер шеберімен сұхбат


– Зерттеулер екінші тілді үйренген соң, үшіншісін үйренудің тіпті оңай екенін көрсетеді. Бұл рас па?

– Иә, расымен де бір тілді меңгерген соң келесісін үйрену оңай. Бұл бірнеше факторға байланысты. Мысалы, екінші тілді меңгерген адамда өз қабілеттеріне деген сенімділік пайда болады. Бұл өз кезегінде үшінші тілді үйренуге деген мотивацияны арттырады. Екіншіден, тілдік түйсік пайда болады және ол жақсы дамиды. Тілдік дағдылар дамиды, жаңа құрылымдық грамматиканы түсініп бастайды, тілдік ережелер мен сөздерді жылдам меңгереді. 

Фото: Мадина Хасанованың жеке мұрағатынан

– Тіл үйрену тақырыбына қатысты қандай мифтер бар? Мысалы, полиглот Стив Кауфман шет тілін үйрену үшін сол тілде еркін сөйлейтін ортада тұру маңызды емес екенін айтады. 

– Мифтер өте көп. Мысалы, тілді үйрену үшін сол тілде сөйлейтін ортада тұру керек. Стив Кауфман айтқандай, бұл – миф. Себебі қазір интернет қатты дамып, әлемнің кез келген түкпірінде сол тілде сөйлейтін адаммен қарым-қатынас жасай аласыз. Сонымен қатар, кітаптар оқу, фильмдер көру, онлайн курстар арқылы да тілді меңгеру деңгейін жақсылап көтеруге болады. Екіншісі – ересектерге қарағанда балалар тілді оңайырақ үйренеді. Бұл жартылай миф. Балалар табиғи, интуитивті түрде үйренгенімен ересектерде де жаңа ақпаратты түсіну және қабылдау деңгейі жоғары болады. Сондықтан ересектер де тілді тиімді меңгере алады. Үшіншісі – акцентті жою мүмкін емес. Акцентті толық жою қиын болуы мүмкін, бірақ бұл тіл үйрену жолында басты кедергі емес. Ол үшін күнделікті практика қажет, осының арқасында акцентті жоюға болады. Төртінші миф – бір тілді толық үйреніп алмайынша, келесісін толық меңгеру мүмкін емес. Себебі бір уақытта бірнеше тілді үйренуге болады және ол аса пайдалы. Бұл мидың жұмыс істеу қабілетін жақсартады және әртүрлі тілдер арасындағы байланыстарды түсінуге көмектеседі. Мифтер өте көп, оларға қарамай тілдерді жақсы меңгеруге болады. Ол үшін күнделікті тілге уақыт бөлу қажет. 

– Тіл үйренуді жеңілдететін қандай әдіс-тәсілдер бар? Полиглот болғысы келетіндерге қандай кеңес бересіз?

– Біз күнделікті практиканың арқасында ғана деңгейімізді жақсарттық, яғни күнделікті сөйлеу арқылы. Егер біз сөйлемесек, ешқандай өзгеріс болмайды. Көп адам грамматикаға көп уақыт бөледі, көп кітап оқиды, ағылшынша түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Себебі сөйлеу процесі аз. Екіншіден, кез келген бір тақырыптағы мәтінді жаттап алып, кейін камера алдында айтасыз. Осының арқасында айтылымды жақсартып, қандай қате болуы мүмкін екенін көре аласыз. Үшіншіден, біз қытай тілін оқыған кезде бізде арнайы карточкалар болды. Солар арқылы сөздерді тез жаттап алуға болады, ол көзбен есте сақтауға көмектеседі. Аишада арнайы кітаппен бірге интерактив қалам болды. Осы бір заттың балаларға пайдасы мол: қаламды кітаптағы сөздерге тигізіп айтылымды, естілімді жақсартуға болады және бала сол сөйлемдерді қайталайды. Мұнымен қатар, мен мультфильмдерді Аишамен бірге көрдім. Бірге көру арқылы мультфильмдегі сөйлемдерді күнделікті өмірде қайталайтынбыз. Мультфильмдердегі сөз тіркестері, фразеологизмдер, күрделі етістіктерді осылай жаттап алатынбыз. 

Біріншіден, сізде анық мақсат болуы керек. Яғни не үшін полиглот болғыңыз келеді? Менің жағдайымда ағылшын және қытай тілін үйреніп алып, оны қызыма да үйреткім келді. Қызым болашақта қиналмауы үшін оларды алдымен өзім меңгеріп алдым. Екіншіден, қытай және ағылшын тілі көптеген мүмкіндікке жол ашады. Үшіншіден, болашақта қызым уақыт жоғалтпауы үшін кішкентайынан үйреттім. Төртіншіден, тілді үйрену кезінде бірнеше әдіс-тәсілді қолдану қажет. Оның үстіне бірнеше тілді қатар үйренген кезде уақыт жоғалтпайсыз және бұл өте пайдалы. Тіл үйрену бірнеше аптадан бастап бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін, сол себепті сабырлық қажет. 

– Шет тілін үйренудегі басты қателіктер қандай?

–  Біріншіден, қателіктерден қорқу. Көп адам қате жібергісі келмейді және сол себепті мүлдем шет тілінде сөйлемеуі мүмкін. Қате жіберген сайын грамматиканы жаттап алып, келесіде қателеспейтін боламыз. Екіншіден, тек грамматиканы жаттап алу. Ол маңызды, бірақ жеткілікті практика болмаса, ол грамматиканың қажеті жоқ. Көп адам грамматика білмесе де, қате сөйлесе де, оларды "носительдер" жақсы түсінеді. Үшіншіден, үйрену процесін қызықсыз өткізу және ойындар, фильмдер секілді қызықты материалдарды қолданбау. Қазір көптеген кітаптар мен әдістемелер бар. Солар арқылы процесті жеңілдетуге болады. Төртіншіден, жеткілікті уақыт бөлмеу. Мысалы, аптасына бір рет немесе айына бір рет тіл үйрену. Бұл сапалы нәтиже бермейді. Күн сайын практика қажет, сол арқылы ғана прогреске қол жеткізуге болады. 

– Кейбір адамдар 10 жылдап тіл үйренсе де, сөйлей алмайды. Бұл немен байланысты?

– Америкада он жылдап тұрса да, ағылшын тілінде сөйлемейтін адамдар өте көп. Біз қазір Қытайда тұрамыз. Осы жақта ұзақ жыл тұрса да, қытайша сөйлемейтін адамдарды танимын. Біріншіден, бұл белсенді тәжірибенің, диалогтардың болмауымен байланысты. Осы тұста қате жіберуден қорқатындар өте көп. Тек грамматика үйренетіндер бар. Бұған дейін айтқанымдай тек бастапқыда қателік жіберу арқылы ғана жақсы прогреске қол жеткізуге болады. 

– Қазақстанда Fulbright шәкіртақысын жеңіп алу үшін алты айда ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген зейнеткер әйелді білемін. Осы орайда тіл үйренуде қажеттілік маңызды деуге бола ма?

– Қажеттілік иә, тіл үйренудегі маңызды фактор. Зейнеткер әйелдің оқиғасы бұған өте жақсы дәлел. Неге қажеттілік маңызды? Біріншіден, адам белгілі бір мақсатқа жету үшін тілді үйренуге мәжбүр болған кезде ол өзіне сенімділігі артып, оқу процесіне белсенді түрде қатысады. Екіншіден, бұл тілге деген көзқарасты өзгертеді. Тіл оқу объектісі ретінде емес, өмірде қажет құрал ретінде қабылдана бастайды, адам практикаға көбірек көңіл бөледі. 

– Сіздерді полиглот отбасы деп айтуға болатын шығар. Алда қандай тілдерді үйрену жоспарларыңызда бар?

– Екі тіл білетін адамды біз "билингва", үш тілді білетін адамды біз "трилингва" деп айтамыз. Қазақстанда билингтер мен трилингтер өте көп. Ал төрт немесе одан да көп тіл білетіндерді біз "полиглот" деп айтамыз. Күнделікті өмірде біз осы төрт тілді қолданып жүрміз. Біріншіден, біз Қытайда тұрамыз, мұнда қытай тілін білмесең, өте қиын. Ал ағылшын тілі әлемдік тіл, ол көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Алдағы уақытта осы төрт тілді жақсылап меңгеріп алсақ деймін. Себебі бұл процесс әлі жалғасып жатыр және ол процесс аяқталған жоқ. Қазір қызым бес жаста, оның үйренетіні әлі көп. Қазірден бастап ол араб тіліне қызығушылық танытып, сүрелер жаттап жүр. Егер қызым өзі қаласа, болашақта араб тілін үйретуді жоспарлап жүрміз. 


Оқи отырыңыз: "Ең жақын адам". Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?


– Алда балаға көп тіл үйрету тақырыбында әдістемелік құрал немесе кітап жазу ойыңызда бар ма?

– Иә, әрине. Қазір мен кітап емес, ағылшын тілін балалармен бірге үйренгісі келетін ата-аналарға арналған нұсқаулық дайындадым. Сол нұсқаулық ішінде тілді баламен қалай оңай және дұрыс үйрену жолдары жазылған. Мысалы, оның ішінде саусақ ойындары бар, ағылшын тіліндегі кітаптар, көрсетуге болатын пайдалы мультфильмдер туралы ақпарат бар. Осы нұсқаулық бойынша практика уақытын күнделікті 20 минуттан бастап бірнеше сағатқа дейін ұзартуға болады. Бұл баланың қызығушылығымен байланысты.