Тікелей эфир

Венгрияда қалай тегін оқуға болады? Болашақ ұшқыштың білім алу тәжірибесі

Фото Асқарбай Қызылғұловтың жеке архивінен алынды
Фото Асқарбай Қызылғұловтың жеке архивінен алынды
Stipendium Hungaricum бағдарламасына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр.

Венгрия жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасына қатысуға құжат қабылдау жүріп жатыр. Қазақстан азаматтарына 250 білім гранты бөлінген. Осы орайда Венгриядағы Дебрецен университетінің Азаматтық авиация факультетінде оқитын Асқарбай Қызылғұлов бағдарламаға қатысып, Еуропадағы үздік жоғарғы оқу орнына қалай түскені, ондағы білім берудегі ерекшеліктері жайында айтып берді. 

Мектептерде кәсіби бағдар кеңесші деген маман болуы керек

Асқарбай Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Таушық ауылында туып өскен. Қарапайым қазақ отбасынан шыққан. Әкесі мұнай компаниясында жүргізуші, анасы ауыл мектебінде тәжірибелі математика мұғалімі. 2018 жылы Асқарбай Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдаған. Ол бүгінде Еуропадағы танымал жоғары оқу орны – Дебрецен университетінің 2-курсында оқиды. Болашақ ұшқыш бұл оқу орнына қалай түскені жайында айтып берді. 

"Назарбаев Зияткерлік мектебі осы университетті таңдауыма, байқауға қатысуыма себепкер болды. Бұл мектеп білімге, өмірге деген көзқарасымның түбегейлі өзгеруіне әсер етті. Дебрецен университетінде ұшқыш мамандығын оқытатыны туралы алғаш рет мектептің кәсіптік бағдар беру кеңесшісі Сәуле Алдабергеновадан естідім. Жалпы кәсіби бағдар беру кеңесшісі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ғана бар. Бұл заманауи білім саласында ең керекті әрі ең маңызды мамандардың бірі деп есептеймін", – деді ол.

Сәуле Алдабергенова оқушыларға университеттер мен мамандық таңдау туралы 8-9-сыныптан бастап айтып келген. Соның арқасында Асқарбай Қазақстан мен Венгрия арасында үкіметаралық білім гранттары бар екенін, оны Халықаралық бағдарламалар орталығы арқылы анықтауға болатынын білген. 2018 жылы қарашадан бастап қажет құжаттарды, университет туралы мәліметтерді кәсіби бағдар берушінің көмегімен жинақтай бастаған.

Асқарбай Қызылғұловтың жеке архивінен алынған фото

"Оқуға түсуде көптеген процедурадан өттік. Құжат жинау ең қиын кезең деп ойласаңыз қателесесіз, ұшқыш мамандығына үміткерліктің өзіне 2-3 рет медициналық тексеруден өттім. Талап өте жоғары болды", – деді ол.

Асқарбай оқу грантына қалай ие болды?

Асқарбай білім алып жатқан бағдарлама Stipendium Hungaricum деп аталады. Оның сөзінше, конкурсқа қатысу үшін ұсақ-түйек құжаттардан бөлек GPA көрсеткіші 4.0/5.0 аттестат, 6.0 баллдан кем емес IELTS сертификаты, жетістіктер, дипломдар, медициналық құжаттар қажет. Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір ерекшелігі ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын ақылы IELTS емтиханын түлектерге бір рет тегін тапсыруға мүмкіндік береді. Асқарбай осы мүмкіндікті пайдаланып, IELTS емтиханынан 7.0 балл алған. Мектеп қабырғасында жүргенде қатысқан түрлі халықаралық байқаулардан алған дипломдарын жинап, ағылшын тілінде мотивациялық хат жазған.

"Мотивациялық хатта не үшін осы университетте оқығың келетінін толыққанды жазып көрсету қажет. Бұл тұрғыдан көп еңбектенуге туралы келді. Мұғалімдеріме, кеңесшіге мотивациялық хатты қайта-қайта жазып апардым. Қып-қызыл қылып, шимайымды өзіме талай қайтарды. Бірақ, соңында хатты еркін жазып үйрендім. Ұстаздарыма, мектебіме алғысым шексіз", – деді ол.

Дебрецен университеті – Венгриядағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Көне болса да студенттерге теория мен практиканы ұштастырып білім беретіндігімен танымал. Асқарбай оқу орнында аса қатты өзгешелік жоқ екенін және өзіне университеті қатты ұнайтынын айтты. Ұшқыш мамандығын бар-жоғы 3,5 жыл ғана оқытады.

"Ұшқыш үшін аз уақыт сияқты көрінгенімен, біз бірінші курстың соңында ұша бастадық. Жаттықтырушымыз жанымызда бақылап отырады. Ұшып қана қоймай, теорияны да оқимыз. Зияткерлік мектепте пәндерді ағылшынша оқығанымыздың арқасында теорияда қиын болған жоқ. Сабақтар өте қызықты, өзіме қатты ұнайды. Кішкентай кезімнен жауапкершілік алудың ұнайтыны және инженерлік жобалармен көп айналысу осы бағытқа жеткізді", – деді Асқарбай.

Асқарбай Қызылғұловтың жеке архивінен алынған фото

Асқарбай алғаш рет ұшқанда қандай сезімде болғанын айтып берді:

"Алғашқы ұшу сезімін жеткізу мүмкін емес. Ұшақта барлығымыз отырдық. Алайда оны басқару тіптен басқаша екенін түсіндім. Алдымызда орналасқан ондаған инструменттер маңызды көрсеткіштерді көрсетеді. Басқа жаққа алаңдауға болмайды, себебі ұшақтың ұшу бағыты немесе жылдамдығы қас пен көздің арасында өзгереді. Әзірге "Цесна 172" ұшағында ұшып жүрміз. Бара-бара күрделене түседі.  Қазіргі уақытта барлық процедураларына үйреністік. Алда әлі үйренетініміз көп. Қазір де инструктормен бірге ұшамыз. Дегенмен оқу бағдарламасында "соло", яғни өзіміз басқаратын жаттығулар бар".

Оның сөзінше, Венгрияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер өте көп. Асқарбай бірінші оқу жылында олардың бейімделуге көп көмектескенін айтады.

"Әлі күнге дейін бірге араласып, көмек сұрап тұрамыз. Университетке түстің деген хабар жеткенен кейін мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, болашақ жоғарғы оқу орнымда оқып жатқан отандастарымыздан көп көмек сұрадым. Оқу туралы, шет елдегі өмір жайлы, қандай қиындықтар болуы мүмкін, сонымен қатар академиялық сабақтар жайлы да Венгрияға жетпес бұрын көп ақпарат алдым. Пилот мамандығында оқып жатқан Аделина Луценко ерекше көмектесті. Сондай-ақ, Дариға Смағұловаға да алғысым шексіз", – деді ол.

Оқуды аяқтаған соң әлеуметтік жұмыспен айналысқым келеді

Асқарбай оқуын сәтті тәмамдаған соң Air Astana секілді әуе компаниясында ұшқыш болып еңбек еткісі келеді. Ата-анасының үмітін ақтап, еліне пайдасы тигенін қалайды. Оның сөзінше, Қазақстанда сапалы ұшқыш даярлайтын оқу орындары, инструкторлар өте аз. Соның салдарынан ұшуды армандайтын, бірақ оған қол жеткізу жолдарын білмейтін бала көп. Бұл олқылықты толтыру мақсатында Асқарбай шеберлік сағаттарын, кездесулер өткізіп, әлеуметтік жұмыспен айналысуды көздейді.

"Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектептің миссиясы – зияткерлік әлеуетке ие көшбасшыларды өмір бойы білім алуға дайындау және шабыттандыру. Бұл миссияны оқу орны миымиызға құйып жіберді және мұны дұрыс деп есептеймін. Сол миссия санамызға құйылғаны сонша қазірдің өзінде үнемі ізденіс үстінде жүруге тырысамын. Мектепте оқып жатқан немесе оқу бітіріп жатқан іні-қарындастарыма кеңесім де сол мектеп миссиясындай. Ешқашан білім алуды тоқтатпаңыздар. Үлкен мақсаттар қоя біліңіздер және оларды жүзеге асырудан қорықпаңыз. Ашық болу, білетін мамандардан кеңес сұрау, менторлар табу өте маңызды", – деп сөзін түйіндеді Асқарбай Қызылғұлов.

Венгрияда оқуға құжат тапсыру туралы ақпарат

№.1 Қазақстандықтарға қанша грант бөлінді?

Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы шеңберінде Венгрия тарапы Қазақстан азаматтарына келесі бағдарламалар бойынша 250 білім грантын ұсынады:

  • бакалавриат – 110 орын;
  • магистратура – 90 орын;
  • бакалавриат+магистратура – 30 орын (оқу мерзімі 5-6 жыл);
  • докторантура – 20 орын (барлық бағыттар бойынша)*

№.2 Білім гранты қандай шығындарды өтейді?

  • тегін оқу;
  • бакалавриат және магистратура бағдарламалары үшін ай сайынғы стипендия – HUF 43.700; докторантура – HUF 140.000 (бірінші 4 семестр) және HUF 180.000 (екінші 4 семестр);
  • жатақханада тұру (немесе айына 110 Еуро шамасында жалдамалы пәтердің ақысы);
  • медициналық сақтандыру.

Қалған шығындарды грант иегері өз қаражатынан өтейді.

№3. Қандай құжаттар қажет?

  • стипендиалдық бағдарламаның ағымдағы өтініш насаны;
  • Europass format (link is external) нысаны бойынша түйіндеме;
  • ағылшын немесе венгр тіліндегі мотивациялық хат;
  • шетелге оқуға шығатын Қазақстан Республикасы азаматының қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған сауалнамасы;
  • шетелде оқу үшін мемлекеттік немесе орыс тілінде негіздеме-өтініш (ерікті түрде);
  • жеке куәлік және төлқұжат түпнұсқалары мен көшірмелері (түпнұсқалар үміткерге қайтарылады), түпнұсқалар болмаған жағдайда – тиісті органға жасау үшін тапсырылғанын растайтын құжат;
  • білім алғаны туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түпнұсқасы мен
    көшірмесі;
  • шет тілін білетінін растайтын құжат. Оқу тілі ретінде венгр тілін таңдап, жылдық тіл курсынан өту ұсынылады;
  • қосымшадағы нысан бойынша құжаттарды
    тапсыру сәтіне ағымдағы жылда берілген медициналық анықтама;
  • грамоталар, сертификаттар, дипломдар, алғыс хаттар көшірмелері (бар
    болған жағдайда);
  • ұсыныс хат (бар болған жағдайда);
  • транскрипт және т.б.

№4. Үміткерлерге қосымша қандай талаптар қойылады?

Бакалавриат, магистратура және бакалавриат+магистратура бағдарламалары бойынша стипендиаттар бірінші оқу жылы қабылдаушы университет ұсынған "Венгр тілі шет тілі ретінде" курсын өтуге және екінші семестрдің соңында емтихан тапсыруға міндетті (венгр тілінде оқитын стипендиаттарды қоспағанда). Стипендия иегерлері бұл курсқа қатыспаса ай сайынғы стипендияны ала алмайды.

*Докторантура бағдарламасына үміткерлердің қабылдаушы университеттен ғылыми жетекшілері болуы керек. Онлайн-тіркелу кезінде қабылдаушы университеттен ғылыми жетекші/супервайзер қол қойған қабылдауды растайтын құжатты тіркеу қажет.

№5. Жас шектеулері бар ма?

"Хореография" (Dance Study) мамандығын қоспағанда 2003 жылғы 31 тамыздан кейін туған үміткерлерден өтініш қабылданбайды. Яғни, үміткерлердің жасы 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 18 жасқа толуы керек.

№6.  11-сынып оқушылары құжат тапсыра ала ма?

Иә. "Бакалавриат" бағдарламасы бойынша оқу үшін орта мектепті бітіргені туралы куәлік көшірмесі керек. Орта мектепті бітіргені туралы құжат болмаған жағдайда оқушының соңғы оқу жылындағы үлгерімі туралы табельдің нотариалды куәландырылған көшірмесі талап етіледі.

№7. Соңғы курс студенттері дипломы болмаса қандай құжат тапсырады?

"Магистратура" және "докторантура" бағдарламалары бойынша оқу үшін бакалавр дипломы және қосымша көшірмелерін тапсыру қажет. Жоғары білім алғаны туралы құжат болмаған жағдайда барлық өткен курстардың нотариалды куәландырылған транскриптін және соңғы курс студенті мәртебесі туралы анықтаманы ұсынады. Диплом ағылшын тілінде ұсынылған жағдайда, салыстыру үшін түпнұсқа талап етіледі.

№8. Өнер және музыка саласындағы гранттар үшін қосымша құжаттар талап етіле ме?

  • Суретшілер, графистер және мүсіншілер: үш шығарма/эскиз
    фотосуреттері (жасау күнін көрсету қажет);
  • Музыканттар (дирижерлар, композиторлар): үш түрлі музыка стиліндегі жоғары сапалы жазбаларды ұсынады.

№9. Құжаттарды қайда өткізу керек?

Стипендияға үміткерлер 2020 жылдың 15 қаңтарына дейін  https://apply.stipendiumhungaricum.hu/ венгр сайтында онлайн-тіркелу керек.

2020 жылдың 20 желтоқсанынан бастап 2021 жылдың 29 қаңтары аралығында құжаттардың толық пакеті мына сайттар арқылы қабылданады:

  • Электрондық үкімет порталы (Egov.kz);
  • Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ сайтында кезекті брондау арқылы қолма-қол.

№10. Іріктеу қалай жүреді?

Қазақстан тарапынан үміткерлерді іріктеу келесі турлардан тұрады:

  • Үміткерлердің Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен онлайн режимде дербес сұхбаты;
  • Үміткерлердің материалдарын қарау және Қорытынды комиссияның шешім шығаруы.

2020 жылдың 25 ақпанынан бастап мамыр аралығындағы кезеңде түпкілікті іріктеуді қабылдаушы Венгрия тарабы жүргізеді.

№11. Үміткерлердің ұпайлары тең болған жағдайда кімге басымдық беріледі?

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; 
  • бала жасынан мүгедек және мүгедек балаларға; 
  • көп балалы отбасынан шыққан балаларға;
  • шетелдік оқу орнынан шақыртуы бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Аталған гранттар туралы ақпарат "Халықаралық бағдарламалар орталығының" сайтында және Stipendium Hungaricum вебсайтында ораналасқан.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары