Екпе ектіру мәселесі төңірегінде дау өршіп тұрғаны биыл бірінші жыл емес. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де вакцина салдыруға қарсылық танытушылар саны көбейген. Әлемде вакцинациялауға қарсы қозғалыстар күш алса, Қазақстанда ол халықты екі тарапқа бөліп үлгерді. Жақтаушылардың да, қарсылық танытушылардың үлестері шамалас. Дегенмен, бұған дейін ата-аналардың еркіне беріліп келген балаларды вакцинациялау енді заңмен міндеттелетіні белгілі болғанда, бұл отқа май құйғандай әсер берді. Бұл ұсынысты алғаш еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жария еткен болатын. Осы жылдың қыркүйек айында өткен "Жаһандану жағдайындағы инфекциялық аурулар: өзекті мәселелер және шешімдер" конгресінде ол Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне балаларды вакцинациялауды міндеттеу бойынша өзгертулер енгізу ұсынылып отырғанын мәлімдеді:

"Жоба әлі қабылданған жоқ. Соңғы нүктені депутаттар қояды. Міндеттеу туралы ұсыныстар тек профильді министрлік тарапынан ғана емес, ата-аналардан да, қоғамдық ұйымдардан да түсіп жатыр. Кодекске өзгертулер енгізілген жағдайда балаларына екпе жасаудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынатын болады".

Жандарбек Бекшин, сондай-ақ, екпеден бас тартатын ата-аналардың балаларының денсаулық құқығын шектейтінін де сынға алған болатын.

Депутат неге қарсы?

Бұл мәлімдеме тек әлеуметтік желілерде ғана шу көтеріп қоймай, бірқатар халық қалаулыларының да наразылығын туғызды.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан вакцинациялауды заңмен міндеттеу азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеумен тең екенін айтып, өзінің қарсылық позициясын білдірді.

"Жеке азамат ретінде де, қоғамның Парламенттегі өкілі ретінде де вакцинациялауға еш қарсылығым жоқ. Алайда, қоғам тарапынан, сайлаушылар тарапынан вакцина сапасы, оны тасымалдау, сақтау, бақылау, ақпараттандыру, егу кезеңдеріне қатысты сын жиі айтылады. Мен оны міндеттеуге қарсымын. Мен де баламның ауру болғанын, ауру таратқыш болғанын қаламаймын. Сондықтан вакцина еккіземін. Бірақ "быт-шыт" вакцинаны еккізіп, көз алдымда мүгедек қылатын жағдайға жол бергізбеймін", – деді мәжілісмен.

Ол, тіпті, екпені міндеттеудің ар жағында миллиардтаған ақша айналымы тұрғанын білетінін де құлаққағыс етті. Бекболат Тілеухан жасаған мәлімдеменің толық видеосын осы жерден көруге болады.

Оқи отырыңыз: 20-29 жас аралығындағы 2 млн қазақстандыққа қызылшаға қарсы екпе салынады

Жалпы, вакцина дегеніміз не? Ол – инфекцияға қарсы тұратын микроорганизмдерден жасалатын препарат. Оның адам ағзасына енгеннен кейінгі жұмыс істеу принципі өте қарапайым. Адам денесіне әлсіреген вирус немесе бактерия, олардың құрамдас бөліктері енгізіледі. Сөйтіп иммундық жүйе табиғи түрде әрекет етеді, ауру қоздырғышын есте сақтайды да, келесі жолы ауру асқынған кезде оған тез әрі жеңіл жауап береді. Иммундау ісі бала дүниеге келген кезден басталады. Жаңа туған балаға үш-төрт күннің ішінде туберкулезге, В вирусты гепатитіне қарсы екпе егіледі. Одан кейін екі, үш, төрт айында, бір және бір жарым жасында дифтерия, көкжөтел, сіреспе, ВВГ, полиомиелит, В типтік гемофильдік инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпе алады. Алты жаста салынатын екпелер келесі ауруларға қарсы әрекет етеді: қызылша, қызамық, паротит, дифтерия, көкжөтел және сіреспе. 16 жаста және әр 10 жыл сайын адамдар дифтерия, көкжөтел, сіреспеге қарсы егіледі.


Қазақстандағы вакцинациялау туралы жалпы ақпарат / инфографика dsm.gov.kz сайтынан алынды

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда вакцинация екпе күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі. Министрлік республика бойынша халықты вакцинациялаумен қамту деңгейін, сондай-ақ, вакцинадан кейінгі кезеңде тіркелетін реакцияларды мониторингілеу ісін жүргізеді. Вакцина енгізілгеннен кейін денсаулығына шағымданған адамдардың әрбір дерегі арнайы комиссия жұмысында тексеріледі, науқастың денсаулығындағы ауытқулар себептері анықталады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша республикада вакцинациялаудан кейін онымен тікелей байланысты мүгедек болып қалған балалар туралы мәлімет тіркелмеген.

Бұл қорытындыны Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұлттық сараптау орталығының басшысы Арнұр Нұртаев та қуаттай түсті. Ол Қазақстанда қолданылатын вакциналардың сапасына кепілдік бере алатынын айтты:

"Жылына 370 мың балаға екпе егіледі. Соңғы бір жарым жылда екпенің жанама әсері туралы 70 "сары карта" келіп түсті. Ол – екпе бала денсаулығына жанама әсер еткен кезде толтырылатын карта. Біз оларды толықтай зерттейміз. Мәселен, осы 70 жағдайдың ішінде бір де бір ауыр жанама әсер берген дерек тіркелген жоқ".

Ұлттық сараптау орталығының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік реестрінде вакциналардың 64 түрі тіркелген. Өндірушілер қатарында Бельгия, Франция, Голландия, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Корея, Израиль елдері бар. Бұл елдерден жеткізілген вакциналардың сапасы екі кезеңдік тәсілмен тексеріледі:

  1. Тіркеуге алынатын вакцинаға толықтай құжаттық талдау жүргізіледі;
  2. Сараптамалық талдау жасалады.

Арнұр Нұртаевтың айтуынша, Қазақстандағы вакциналарға сараптама жасайтын зертхана Зертханалар сапасы жөніндегі еуропалық директоратта тіркелген.

Түсіндірме жұмыстары неге тиімсіз?

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бұл орайда халықпен түсіндірме жұмыстарын жүргізу профилактиканың ең басты шарасы болып келгенін және солай болып қала беретінін жеткізді.

"Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы санитарлық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі таңда екпеден бас тарқан ата-аналармен жеке-жеке жұмыс жүргізуді қолға алдық", – деді ол.

Дегенмен, түсіндірме жұмыстары не толыққанды жүргізілмей отырғанын, не тиімді нәтиже бермей отырғанын төмендегі инфографикадан аңғаруға болады.


Екпеден бас тартқандар туралы мәлімет / informburo.kz инфографикасы

Инфографикада Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған, 2019 жыл басынан қазірге дейінгі көрсеткіштер топтастырылды. Вакцинациялаудан бас тартушылардың басым үлесі батыс өңірлерге тиесілі. Мәселен, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында мыңнан астам адам екпеден бас тартқан. Маңғыстау облысы үшінші орында. Ал солтүстік өңірлерде, керісінше, вакцинациялаудан бас тартқандар үлесі төмен.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл ауру туралы не білу керек

"Екпеден бас тартатындардың көбеюі өкініш тудырып отыр. Вакцинациялауды міндеттеу туралы заң жобасын депутаттар мен қоғам белсенділерінің барлығы бірдей қолдамады. Қарсы болушылар көп. Олар вакцина сапасына сенбейді. Бірақ, мен біздің есігіміз әрдайым ашық екенін және біз сараптаманы қалай өткізетінімізді және оның сапасы қай деңгейде екенін көрсетуге дайын екенімізді жеткізгім келеді", – дейді Арнұр Нұртаев.

Жоғарыдағы инфографикада көрсетілгендей, екпеден бас тартатындардың жартысы себеп ретінде өз жеке көзқарасын алға тартатын болса, діни сеніміне байланысты бас тартқандар үлесі екінші орында – отыз пайыз. Бұл да аз көрсеткіш емес.

"Шариғат бойынша адам ауырса, емделуі қажет. Емдік ниетте аурудың алдын алу дінімізді қызықтырған іс, демек емдік шара ниетінде екпе алу шариғат бойынша рұқсат амалға жатады", – дейді Павлодар облысы орталық мешітінің пәтуа бөлімінің наиб имамы Елбек Хожамұратов.

Оның айтуынша, мүфтияттан вакцинациялау туралы арнайы пәтуа шықпаған. Дегенмен, екпеден бас тартатындарға имамдар тарапынан да түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізіліп тұрады екен.

"Дін ұстанушылардың ішінде вакцинаға қарсы шығатындардың көбі теріс ағымда адасып жүргендер. Олардікі теріс екендігі, заманауи ғылым жетістіктері адамзатқа, адам денсаулығына қажет кекендігі айтылады. Денсаулық – Алланың адамға берген аманаты. Оны күтпесе, аманатқа қиянат жасаумен тең. Яғни, өзін-өзі өлтіргенмен бірдей. Алланың берген нығметі мен аманатына қиянат жасау күнә", – дейді имам.

Әлем тәжірибесі қандай?

Вакцинациялауды міндеттеуді қуаттап Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының қызметкері, медицина ғылымдарының докторы Борис Каральник те пікір білдірді.

"Бір адамның құқығы басқа адамдар құқығы басталған жерде аяқталады. Яғни, бір адам өзіне немесе баласына екпе ектіруден бас тартса, ол баласының да, басқа адамдардың да құқықтарын таптаған болып есептеледі. Өйткені, ол ауырса, айналасындағы басқа адамдарға қауіп төндіреді", – деді ол.

Ғылым докторының пікірінше, бұл мәселеде оң шешімге келу үшін шет мемлекеттердің тәжірибесін зерттеудің өзі жеткілікті. Өйткені, мұндай пікір таласы Қазақстанда қазір күш алып отырғанымен, әлемнің көптеген елі бұндай кезеңді әлдеқашан басынан өткерген. Тарих қауіпті де, жұқпалы дерттермен күресте вакцинаның қандай қуатты құралға айналғанына куә. Айталық, әлемде оспа дертіне қарсы вакцина алғаш рет 1978 жылы шыққан. Бұл медицина саласының үлкен жаңалығы болды. Осы кезден бері бұл ауру әлемде атымен жоғалды.

Ал әлем елдерінің тәжірибесіне келсек, Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин жаңа заң жобасын әзірлеу барысында Франция, Италия, АҚШ сынды біраз елдің тәжірибесін зерттегендерін айтып өткен болатын. Бұл елдерде мәселе қалай шешілді?

  • Италияда биылдың 14 наурызында міндетті вакцинация туралы заң күшіне енді. Осы күннен бастап мектептер, бөбекжайлар мен балабақшалар ата-аналары вакцинация сертификатын ұсынбаған балаларды қабылдауды тоқтатқан. Заң бойынша 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балаларға он екпе түрін жасау міндеттелді. Олардың ішінде қызылша, сіреспе, полиомиелит және В гепатитіне қарсы вакциналар бар. Италияда бірнеше мың оқушы вакцинацияланбаған болса, олардың ата-аналарына 3,5 мың еуро шамасында айыппұл салынған.
  • Австралияда екпе міндетті емес. Бірақ, екпе егілмеген баланың ата-анасы әлеуметтік көмектен қағылады. Мұндай заң 2016 жылдан бастап әрекет етеді. Баласына уақытылы екпе ектірген тұрмысы төмен ата-аналар үшін салық жеңілдігі қарастырылған.
  • АҚШ-тың барлық штаттарында балалар уақытылы вакцинацияланбаған жағдайда мектептерге және мектепке дейінгі мекемелерге бара алмайтыны туралы міндетті талап бар. Тек кейбір штатта ғана медициналық, діни немесе философиялық себептермен вакцинациядан бас тартуға рұқсат етіледі.
  • Канадада вакцинация кестесіне сәйкес, балалардың шамамен 85 пайызына екпе жасалады, ал ата-аналардың екі пайыздан аз бөлігі ғана вакцинацияға үзілді-кесілді қарсы. Қалғандары 1-2 вакцинаны өткізіп алған немесе әлі вакцинаны қабылдамаған балалар. Бұл елде тұрғындарды екпе жасауға міндеттеу туралы мәселе жоқ.
  • Германия үкіметі биылғы 14 қарашада қызылша ауруынан қорғау туралы заң қабылдады, оған сәйкес, елдегі бұл ауруға қарсы вакциналар міндетті түрде салынатын болады. 2020 жылдың наурыз айында күшіне енетін заң мектеп пен балабақшаға баратын балаларға, сонымен қатар, білім және медицина қызметкерлеріне, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік мекемелерге (мысалы, түрмелер мен босқындар лагерлеріне) қатысты болады. Вакцинациядан бас тартқандарға 2500 еуроға дейін айыппұл салынады.

Егер Денсаулық сақтау министрлігі, статистикалық мәліметтер, әлем тәжірибесі, тіпті, тарихи деректер де екпенің пайдасын мойындап, дәлелдеп тұрса, неге әлеумет екпеге қарсы? Неге вакцинациялаудан бас тартатындар саны жыл санап өсіп келе жатыр?

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мұны екпеден болатын жанама әсермен байланыстырады. Егуден кейінгі 2-3 күнде адамдардың 5 пайызында дене қызуының көтерілуі, ал 10 пайызында ауырсыну, инъекция орнының қызаруы, ісінуі сияқты ауру белгілерін береді. Бұл жеңіл белгілер болса, ауыр жанама әсерлер болуы да мүмкін. Бірақ, мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Мәселен, қызамық вакцинасынан кейін бір миллион екпе алған адамның біреуінде энцефалит белгілері пайда болуы мүмкін.

Вакциналардың барлық түріне ортақ тұрақты қарсы көрсетілімдер болады. Тірі вакциналарды пайдалануға тұрақты қарсы көрсетілімдер:

  • АИТВ инфекциясын қоса алғандағы тұрақты иммун тапшылығы жағдайы;
  • қатерлі қан ауруларын қоса алғандағы қатерлі ісік;
  • жүктілік.

Сонымен қатар, жалпы вакциналардың барлық түрлеріне уақытша қарсы көрсетілімдер де бар:

  • орталық жүйке жүйесінің жіті аурулары: менингит, энцефалит, менингоэнцефалит;
  • жіті гломерулонефрит (бүйрек ауры);
  • температураға байланыссыз орта және ауыр дәрежедегі жіті инфекциялық ауру (мысалы тұмау);
  • инфекциялық емес аурулар. Мәселен, созылмалы аурулармен ауыратын науқастарға вакцинация жасалмайды;
  • асқынатын созылмалы аурулармен ауыратын науқастар ремиссия кезеңінде егіледі.

Әлеумет пікірі әртүрлі

"Жанама әсер ата-аналардың вакцинациялаудан бас тартуының жалғыз себебі болуы мүмкін емес" деген оймен әлеуметтік желіде бұл тақырыпта ой өрбіткен желі қолданушыларының пікірлерін зерттеп көрдік. Пікір көптігі тақырыптың өзектілігін айшықтай түседі. Көп ойды таразылай келе, желі қолданушылары көтерген негізгі бес мәселені түйіндедік:

  1. Қауіпсіздік талаптары ескерілмейді. Екпе жасарда балаға толық диагностика жасалмайтындықтан, баланың бойындағы басқа аурулар асқынып кетуі өзгеше жанама әсер етуі мүмкін.
  2. Дәрігерлер кепілдік бермейді. Қазақстанда екпе жасау кезінде ата-анаға баласының екпеден кейін жағдайының нашарлап кетпей, қайта жақсаратынына ешкім де кепілдік бермейді.
  3. Вакцина сапасы төмен. Қазақстандағы дәрі-дәрмекті сатып алудың бірыңғай конкурстық жүйесі қымбат, сапалы вакциналарды сатып алуға мүмкіндік бермейді.
  4. Лобби мен коррупция. Вакцинациялауды міндеттеу бұл саладағы коррупцияға жол ашуы мүмкін.
  5. Адамдардың құқығын шектейді. Міндеттеу еріктілік заңдылығы мен адамдардың конституциялық құқықтарына қайшы.

Пікір қайшылығы күшейген сайын жаңа заң жобасының қабылдануы кешеуілдей береді. Ал қазіргі қолданыстағы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 156-бабына сәйкес, "Қазақстан аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге құқылы. Профилактикалық екпені енгізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды қарап-тексеруді жүргізеді. Медицина қызметкері оған не оның заңды өкіліне профилактикалық екпе, ықтимал жанама әсерлері, олардан бас тарту салдарлары, вакцинадан кейінгі ықтимал асқынулар туралы толық және объективті ақпарат береді". Сондықтан да екпе аларда ел азаматтары заңға сәйкес өзіне қажетті ақпаратты алуға құқылы екенін біліп жүруі қажет. Яғни, ел тұрғындары профилактикалық екпе жасауға жазбаша келісім беруіне не бас тартуына болады. Бірақ бас тартудың төмендегідей төрт салдары бар.

  1. Сіздің балаңыздың ауырып қалуы және отбасы мүшелеріне жұқтырудың жоғары қаупі. Салдарлары қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, мысалы полиомиелитпен ауырғаннан кейін ол мүгедек болып қалуы мүмкін;
  2. Терісі және шырышты қабықтары бұзылып жарақат алған, немесе жануарлар тістеген кезде сіреспе және құтыру ауруларына шалдығудың жоғары қатері. Кез келген бала осы инфекцияларға шалдығу қатері жоғары жарақат алудан немесе жануарлардың тістеуінен кепілдендірілмеген. Сіреспеден тек сіреспеге қарсы екпе енгізу және сарысуды уақтылы жедел енгізу арқылы қорғалуға болады;
  3. Сол елде болудың халықаралық медициналық-әлеуметтік ережелері немесе халықаралық шарттарға сәйкес нақты профилактикалық екпелерді талап ететін елге кіруге тыйым салынады;
  4. Орындалуы инфекциялық аурулармен ауырудың жоғары қаупімен байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тарту.

Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин қыркүйекте жасаған мәлімдемесінде заңға өзгертулер осы жылдың желтоқсан айына дейін енгізілуі мүмкін екендігін айтқан болатын. Бұл мерзім де жетті. Ал мәселе әлі талқыдан аса алмай тұр.