Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?
Күмістің кішкене бөлігі қосылған суды күмістелген су деп атайды. Мұндай ерітіндінің "коллоидты күміс" деген ғылыми атауы бар. Оның адам ағзасына пайдасы мен зияны туралы Informburo.kz материалында.
Тарихқа үңілсек, Гиппократ күміс тостағанға құйылған суға жапырақ не таңғышты малып, жараны емдеген. Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбаларында парсы патшасы Кир ІІ әскері ұзаққа созылған жорықта су ішуге жарамды болуы үшін күміс ыдыспен тасымалдағаны айтылған. Ал қалайы ыдыстағы суды ішкен қатардағы жауынгерлер асқазан-ішек жұқпаларымен жиі ауырған деген деректер бар.
ХХ ғасырда коллоидты күміс микробқа қарсы қолданыла бастады. Көз инфекцияларына емдік тамшылар әзірленіп, суық тиюден бастап, соз ауруына дейін әртүрлі сырқаттарды емдеуге пайдаланған.
Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
Антибиотиктер пайда болған соң, күмістелген суды қолдану бәсеңдеген. Десе де, әлі күнге дейін коллоидты күміс альтернативті медицинада кеңінен қолданылады. Өндірушілер оны бактерия мен вируспен күресетін, иммун жүйесін нығайтып, көз ауруларын, ұшық, простатит, белдеулік, теміреткі, тіпті, қатерлі ісік пен ВИЧ-ті емдеп жазатын панацея деп атайды.
Күмістелген су пайдалы ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2013 жылы жарық көрген күмістің ауыз суда болуы туралы анықтама құжатында оның адамға әсері жазылған. Табиғи су құрамындағы күмістің орташа мөлшері 0,2-0,3 мкг/л-ге тең. Күміспен байытылған судағы мөлшері 50 мкг/литр не одан жоғары болуы мүмкін. Күміс нитратының өлімге әкелетін ең төменгі дозасы – 10 г.
ДДСҰ мәліметінше, күміспен уланудың жалғыз клиникалық сипаты – аргирия. Бұл аурудың белгісі – адамның терісі көк-сұр түске өзгереді. Көздің пигменттенуі – аргирияның алғашқы симптомы.
Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі
Ал Дүниежүзілік су сапасы қауымдастығының құжатында табиғи көздерден алынатын ауыз су құрамындағы күміс денсаулыққа қауіпті деген ғылыми зерттеулердің жоқ екені жазылған.
"Ағзаға түскен күміс ұлпаларда, әсіресе, тері, көз және шырышты қабыршақтарда тұрып қалады. Тері түсінің өзгеруі (аргирия) – күмісті қолданумен байланысты косметикалық әсер және ол ағза қызметін бұзбайды", – деп жазады қауымдастық мамандары.
Күмістің табиғи суда 5 мкг/л-ден кем емес мөлшерде болуы мүмкін. Дезинфекциялау мақсатында өңделген ауыз судағы күміс деңгейі – 50 мкг/л. ДДСҰ мәліметінше адамдар күн сайын шамамен 7 мкг күміс суды тұтынады. Ауыз судағы күмістің деңгейі 5 мкг/л-ден аспаса, адамның денсаулығына әсер етпейді және аргирияға шалдықтырмайды.
Күміс тұзы ауыз судың бактериологиялық қасиетін сақтап тұру мақсатында қолданылады. Мұндай жағдайда қолдануға жарамды және денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді.
Оқи отырыңыз: Көзілдірік және линза: қайсысын таңдаған дұрыс?
Металды ішке қолдану мен күміс суды ішуді жақсы идея санамайтын сарапшылар бар. Өйткені, күміс адамның зат алмасу процесіне қатыспайды және металл органдар мен ұлпаларда жиналады. Тиісінше, күміс әсерінен терінің түсі өзгерген болса, ол қайта қалпына келмейді. Коллоидті күмісті басқа дәрілермен қолданғанда, препараттың әсері төмендейді.
Сарапшылар көп ішпеуге кеңес береді
Қазақ тағамтану академиясы күмістелген суды күніне 40-50 мкг/л-ден артық тұтынбауға кеңес береді. Оны тұрақты түрде ішу зиянды әсер етіп, зат алмасудың бұзылуына әкеп соғады.
"Күміс иондары суды тазартады, бірақ оны пайдалы етпейді. Су қауіпсіздігі мемлекеттік стандартында күміс қауіптілігі жағынан екінші классқа кіреді. Бұл металды ұзақ уақыт қолдану организмде жиналып, бас ауруы мен ас қорыту мәселелерін туындатуы мүмкін. Ғалымдар күміс суды күн сайын ішуге кеңес бермейді. Мұндай су жараны жууда, ауыз суды шаюда жақсы әсер етеді", – делінген Қазақ тағамтану академиясының берген жауабында.
Академия мамандары ауыз суды тұрмыстық фильтрмен тазарту әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз екенін айтады. Күміс иондарымен байытылған суды қысқа мерзімде қолдану керек. Мұндай су ағзадағы процестерге жағымды әсер ететіні жасырын емес. Дәрігерлер күмістелген суды әдетте ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу мен емдеу кезінде, артрит, астма, инфекциялық ЛОР ауруларында, сондай-ақ, жаралар мен күйікті өңдеуде қолданады.
Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?
Инфекционист Тамара Утаганова жұқпалы аурулар кезінде сұйықтықты ішке қабылдауды дәрігерлер әрдайым ұсынатынын айтты. Жедел респираторлық вирусты инфекцияларға, тұмау ауруларына, ішек инфекцияларына шалдыққан кезде көбірек су ішу қанды сұйылтып, бактерияларды, қажетсіз патогендерді зәр мен нәжіс арқылы ағзадан тез шығаруға көмектеседі.
"Күмістелген судың бактерияларды өлтіретін бактерицидтік қасиеті бар. Бірақ ол ешқашан жеке емдеуші дәрі бола алмайды. Құрамында күрделі металл бар суларға күмәнмен қарау керек. Металл ағзада тұрып қалуы мүмкін. Бүйрегі дұрыс істемейтін болса, жәй судың өзінен адамның терісінің астында ісіктер пайда болады. Ал мұндай кезде металл қосылған суды ішудің өзі қауіпті", – дейді инфекционист Тамара Утаганова.
Дермато-венеролог, косметолог Зинура Сапабекованың сөзінше, коллоидты күмістің бактериялардың 650 түріне әсері бар. Сондықтан ол медицинаның гинекология, офтальмология, дерматология сынды көптеген салаларында қолданылады. Әсіресе, дерматология саласында безеуді, тері күйіктері мен бөртпелерін, жәндіктердің шағуынан кейінгі жараларды, псориаз, саңырауқұлақ ауруларын емдеуде көп көмегін тигізеді.
Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?"Коллоидты күміс – қабынуға қарсы және бактерицидті агент. Ішке және сыртқа пайдалану үшін қолданылады. Иммунды жүйеге қуатты қолдау білдіреді. Ағзадағы ауыр металдар мен токсиндерден тазартады. Коллоидты күміс ерітіндісінің пайдасы антибиотиктерден кем емес. Күміс молекулалары зиянды бактериялардың, вирустар мен саңырауқұлақтардың көбеюіне тосқауыл қояды, олардың өмірлік белсенділігін төмендетеді", – дейді Зинура Сапабекова.
Қазақстанда күмістелген су қайда өндіріледі?
"Серебряная" суын Қазақстан аумағында "Компания ОБИС" ЖШС өндіреді. Ауыз су тереңдігі 230 метрлік артезиан ұңғымаларынан алынады. Содан кейін көп сатылы тазалау, ультракүлгінді өңдеуден өтіп, күміс иондарымен байытылады. Копанияның ресми өкілі су құрамындағы күміс пен табиғи микроэлементтер ағзаның иммун жүйесін қорғайтынын айтады.
"Бұл микроэлементтердің кең спектріне ие таза, ультра тұщы, жұмсақ су. Өзінің химиялық құрамының арқасында бірінші санаттағы суға жатады. Күміс иондары суды бірнеше ай бойы сақтайды. Оны күн сайын қолдануға болады. ҚР СТ 1432-2005 "Табиғи минералды және асханалық ауыз суды қоса алғанда, ыдыстарға құйылған ауыз су сулары. Жалпы техникалық шарттар" нормативті құжаты бойынша рН (сутек көрсеткіші) сапа нормативінде 6-8,5-ке тең. Судағы рН – 7,7-8,0. "Қазэкология" мен біздің өндірістік лабораторияда сынақ хаттамалары бар. Бұл ағзаға қабылдауға болатын қалыпты рН көрсеткіші", – деді компания өкілі.
"Компания ОБИС" ЖШС Қазақстандағы суды құю кезінде күміс қолданатын жалғыз өндіруші компания.
Оқи отырыңыз: Ауыздың уылуын (стоматитті) қалай емдейді? Бұл ауру шынымен қатерлі ме?"Жүргізілген зерттеулерден кейін Денсаулық сақтау министрлігінің кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының курортология бөлімі күмістелген суды ас қорыту органдарының аурулары, соның ішінде асқазан-ішектің бұзылуы мен ойық жарасы кезінде, несеп-жыныстық сферада, зат алмасу ауруларында, тыныс алу органдарының аурулар мен стоматологиялық қабынулар, дерматологиялық аурулар кезінде профилактика және емдеу мақсатында қолдануды ұсынды", – деді "Компания ОБИС" ЖШС өкілі.
Талапқа сай емес күмістелген су анықталды
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 125 компания бөтелкеге құйылған суды өндіреді. "Серебряная" суын шығаратын алматылық кәсіпорын 2019 жылы санитарлық-эпидемиялық аудиттен өткен. Былтыр осы кәсіпорын өндіретін су сапасына қатысты тұтынушылардан шағым түпеген.
2019 жылы Комитет ай сайынғы бақыланатын сатып алу өнімдерінің қауіпсіздігіне жүргізілетін мониторинг аясында 412 ыдысқа құйылған ауыз суды тексерді. Оның ішінде 32 сынама техикалық регламент талаптарына (7,7%), микробиологиялық көрсеткіштерге сай келмегені – 3,1%, қауіпсіздік талаптарына – 15,5%, физикалық-химиялық көрсеткіштерге – 6,2 %, сондай-ақ, таңбалау ережелеріне сынаманың 78%-ы сай келмеді.
Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тағам өнімдері қауіпсіздігін мониторингілеу барысында "SEREBRO PROFIT" ЖШС өндірген күміс иондарымен байытылған, газдалған, артезианды күмістелген ауыз суынан 17,8 мг/дм хлорид шоғырланғаны анықталды. Комитет осы жағдайға қатысты тиісті шаралар қолданғанын хабарлады.