Бүгін – халықаралық балаларды қорғау күні. Барлық адам бала болды. Барлық адамның бала арманы болды. Ал министр, депутат не спортшы, баспагер бала күнінде кім болуды армандаған екен? Армандарына жетті ме? Информбюро порталы өздерінен сұрап білді. 

"Арманымның көбіне қолым жетті"

Асхат Аймағамбетов, парламент мәжілісінің депутаты

– Бала кезімде түрлі асқақ армандарым болды. Бүгінде осы армандарымның көбісіне қол жеткіздім деп айта аламын. Дей тұрғанмен әлі де еңбектеніп жатырмын. 

Loading...

Балаларға арманға жету үшін 5 кеңес:

  1. Білім мен табандылық – арманға қол жеткізудің негізгі кілті. Көп оқып, өз білімдеріңізді әрдайым жетілдіріңіздер.
  2. Еңбек – еңбекқорлықтың нәтижесінде ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады.
  3. Өз-өзіне сенімділік. "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап", – деп Абай атамыз айтқандай, өзіңізге сеніңіздер және қателік жіберуден қорықпаңыздар.
  4. Армандарыңызға құштар болыңыздар және оған жету жолында ешқашан берілмеңіздер.
  5. Мінез бен тәртіп – кез келген істің басты шарты. Өзіңізді тәрбиелеп, мақсатқа жету үшін жүйелі түрде жұмыс істеу керек.

Қымбатты балалар! Армандаңыздар және сол арманға жету үшін көп оқып, еңбектеніңіздер. Мақсаттарыңызға жетіп, еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болыңыздар. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс және бақыт тілеймін. Қазақстанды жарқын болашаққа жетелеу жолында сіздерге сенемін!

"Әкем секілді инженер болғым келді"

Нұржан Нұржігітов, су ресурстары және ирригация министрі

– Менің балалық арманым әкем секілді инженер болу еді. Бесінші сыныптан әкеме көмектесіп жүріп, осы саланың негіздерін меңгере бастадым. Бала күнгі қызығушылығым "Ауыл шаруашылығын механикаландыру" мамандығы бойынша Ленинград ауылшаруашылық институтына оқуға түсуіме себеп болды. Оқуымды сәтті аяқтағаннан кейін инженер-механик болып жұмыс істедім. Сондықтан да менің бала күнгі арманым орындалды деп айтуға болады.

Loading...

Құрметті балалар! Армандарыңыз асқақ болсын! Болашаққа үлкен мақсат қойып, қол жеткізуге тырысыңыздар. Зор ынта-жігермен білім алуға құштар болыңыздар, себебі, еңбек пен білім жарқын болашаққа жол ашады. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!

"Балабақша тәрбиешісі болуды армандадым"

Раиса Қадыр, Steppe & World баспа үйінің басшысы

– Кішкентай кезімде балабақша тәрбиешісі болуды армандадым. Балаға білім мен тәрбие беруді қатты ұнатушы едім. Арманым орындалып жатыр, өйткені ана ретінде балаларымды тәрбиелеп жатырмын. Ал баспагер ретінде кітап арқылы балаларға білім мен тәрбиені жеткізіп жатырмын деп ойлаймын. 

Loading...

Кеңес Одағы тұсында әрбір ата-ананың қорқынышы, шектеулері болды. Біз де солай өстік. Ал қазіргі заман балалары бөлек әрі бақытты, өйткені олардың мүмкіндіктері шексіз. Сондықтан балалар материалды дүниені емес, еркіндікті армандауы керек. Еркін, өз-өзіне сенімді болуды, мықты маман болып шығуды, бәрінен де көп кітап оқи алатындай білімді болуды армандауы керек. Балалар арманға жетуге бар мүмкіндігі бар екенін түсінуі керек. Алдынан қанша кедергі шықса да, айналасы сенбесе де, ең алдымен өзіне сеніп үйренуі қажет. Өзіне сенгенде барлық арманы орындалады.

Балаларға бірінші өзіне сенуді тілеймін. Баланың денесі де, санасы да тез өседі. Бойындағы өзгерістен қорықпай, өз-өзіне, ойларына, сеніміне адал, жаңа білімге ашық болса, қиындыққа тап болғанда әрбір шешімді сабырмен тауып, қабылдаса, білімге ұмтылса ол баланың болашағы зор болады. Сондықтан қазір жасап жатқан ісімді Қазақстанның жарқын болашағына тигізіп жатқан бір жақсы үлесім деп ойлаймын. Аударған кітаптарға, оны оқып жатқан балаларға қарап ертеңіміз жақсы болады дегенге сенемін. 

Балалар табиғатқа жақын болып өссе екен деймін. Ата-анасымен не достарымен бірге тауға шығып, саябақта серуендесе, экология мәселесіне көбірек көңіл бөлсе деген тілегім бар. Себебі, алдағы он жылда бұл ең үлкен мәселе болмақ.

"Құдай қайта өмір берсе де, ештеңе өзгертпес едім"

Асхат Жіткеев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері

– Менің өмірім қызығы мен шыжығы мол, өте ерекше оқиғаларға толы болды. Кішкентай кезімде бала қиялға ерік беріп, көп мамандық иесі болуды армандадым. Бірақ спортпен шұғылданып жүргенде әлем, Олимпиада чемпионы болғым келгені есімде қалыпты.  Мектеп-интернатына оқуға түскен сәттен спортшының жолы ауыр болатынын, кез келген нәрсенің оңайлықпен келмейтінін түсіндім. Сол кезден мақсатымды айқындап, ұлы спортшы болсам дедім. Армандарымның көбісі орындалды. Өмірге ренішімді білдіріп, өкпелемеймін. Егер уақытты артқа айналдырса, ештеңені өзгертпестен осы ғұмырымды қайтадан кешуге бармын.

Loading...

Бала кезімізде аулада ойнап жүрген көрші балалармен дзюдо үйірмесі ашылды дегенді естідік. Сөйттік те, бәріміз жиналып жаттығу залына келдік. Жаттықтырушымыз әскерде қызметін атқарып, оқуын аяқтап Балқаштан келген екен. Әрине, басында дзюдоның қандай спорт екенін, не істеп жүргенімізді түсінбедік. Кейін уақыт өте келе, жаттығу жасап жүрген кезде дзюдо өзіне баурап, ұнай бастады. Ол кезде менде дзюдоги, яғни спорт формасы болған жоқ. Қанық көк түсті мектеп формасының жейдесінің түймесін сөгіп үстіме киетінмін де, белбеу орнына анамның ормалын беліме байлап алатынмын. Сөйтіп дзюдо әлеміне қадам бастым. 

Балаларға айтарым, армандаңыздар. Армандарыңызға адал болыңыздар. Еңбек пен күш-жігердің арқасында барлығына жетесіздер!