Жаркентте 28 жастағы әйел кішкентай баласын жылу батареясына байлап қойып, ұрған. Бұл жантүршігерлік оқиғаның видеосы жуырда әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбаға байланысты Жетісу облысы Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел тексеру жүргізіп, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Ал балалар оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары балалардың анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастырып жатыр. 

Соңғы уақытта балаларды ұрып-соғу, қорлау фактілері бар бейнежазбалар желіде жиі жарияланып жүр. Ата-ана өз баласына неге қол көтереді? Қатыгездіктің түп-төркіні неде? Зорлық-зомбылық көріп өскен баланың болашағы қандай болады? Мұндай жағдай олардың психикасы мен өміріне қалай әсер етеді? Осы сұрақтарға психолог мамандар жауап берді. 

Ата-ана өз баласына неге қол көтереді? Қатыгездіктің түп-төркіні неде?

Психолог Гүлжан Амангелдиева зорлық-зомбылықты жеке адамның немесе бір сәттік оқиғаның мәселесі деп қарастыру қате екенін айтады. Оның сөзінше, бұл – ұрпақаралық психологиялық жараның көрінісі. Ол көп жағдайда аналар баласын әдейі ренжітуді мақсат етпейтінін, керісінше өз ішіндегі өңделмеген қорқыныш, дәрменсіздік пен ашуды көтере алмай қалатынын атап өтеді.

Маман 90-2000 жылдары елімізде болған әлеуметтік күйзеліс пен эмоцияны емес, аман қалуды алға қойған тәрбиенің әсерінен бір буынның өз сезімдерін тану қабілеті әлсірегенін айтады. "Шыда", "ұят болады", "үндемей күте тұр", "түсіну керек"  сияқты мәдени тыйымдар ашу, ыза, өкпе, реніш пен қуанышты реттеу дағдыларының қалыптаспауына әкелген.

"Әйел ана атанған кезде жылдар бойы басылған сезімдер қайта оянады, өйткені өзінің бала кезіңдегі ішкі жаралы сезімдері қайта қозғалады. Бала ананың ішіндегі жаралы баласын оятып, ішкі конфликтілерін қайта өмірге әкеледі. Көп ата-ана психологиялық кітаптарды оқығанмен, ол кейде жеткіліксіз болады. Бізге эмоцияларды реттеуге көмектесетін ересек адам, тірек керек. Тірек тек ақша табу емес, ең алдымен эмоциялық қолдау болуы керек. Сондықтан мәселе тек "жаман ана", "қатігез ана" деп атауда емес, бұл ана неге осындай жағдайға жетті деген сұрақта. Ол қолдаусыз қалған, ашуын қалай дұрыс өңдеу керегін ешкім үйретпеген болуы мүмкін. Психоанализде "контейнер" деген ұғым бар: ашу, ыза сияқты сезімдерді белгілі бір формаға салып, түсіндіріп, олармен қалай өмір сүруге, қалай басқаша көрсетуге болатынын үйрету. Бұл қабілеттер психикада қалыптаспаған кезде зорлық пайда болады", – дейді маман.

Сондықтан Гүлжан Амангелдиева баланы қорғау тек жазалау арқылы емес, ананың психикалық күйімен жүйелі түрде жұмыс істеу, ерте психологиялық қолдау көрсету және ұрпақаралық травманы үзу арқылы ғана мүмкін екенін айтады. Әйтпесе зорлық бір отбасынан екіншісіне, бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жалғаса беретін құбылыс болып қала береді.

"Бұл ана өз балалық шағында зорлықты немесе немқұрайлықты бастан өткерген болуы мүмкін. Көбіне солай болады. Егер адам зорлық көріп, ішіндегі ашу-ызаны шығара алмаса, түсінбесе, ол саналы түрде емес, кейін өз баласына да сол үлгіні қайталауы мүмкін. Әрине, кейбір ата-аналар өзімен әдейі жұмыс істеп, "мені ұрды, бірақ мен балама қол көтермеймін" деп таңдау жасайды. Әдетте олардың жанында әжесі, көршісі немесе басқа бір ересек адам эмоционалды тірек қызметін атқарған", – дейді маман.

Психологтың айтуынша, ана ересек болса да, ішкі жан дүниесі жаралы күйде қалса, жалғыз өзі бала тәрбиелеуі қиынға соғады. Эмоцияны реттеу қабілеті дамымаған жағдайда, ашу сөзбен емес, әрекет арқылы шығады. Ашудың шынайы себебі басқа адамдарға бағытталуы мүмкін болғанымен, ол көбіне әлсізге бағытталады.

"Мұнда аналық идентификацияның дағдарысы да бар. "Мен жақсы ана болуым керек "деген ішкі қысым бар. "Жақсы ана" мен "жаман ана" арасындағы ішкі конфликтіні көтере алмаған кезде, адам өзін қолдай алмай қалады, сенімінен айырылады. Сол сәтте сөздің орнына іс-әрекет жүреді. Шын мәнінде, ол баланы емес, өз ішіндегі жаралы баланы "ұрып" жатады, бірақ оны өзі де түсінбейді. Көбіне ашу мен өкпенің нақты объектісі – күйеу, ана немесе басқа ересек адам болады. Бірақ оларға қарсы шығуға қорқыныш, ұят, авторитет, тастап кетеді деген үрей кедергі жасайды. Ал әлсізге тиіскенде, "мені тастамайды" деген ішкі иллюзия пайда болады. Сондықтан бұл – үлкен драма", – Гүлжан Амангелдиева.

Бұл жағдайдың шешімі бар ма?

Гүлжан Амангелдиева қазір қоғамда біреулердің ананы айыптап, біреулердің түсінуге тырысатынын, алайда бұл жалғыз жағдай емес екенін айтады. Сол себепті "Қалай жазалаймыз?" дегеннен бұрын "Қандай көмек керек?" деген сұрақтың маңызын атап өтеді. Оның пікірінше, ана өз сезімін танып, өзіне "Мен қазір не сезініп тұрмын?", "Үзіліс жасай аламын ба?", "Серуендеп келейін бе, біреумен сөйлесейін бе?"  деп сұрай алуы керек, ал бұл – психологиялық жұмыстың алғашқы қадамы.

"Екінші маңызды нәрсе – қазақ қоғамындағы әйелдің өзіне демалуға ішкі рұқсат беруі. Біреудің рұқсатын күтпей, "мен шаршадым" деп айта алу, жолдасымен келісіп, уақытша жауапкершілікті бөлісу. Өйткені мәселе тек психологияда емес, денсаулық, гормондар, витаминдер де үлкен рөл атқарады. Адам – био-психо-әлеуметтік тұтас жүйе, сондықтан әлеуметтік өмірді, физикалық жағдайды және психологиялық күйді бірге қарастыру қажет. Бұл идеал ана болу туралы емес. Конфликттер болады, бірақ оларды шешу жолы әрекетпен емес, сөзбен болуы керек. Барлығы өз балалық шағын, ата-анасымен қарым-қатынасын түсінуден басталады. Көп аналар баласымен емес, өз ішіндегі жаралы баламен күресіп жүреді. Осыны ұққан кезде ғана "ашуландым – ұрдым" деген циклды тоқтатуға болады. Менің ойымша, біз мемлекет ретінде психологиялық көмекке жүгінуді қалыпты нәрсе ретінде қабылдауды үйренуіміз керек. Некеге дейін жұптарды терапиядан өткізу, ата-ана болуға психологиялық дайындық енгізу маңызды. Қазір біз көбіне дене дайындығымен немесе тек медициналық есепке тұрумен шектелеміз. Ал жүйелі алдын алу болса, қоғамның ішкі мәдениеті де өзгере бастар еді", – дейді маман. 

Гүлжан Амангелдиева пікірінше, бұл жағдай – бір ананың мәселесі емес, Қазақстандағы үлкен әлеуметтік проблеманың көрінісі. 

"Тек жазалау, аналық құқығынан айыру дұрыс шешім емес. Керісінше, отбасын сақтап қалу үшін ұзақ мерзімді терапия, әлеуметтік қолдау, қарым-қатынасты қалпына келтіру жолдарын қарастыру керек. Баланы анадан айыру – ең ауыр шешім. Ал қарым-қатынасты түзету арқылы мыңдаған баланы өз отбасында қалдыруға болар еді. Бұл бір-екі әңгімемен шешілетін мәселе емес. Өзгеріс – ұзақ процесс. Егер бәрі оңай болса, біз интернеттегі әдемі ойларды оқып-ақ өзгеріп кетер едік. Өкінішке қарай, психикаға терең әрі ұзақ жұмыс қажет", – дейді маман.

Зорлық-зомбылық көріп өскен баланың ертеңі не болады?

Балалар психологы Айзада Жайыққызы видеода көрсетілген ананың әрекеті зорлық-зомбылықтың ең ауыр түрлерінің бірі екенін айтады. 

"Мұндай жағдайда балада қорқыныш қалыптасады, қауіпсіздік, үлкендерге деген сенім жоғалады, өзін кінәлау сезімі пайда болады, яғни іштей "мен жаманмын" деген сенім қалыптасады. Сондай-ақ, айналасына агрессия көрсетіп, тіпті тұйықталуы да мүмкін. Баланың миы мұндай жағдайды ауыр психологиялық жарақат ретінде сақтап қалады. Бұл ересек өмірге де әсерін тигізуі мүмкін", – дейді маман.

Сол себепті психолог жұмысты ананың жай-күйінен бастау керек екенін айтады. 

"Неге ана мұндай әрекетке баруы мүмкін? Көбіне мұндай іс-әрекетке баратын аналар өздері де бала кезінде ұрып-соғу мен қорлауды көрген болуы мүмкін. Бейсанадағы сол модель кейінгі өмірінде қайталанады. Ұйқысыздық, айналасынан қолдаудың болмауы, тұрмыстық қиындықтар ананың ішкі ресурсын тауысады. Нәтижесінде ашу ең әлсіз адам – балаға бағытталады. Анада депрессия, постнаталдық психоз, импульсті бақылау бұзылыстары болуы мүмкін. Бұл жағдайда міндетті түрде маман көмегі қажет", – дейді маман.

Айзада Жайыққызы бұл жағдайда ана ересек адам ретінде өз эмоциясын басқара алмай отырғанын айтып, баланың қорқынышсыз, қауіпсіз ортада өсуі тиіс екенін ескертеді. Психолог мұны бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана мен әрбір ересек адам ескерсе екен дейді, себебі мұндай жағдайлар баланың болашағына үлкен зардап тигізуі мүмкін.