Ұлттық тестілеу орталығының сайтында оқуға түсушілердің жеке кабинеттеріне кешенді тестілеуді өткізу күні, уақыты және орны көрсетілген жаңа рұқсаттамалар жіберіледі. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік тестіленушінің жеке кабинеті арқылы да электронды түрде беріледі.

Ереже өзгерді

2020 жылы магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу алғаш рет 18 өңірлік тестілеу орталығының базасында әрбір тестіленуші үшін дербес компьютерді пайдалану арқылы компьютерлік форматта өтетін болады. Әр компьютер бейнекамерамен қамтамасыз етіледі. Осылайша, кешенді тестілеу өткізуді бақылау жөніндегі комиссия Академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын қадағалай алады.

Тестілеуге қатысушылар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес дезинфекцияның барлық кезеңдерінен өтеді, санитарлық қауіпсіздік шаралары сақталады. Тест тапсырушыларды отырғызу кезінде олардың арасында кемінде 2 метр қашықтық сақталады.

Сұраққа қайта оралып, жауапты өзгертуге болады

Әр қатысушы үшін тестілеу дербес басталады, яғни тестіленуші лектің толтырылуын күтпейді. Кешенді тестілеу барысында тестке қатысушылар сұрақтарды өткізіп жібере алады, келесісіне ауысып, алдыңғы сұрақтарға қайта орала алады және жауап нұсқаларын өзгерте алады. Тест аяқталғаннан кейін тестіленушілер жауаптарды дұрыс жауаптар хаттамасымен салыстыру мүмкіндігіне ие.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың білім беруге әсерін Қазақстан экономикасы ондаған жылдар бойы сезінеді

Апелляцияны қалай беруге болады?

Енді тест нәтижелерімен келіспейтіндердің апелляцияны электронды түрде жібере алады. Бұл үшін ережелерге жаңа тұжырымдама енгізілді:

Онлайн-апелляция – тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде компьютерлік форматта апелляция беру.

Шағым беру үшін 2 негіз бар:

  1. тест тапсырмаларының мазмұны (дәлелді негіздеу, мәселені кезең-кезеңімен шешу қажет);
  2. техникалық себептер (аудитория кезекшісінің қатысуымен акт жасау керек).

Өтінімдер тест тапсырғаннан кейін 3-5 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Жауап өтініш берушінің жеке кабинетіне түседі. Апелляциялық комиссияның шешімі қайта қаралмайды.

Оқи отырыңыз: Тамызда оқушылар мен ата-аналарға бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Олар неге дайын болуы керек?

Қандай пәндерден тест тапсырады?

Магистратураны қазақша немесе орысша оқитындар:

  • шет тілі (таңдау бойынша ағылшын, неміс, француз) бойынша тест,
  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тесттен, оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі тесттен тұратын кешенді тестілеу тапсырады;

Магистратураны ағылшынша оқығысы келсе:

  • ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тесттен және оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс немесе ағылшын тіліндегі тесттен тұратын кешенді тестілеу тапсырады;

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша магистратураға түсуші:

  • шет тілі (таңдау бойынша ағылшын, неміс, француз) бойынша тесттен, оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі тесттен тұратын кешенді тестілеу;
  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша екі шығармашылық емтихан тапсырады.

Араб тілін білуді талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша магистратураға түсуші:

  • араб тілі бойынша түсу емтиханын;
  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тесттен және оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі тесттен тұратын кешенді тестілеу тапсырады.

Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын бір халықаралық сертификаттары бар тұлғалар мынадай тілдер бойынша магистратураға КТ-ның шет тілі бойынша тестінен босатылады.

Тестілеуді өткізу уақыты өзгерген жоқ:

  • Магистратураны қазақ немесе орыс тілдерінде оқитындар үшін – 3 сағат 55 минут.
  • Оқу тілі ретінде ағылшын тілімен магистратураға түсуге үміткерлер үшін – 2 сағат 40 минут.
  • Магистратураға шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары тобына түсетіндер үшін – 2 сағат 5 минут.
  • Араб тілін білуді қажет ететін білім беру бағдарламалары тобында магистратураға түсушілер үшін – 2 сағат 40 минут.

Үміткер тыйым салынған заттарды қолданса немесе тестілеуді жалған тұлға арқылы тапсыруға тырысса, кешенді тестілеуден шеттетіледі.

Биыл шамамен 38 мың адам магистратураға түсуге ниет білдірді. 2019 жылы тілек білдірушілер саны 30 579 адамды құраған.

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауды тапсырды

Кешенді тестілеу үшін максималды балл:

  • қазақ немесе орыс тілдерінде оқытатын магистратураға түсушілер үшін – 150 балл;
  • ағылшынша оқытатын магистратура үшін –100 балл;
  • шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары топтарындағы магистр дәрежесі үшін – 80 балл;
  • араб тілін білуді қажет ететін білім беру бағдарламалары топтарындағы магистр дәрежесі үшін – 100 балл.

Қандай жағдайда үміткер кешенді тестілеуге жіберілмейді?

Комиссия өтініш берушіні екі жағдайда кешенді тестілеуге жібере алмайды:
  1. тыйым салынған заттарды алып өту немесе алып кірсе;
  2. тестілеуге өз орнына басқа адамды өткізгісі келсе.
Тыйым салынған заттар:
  • ұялы телефондар, планшеттер;
  • ноутбуктер;
  • ойыншылар;
  • модемдер;
  • кез-келген радиоэлектрондық байланыс (Wi-Fi, Bluetooth, Dect, 3G, 4G);
  • парақтар, оқулықтар, әдістемелік әдебиеттер;
  • сымды және сымсыз құлақаспаптар.

Кешенді тестілеу қай жерде өтеді?

Биыл кешенді тестілеу 18 облыс орталығында өткізіледі:

  1. Алматы – Райымбек, 196.
  2. Атырау – Баймұханов, 45а.
  3. Ақтау – 3 шағын аудан, 75.
  4. Ақтөбе – Арынова, 1.
  5. Қарағанды – Ермекова, 28.
  6. Көкшетау – Ақан сере, 24.
  7. Қостанай – Қобыланды батыр, 27.
  8. Қызылорда – Тәжібаев, 18а.
  9. Нұр-Сұлтан – Қонаев, 33/1.
  10. Павлодар – Толстой, 99.
  11. Петропавл – Назарбаев, 274.
  12. Семей – Гагарин, 158.
  13. Талдықорған – Назарбаев, 173в.
  14. Тараз – Жамбыл, 91.
  15. Түркістан – Қожанов, 15.
  16. Орал – Айталиев, 4, 1 корпус.
  17. Өскемен – Қазақстан, 63.
  18. Шымкент – Рысқұлов, 27/2.

Докторантураға түсу үшін құжаттарды тапсыру мерзімі

Сондай-ақ, карантиндік режимнің ұзартылуына байланысты докторантураға құжаттарды қабылдау 10 тамызға дейін жүзеге асырылады. Қабылдау емтихандарын жоғары оқу орындары 17-22 тамыз аралығында өткізеді. Докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады. PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік гранттардың саны 1 815-ті құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, COVID-19 пандемиясы жағдайында дәстүрлі форматта ағылшын тілін білуге арналған IELTS халықаралық тестін тапсыру мүмкін еместігіне байланысты, ҚР БҒМ ЖОО түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Test және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат берген.