Колледжде қалай тегін білім алуға болады?
Биыл колледжде білім алуға 125 мың грант бөлінеді.Екі аптадан кейін ҰБТ аяқталады. Шектік бал жинаған түлектер мемлекеттік білім беру грантының конкурсында бақ сынайды. Ал грантқа ілінбегендер орта техникалық білім алу үшін колледжге тапсырса болады. Колледжде қалай тегін білім алуға болады? Қай мамандықтарға мақсатты гранттар бөлінді? Informburo.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Биыл колледждерге қанша грант бөлінді?
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 9-сынып бітірушілердің барлығы "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасы аясында кезең кезеңімен тегін оқи алады. Биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 45 мыңға арттырылды. Сонымен бірге жергілікті жерден 80 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді, жалпы білім алуға 125 мың грант бөлінеді.
"Бірінші кезекте 9-сыныпты бітірген түлектерді тегін біліммен қамту көзделіп отыр. Биылдың өзінде кәсіптік техникалық білім алушылардың 70 пайызын тегін қамтитын боламыз. Ал 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 пайыз қамтуды көздеп отырмыз" – деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директорының орынбасары Ернат Жүнісов.
Қанша пайызы тегін оқып жатыр?
Қазір колледждегі студенттердің 60 пайызы тегін оқып жатыр. Биылғы жылы ол 70 пайыз болады деп жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Ұлттық Банк Нархоз университетінде оқу үшін 30 грант бөледі
Мақсатты гранттар қай мамандықтарға бөлінеді?
ҚР Білім және ғылым министрлігі кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты оқытуды енгізіп жатыр. Мұндай мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы бар. Яғни студент колледжді бітіргеннен кейін тапсырыс берушінің кәсіпорнына жұмысқа орналасады. Биыл кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша 10 мыңнан астам талапкерді қамту жоспарланып отыр. Енді 107 мың студент колледжде тегін оқу мүмкіндігіне ие болады.
"Мұндай ынтымақтастық білім беру бағдарламаларын жаңартуға және еңбек нарығының сұранысына сай кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Яғни белгілі бір мамандарға өтінім беру арқылы кәсіпорын өз өндірісіне сай дайындалған кадрларды алуға мүмкіндігі болады. Кәсіпорын колледж-студент-кәсіпорын үшжақты келісімшартына отырғаннан кейін оқуын аяқтаған студентті жұмысқа орналастыруға міндетті болатынын айта кетейін", – деп түсіндірді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, мұндай ынтымақтастық тек студенттер үшін ғана емес, сондай-ақ мұғалімдер үшін де тиімді. Өйткені келісімшарт жасалғаннан кейін педагогтер серіктес кәсіпорын базасында тағылымдамадан өте алады. Оқу нәтижесі бойынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін:
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де нысаналы тапсырыс беріледі. Оларға мамандықтар тізімі бөлініп, түлектердің оқу мүмкіндіктеріне сәйкес жеке, бейімдеу бағдарламалары әзірленеді.
Оқи отырыңыз: Шетелге оқу іздеп кететін мектеп түлектерінің саны азайып келеді
Әлеуметтік осал топтағы студенттер үшін:
Биылғы оқу жылында алғаш рет әлеуметтік осал топ санатындағы балалардың колледждерге түсуі үшін тағы үш квота енгізілген. Квота көпбалалы, толық емес отбасынан, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға арналған.
"Бұрын мұндай мүмкіндік жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға қарастырылған еді. Ауыл жастары да квота бойынша мемлекеттік тапсырысты алады", – деді Насымжан Оспанова.
Колледжге құжат қабылдау қашан басталады?
Колледжге құжат қабылдау 20 маусымда электронды үкімет порталы арқылы және тікелей колледжде басталады. Әр талапкер 4 мамандық пен 4 колледжді таңдай алады. Таңдауды 3 рет өзгертуге рұқсат етіледі.
Қабылдау емтихандары қалай өтеді?
Қабылдау емтихандары педагогикалық, медициналық мамандықтар және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша өткізіледі. Барлық қалған мамандық бойынша емтихандар болмайды.
Жұмысшы мамандықтарына түсушілер әңгімелесуден өтеді, орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтарына талапкерлер мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту конкурсына қатысады. Іріктеу білім туралы аттестаттың орташа балы бойынша жүргізіледі.
Қабылдаудың жаңалығы – педагогикалық мамандықтарға түсу үшін 4 балға дейінгі шекті бал енгізілген және үміткерлер эссе жазу қажет.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қоры биыл 360 білім беру грантын бөледі. Оны кімдер иеленеді?