Қостанайда өртті өшіру және халыққа көмек беру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Фото
2 қыркүйек күні сағат 15:10-да Басаман орман шаруашылығы, Семиозерное орман шаруашылығы аумағында ағаштар және құрғақ шөптер өртенді.
3 қыркүйекте метеорологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты, оның ішінде ауа температурасының 36 градус жоғары болуы, желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін жетуі өрт аумағын ұлғайтқан.
4 қыркүйек күні өрт аумағы 43 мың гектардан асты. Орман шаруашылығының жалпы ауданы 107 257 гектарды құрайды. Сол күні Қостанай облысында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Облыс әкімдігінің резервінен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қаражат бөлінді.
Үкімет басшысы Қостанай облысындағы алапат табиғи өрттердің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді. Әлихан Смайылов баспанасынан айырылған азаматтар үшін жаңа тұрғын үйлер салу жұмысын шұғыл бастауды тапсырды.
"Құрылысты қысқа мерзімде аяқтау үшін жедел жұмыс істеуіміз керек. Бұл мәселе – Президенттің жеке бақылауында", – деді Әлихан Смайылов.
Барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті. Оның 85-і – Аманқарағай ауылында, алтауы Озерный ауылында орналасқан.
Он адам (5 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жарақат, күйік алып, жеңіл және орташа ауырлықта уланған. 1935 жылғы туған бір адам қаза тапты.
Өрттен жапа шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арнайы штаб құрды.
Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты ауылдардан 1841 адам көшірілді. Оның ішінде Озерное ауылынан – 250 адам, Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен – 1000 адам, Калинино ауылынан – 228 адам және Лесное ауылынан – 363 адам.
Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланғандарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды. Қазір эвакуациялау пункттерінде 66 адам бар, қалғаны туыстарының үйіне орналастырылды. Жағдай тұрақталғанша облыста 3 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алады.
Сондай-ақ Новонеженка ауылында ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлім күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін палаталар тігілді.
4 қыркүйектегі мәліметтер бойынша, Қостанай облысындағы өрт салдарынан Қарасу ауданының Люблинка ауылында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында 12 бас ірі қара мал, 118 бас шошқа және 261 бас құс қырылды. Қостанай облысы әкімдігінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша орман өртінің салдарынан азын-аулақ ауыл шаруашылығы дақылдарының зардап шеккен егістік учаскелері бар. Бірақ, алқаптар жаппай жойылған жоқ.
Қазір өрт сөндіру орман аймағындағы 5 учаскеде, атап айтқанда Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында жүргізіліп жатыр.
Өртті сөндіруге барлығы 224 бірлік техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам күштер мен құралдар жұмылдырылды. Өрт сөндіру жұмыстары басталған бері әуеден 109 рет су шашылды.
"Қазгидромет" деректері бойынша, 5 қыркүйекте Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында жоғары температура 31 градусқа дейін сақталады, желдің жылдамдығы секундына 7 метрге дейін жетеді. Желдің күшеюіне байланысты өрт орман алқабынан Бағаналы ауылына жақындап келеді. Қазір ауылды қорғауға басқа учаскелерден күштер мен құралдар қайта топтастырылып жатыр. Ал ауыл тұрғындарын Қазбасы ауылына эвакуация жасап жатыр.
Өңірде Төтенше жағдай министрлігі мен облыстық төтенше жағдай департаментінің жедел желісі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар психологтардың жұмысы ұйымдастырылған.
Ел өңірлерінен аудан халқына гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр.
Қостанай облысында орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру) және 2-бөлімнің 204-бабы (Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады.
5 қыркүйек күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барып, Әулиекөл ауданындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысты. Өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.
"Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетіне ешқандай күмән болмауға тиіс", – деді мемлекет басшысы.
Президент үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырды. Сонымен қатар төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматтың жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйлықтарға ұсынылатынын айтты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, техникалық зерделеу қорытындысы бойынша тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге жатпайды. Қазіргі күнде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын бір қабатты баспаналар салынбақ.