Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтына Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы мәртебесі берілді, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Жоғарғы оқу орнының тарихы 1973 жылдан басталады, Алматы қаласынан Көкшетау қаласына Қазақ КСР ІІМ басқармасының әскерилендірілген өрт күзетінің оқу жасағы көшірілді. Кейін өрт күзетінің кіші және орта басшы құрамын даярлау және қайта даярлау мектебіне, кейін ҚР ІІМ Алматы өрт-техникалық училищесінің Көкшетау филиалына айналды. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің Көкшетау техникалық институты болып қайта аталды.

Оқу орны ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институты болып 2004 жылдың 29 қыркүйегінен бастап аталған.

Институт бүгінгі күнге дейін 5 мыңнан астам маман даярлаған.


Оқи отырыңыз: