Мемлекет басшысының араласуын мәжбүр еткен Ақмола облысының Жақсы ауданындағы марганец кен өндірісіне қатысты дау үдеп тұр. Informburo.kz тілшісі бұл мәселедегі барлық тараптың пікірлерін тыңдап, талдау жасады.

Кәсіпкер Айбек Жұмабаев Жақсы ауданы орталығының іргесінен марганец рудасын өндіруді көздеп отыр. Алайда бұған жергілікті тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Олар өңірдің экологиялық жағдайы мен халықтың денсаулығына алаңдаулы.

"Кен байыту кезінде ешқандай да қышқылдарды пайдаланбаймыз. Кенді қазып, уатып майдалаймыз. Марганец ауыр болатындықтан, ол шөгеді. Тіпті суды да пайдаланудың қажеті жоқ. Кеніштегі марганец қоры 2 миллион тоннадан асады. Оны өндіру үшін шамамен 5 жыл уақыт қажет", – дейді Айбек Жұмабаев.

Кәсіпкер компаниясы өндіріс жұмыстары аяқталған соң, кен орнын мүлдем жауып тастауды жоспарлаған. Бірақ аудан тұрғындары бұл шарттармен келіспей отыр. Олар ауыл іргесінде қауіпті өндіріс жұмысының жүргізілуін мүлде қаламайды.

"Мен компания өкілдерімен алғашқы кездескенде-ақ бұл істі бастау үшін халықты жинап, қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынған едім. Қоғамдық тыңдауға арналған графа бос тұр. Кәсіпкерлер болса, әкімдік пен басқа құзырлы органдар айтқанымызды істемеді деп ренжиді", – дейді ауыл тұрғыны Мақажан Байкенов.


Мақажан Байкенов, Жақсы ауылының тұрғыны / Фото informburo.kz

Оның айтуынша, қоғамдық тыңдауды көше бойындағы төрт орындық асханада өткізген. Қол қойған 11 адамның екеуі сол жерде жұмыс істейді. Біреуі қожайыны болса, екіншісі аспаз. Қалған тоғыз адамды Павлодар облысынан алып келіпті. Қазір осы мәселе бойынша сот жүріп жатыр.

"Жақсы ауылы биік төбе үстінде орналасса, карьер одан да биікте тұр. Ауамен ұшып келмесе де, көктемгі су мен жауын-шашын жетіп жатыр. Ауыл тұрғындары ауыз суын алатын Белағаш деген өзен бастауын карьерден бір шақырым жоғары жерден алса, бұл өзен барып Есілге құяды", – дейді Мақажан Байкенов.

"Бұл іс өтірікпен басталды"

"Өндіріс жұмыстарынан экологияға зиян келтіретіні белгілі. Ауыз су ластанып, малдың жайылымы жойылады. Бұдан кейін балаларымыздың болашағы не болмақ? Кәсіпкерлер бұл істерін өтірікпен бастады, біз қазір олардың сөзіне сенбейміз", – дейді Жақсы ауданының мәслихат хатшысы Бейсейіт Жанәділов.


Жақсы ауданының мәслихат хатшысы Бейсейіт Жанәділов / Фото informburo.kz

"Жобамен алғаш таныстырған кезде залға жиналған адамдарды алдап, қол қойдырып алған", – дейді Жақсы ауданының тұрғыны Кәмила Мұғалова. Оның сөзінше, марганец өндіру мәселесі осыған дейін де бірнеше рет қозғалған. Халық пен жергілікті атқарушы билік бұған жол бермей келеді.


Аудан тұрғыны Кәмила Мұғалова / Фото informburo.kz

"Экологиялық таза жоба"

Ал өңірдегі ісі ілгерілемей тұрған кәсіпкер Айбек Жұмабаев облыс басшысы Ермек Маржықпаевты "аяқтан шалғанды ғана біледі" деп айыптады. Ол Қазақстанға инвестиция тарту мен халыққа жұмыс орнын ашу мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істеуге ниетті екенін алға тартады.


Ортадағы – кәсіпкер Айбек Жұмабаев / Фото informburo.kz

"Жоба бес жылға арналған. Осы мерзімде шет елден 16,5 млрд теңге инвестиция құйылады. Үкіметке 4 млрд теңге салық төленеді. Біз 240 жұмыс орнын ашып, жұмысқа тек Қазақстан азаматтарын тартамыз. Оларды оқыту үшін бірінші жылы 13 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлаған едік. Алайда бір жылымыз соттасумен өтіп кетті. Енді біз жоспар бойынша жұмыс жүргізіп үлгермейміз", – дейді ол.

"Бітпейтін сот пен тексеру"

Жұмабаевтың айтуынша, ол бар қызметін заң аясында жүргізіп келеді. Әрбір сөзін құжаттармен растай алатынына сендірді. Кәсіпорынның жерді игеруге берілген рұқсат құжаты да бар.

"Біз бұл жерде жұмысты әлі бастаған жоқпыз. Бірақ тексеру мен соттан көз ашпай келеміз. Осы уақытқа дейін біздің үстімізден үш рет қылмыстық іс қозғалып, үшеуі де жабылды," – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, аудан әкіміне жобаны таныстыруға барғанда, әкім оны бизнес элитасы саналатын Батыр Уәлиевтің рұқсатын алуға жұмсапты.

"Менің түсінгенімше, ол – жергілікті олигарх. Тіпті облыс әкімінің сөзі осы бизнесменге өтпейді екен", – дейді Айбек. – Маған Уәлиев рұқсат бермейінше, жұмыс істемейтінімді ашық айтты".

Дегенмен Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова мұндай әңгіменің болмағанын айтады: "Батыр Уәлиевтен рұқсат алып кел деп айтып отырғандары қисынсыз. Ондай болмаған. Кеше осыны естіп алып, халық қатты ашуланды".

Батыр Уәлиев деген кім? Әкім орынбасарының айтуынша, Батыр Уәлиев "TNK" аграрлық компаниясының бас директоры. Ірі инвестор саналатын ол ауданда спорт кешенін, балаларға ойын алаңдарын салып беріп, мектептерде балаларды тегін тамақпен қамтып отыр екен.

Жұмысты жүргізе алмаған Айбек Жұмабаев бұл даудың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жеткенін қалайды. Бүкіл іс-қағаздарын тексеруге ашық беруге, ал қандай да бір кінәрат шықса, жұмысты мүлде тоқтатуға дайын екенін айтады.


Айбек Жұмабаевтың Жақсы ауданының әкіміне жазған ұсыныс хаты / Құжатты Айбек Жұмабаев ұсынды

Әкімдік неге жер бермеді?

"Кәсіпкердің айтып отырғанының бәрі теріс. Осыдан 1-1,5 ай бұрын "Жақсылық" ЖШС аудан әкімдігіне жер беру туралы өітініш тастады. Жер комиссиясы "қоршаған ортаны ластайды, тұрғындардың денсаулығына зиян" деген тұжырым шығарды. Осыны негізге ала отырып, аудан әкімдігі жер беруден бас тартты. Сондай-ақ, "Жақсылық" ЖШС өз жобасын таныстырған кезде "шаң болады десеңіздер, ағаш отырғызып берейік" дегені рас. Бірақ ресми түрде ешқандай ұсыныс болмады", – дейді аудан әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова.

Айтуынша, олар бес жыл марганец өндіретін болса, ағаш өскенше ауыл шаңның астында қалады.

"Бұл халықтың азаматтық позициясының көрінісі"

Мемлекет басшысының көмекшісі Аида Балаева Ақмола облысынан 69 ұжымдық өтініш келіп түскенін айтады.

"Бұл халықтың азаматтық позициясының көрінісі. Мысалы, Жақсы ауданындағы Жақсы ауылының тұрғындары марганец кендерінің жұмысын тоқтатты. Бәлкім экологиялық апаттың алдын алған шығар. Теріс жүргізілген мемлекеттік сараптама мен марганец өндіруге берілген рұқсат қайтарылып алынды. Экология министрлігі тұрғындарға белсенділік танытқаны үшін алғысын айтты", – дейді Аида Балаева.

Естеріңізге сала кетейік, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында марганец өндіретін кәсіпорын салу мәселесін халықпен талқылау керек екенін айтқан.

"Жақсыда марганец өндіретін кәсіпорын салу мәселесі көтеріліп келеді. Тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Әкімдік пен үкімет шешім қабылдаған кезде халықтың ойын ескеру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жасаған сапары кезінде.