Соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті. Мұндай алаяқтықтың құрбандары көбейген. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін болса, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен.

Алаяқтық схемасы қарапайым: кез келген адаманың әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Мұндай деректер әсіресе Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген.

Оқи отырыңыз: Форекс – табыс мекені ме, әлде алаяқтар тобы ма?

KZ-CERT компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің мамандары шабуылға ұшырағандардың әлеуметтік желілерде байланыс деректерінің дербестігін сақтамағанын, сондай-ақ, байланыс деректерінің еркін таралып кеткенін айтып отыр.

"Мәселен, сіз белгілі бір зат не тауарды сату туралы хабарландыруды интернетте орналастырдыңыз делік. Алаяқтар сізге хабарласып, оны сатып алу жөнінде келіседі және сіздің банктік картаңызға тауарға ақша аудару үшін сілтеме жібереді. Одан әрі сілтеме бойынша өтіп, сіздің банк картаңыздың CVV/CVC-коды көрсетілген деректерін енгізу ұсынылады, оларды енгізген соң банк картасының шотынан ақша алынады. Осылай алаяқтар әлеуметтік инженерияның көмегімен төлем картасының мәліметін алып, қаржыға қол жеткізеді" дейді қызмет мамандары.

Оқи отырыңыз: Алаяқ риэлторлар. Сақ болыңыздар

Осы орайда интернет алаяқтарынан сақтану үшін KZ-CERT қызметі келесі кеңестерді ұсынады:

  • Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.
  • Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.
  • Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз.
  • Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар.
  • Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.
  • Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi-нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.
  • Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз.
  • Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.
  • Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер айқындалған жағдайда KZ-CERT қызметіне (1400 (тәулік бойы) нөмірі, қызмет сайты, Telegram мессенджеріндегі "ҚР ақпараттық қауіпсіздігі" тобына не жеке хабарлама жіберу арқылы) хабарлаңыз.