Нұр-Сұлтанда Адам құқықтары күні мен Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау бойынша жаңа USAID жобасының іске қосылуына арналған "Бала мен әйелдің қадір-қасиетін құрметте" тақырыбында шара өтті. Оған адам құқытары жөніндегі сарапшылар мен өңірлерден оқушылар қатысып, пікір алмасты.

"Сыныптастарым жәбір көрсетті"

"Мектепте оқушыларға өз құқығын қорғауды үйретсе деймін. Себебі, әлімжеттікке ұшыраған бала жағдайды өз бетінше бағалай алмайды. Кімдікі дұрыс не бұрыс екенін, бұл жағдайдың буллинг немесе қарапайым бір реттік жағдай екенін айыра алмайды. Маған да сыныптастарым жәбір көрсетті. Сонымен қатар, оқушы ретінде де құқығым бұзылды. Бұл жағдайлардан соң түсінгенім, бір топ адам қарсы шығып, буллинг танытқан кезде бала өзін "дұрыс емес" адам қатарына қоса бастайды екен. Яғни, "егер бір топ адам маған қарсы шықса, демек менікі дұрыс емес" деп ойлай бастайды. Мұндай жағдайда балаға құқығын білуге көмектесетін адам керек. Сондықтан, мен мектепте балаларға құқығы үйретілгенін қалаймын", – деді Бақытнұр есімді оқушы.

Қауымдастырылған заң профессоры, Еуразия технологиялық университетінің Адам құқықтары, инклюзия және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры Халида Әжіғұлова Бақытнұрдың пікірімен келіседі.

"Шынымен, мектепте адам құқықтары тек теориялық тұрғыда үйретіледі. Ал, оны өмірде қолдануға үйрету жағы ескерусіз қалып жатыр. Бұл өте үлкен кемшілік. Себебі, оқушыларға, студенттерге тоериядан бөлек, тәжірибеде сол білімін қолдануды үйрету керек. Балалар арызды қалай жазуға болатынын, көшеде полиция тоқтатса, не істеу керек екенін, мектепте кәмелетке толмағандар жөніндегі маман қалтаңды, сөмкеңді көрсетуді сұраса, не істеу керек екенін білмейді. Мұның бәрі – баланың құқығы және ол өте жиі бұзылады. Өйткені, балалар өзін қалай қорғау керек екенін білмейді. Ал, балалар өз құқығын білген кезде, балаларға қатысты құқықбұзушылық та азаяр еді", – деді Халида Әжіғұлова.

Заңгер адам құқығы – тек ересек адамдардың құқығы емес, барлық баланың да құқығы екенін айтты. Бала дүниеге келген бойда оның да кез келген ересек адамдармен тең құқығы болады. Бұл – өмір сүру құқығы, денсаулық құқығы, жеке өміріне қол сұғылмауына құқығы және тағы да басқа құқықтары.

"Бұл сөзбен немесе физикалық тұрғыда баланың ар-намысын қорлауға ешкімнің құқы жоқ екенін білдіреді. Ең маңыздысы, біз барлық құқығымыздың қорғалатынын білуіміз керек. Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясында жазылған барлық құқық Қазақстан Конституциясында да бар. Бәріміздің білуіміз керек бір нәрсе бар: буллинг пен кибербуллингте тек агрессор кінәлі. Жапа шеккен адамның ешқандай кінәсі жоқ. Себебі, тек агрессордың ғана әлімжеттік көрсету не көрсетпеу туралы таңдау құқығы бар", – деді заңгер.


Оқи отырыңыз: "Баламның мінезі өзгеріп кетті". Жасөспірімдердің ата-анасына арналған 10 кеңес


Буллингтің бір реттік жанжалдан ерекшелігі қандай?

  • Буллингте тараптардың күші тең емес. Яғни, бір топ адам бір адамға қарсы шығады;
  • Буллингтің мақсаты – құрбан ретінде таңдалған адамды түпкілікті сындыру, көзін жою, мектептен шығып кетуіне итермелеу;
  • Буллингте үш тарап бар. Ол: құрбан, агрессор және куәгерлер. Кейде төртінші тарап пайда болуы мүмкін. Бірақ, бұл өте сирек болады. Ол – қорғаушы, яғни мәселені шешуге көмектесетін адамдар;
  • Құрбан, әдетте, қатарластарынан қандай да бір белгі бойынша ерекшеленеді. Ол түр-сипатына немесе сөйлеу мәнеріне қатысты болуы мүмкін. Агрессор балалар болса, сыныпта көшбасшы болуға, ерекше балаларды басып-жаншуға құмар келеді. Себебі, олар өзінің орнын тартып алғысы келеді деп ойлайды.

"Буллингті тек балалар бастайды деу – қате. Кейде ұстаздар да буллингтің бастауы бола алады. Олар кейде бар ашуын өзінен әлсізден – оқушыдан алуы мүмкін. Бұл агрессияны сыныптағы балалар іліп әкетуі мүмкін. Осылайша, буллинг басталып кетеді", – дейді Ақан Құрманов атындағы 17 мектеп-гимназиясының 11 "Б" сынып оқушысы Мирэлла Токина.

Оқушы буллинг немқұрайдылық жайлаған жерде пайда болады деп есептейді. Сондықтан, балаларға бір-біріне қолдау танытуды, жалғыз қалған достарына жәрдемдесуді үйретуді сұрады.

"Балалардың пікірін ескеру керек"

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Айсұлу Бекмұса балаларға қатысты мәселе туралы айтқанда балалардың пікірін ескеру маңызды екенін айтады. Ересектер не істесе де, балалардың мүддесін бірінші орынға қоюы керек.

"ЮНИСЕФ-тің "The changing childhood" жобасына 21 мыңға жуық бала мен ересек қатысты. Жобаның мақсаты – қазіргі баланың жағдайын және заманауи әлемнің балаларды қалай өзгертіп жатқанын анықтау. Жобаға сүйенсек, жастардың 78 пайызы интернет желілері балаларға өте қауіпті деп санаған. Себебі, онда зорлық-зомбылық пен қорқытып-үркітуге қатысты материал көп деп ойлайды. ЮНЕСКО жүргізген соңғы зерттеулерге сүйенсек, әлемде әр үшінші оқушы, бұл оқушылардың 32 пайызы, ең аз дегенде бір рет мектепте моральді қысымға ұшыраған. Шамамен осынша пайыз оқушы физикалық әлімжеттік көрген. Қазір бұл салада ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, USAID, БҰҰ Бас хатшысы, біздің мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр", – дейді Айсұлу Бекмұса.


Оқи отырыңыз: TikTok қандай тәрбие береді?


Бала буллингке тап болса, не істеу керек?

  • Балаға психологиялық және эмоционал қолдау көрсетіп, әрдайым оның жанында екеніңізді және жағдайды түзету үшін барыңызды салатыныңызды түсіндіру қажет. Кейде табандылық танытып, баламен бірнеше рет тілдесу қажет болуы мүмкін;
  • Дүрбелең мен агрессивті көңіл-күйге берілмеу керек. Сіздің уайымыңыз баланың психологиялық жарақатын одан сайын күшейтеді;
  • Баланы мұқият тыңдаңыз. Бұл оқиғаның себебін анықтауға және балаға өз әрекеттерін іштей талдап, осындай жағдайдың тууына себеп болған ықтимал жағдайды саралауға көмектеседі;
  • Ешқашан бұл мәселенің туындауына баланы кінәлап, сынға алмаңыз. Оған "жәбірленушінің" орынында кез келген адам болуы мүмкін екенін жеткізу маңызды. Мәселе жәбірленушіде емес, агрессорда екенін түсіндіріңіз.
  • Буллингте күштер тең емес. Балаға ол неғұрлым ашуланып, уайымға салынса, агрессор соғұрлым күшейе түсетінін түсіндіру қажет. Оған әзіл ретінде жауап беруді, назар аудармауды немесе сенімді жауап беруді, өзін агрессивсіз қорғауды үйрету керек. Бұл кейде келесі шабуылдардың алдын алады. Сонда бұл ойын агрессорға ұнамай, өз қалағанын ала алмаған соң, ол кері шегінуі мүмкін. 
  • Мамандардың көмегіне жүгініңіз.

Оқи отырыңыз: "Өнер күйзелістен емдейді". Құм терапиясы деген не және ол кімдерге арналған?


Сандар сөйлейді

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен ЮНИСЕФ-тің буллинг туралы 2018-2020 жылдары жүргізген зерттеуіне сәйкес, соңғы екі жылда буллинг және кибербуллингке қатысты жала жабу немесе қорлау туралы бірде-бір іс қозғалмаған.

Буллинг салдары суицидке әкелген жағдайлар да болған. Қазақстанда 2021 жылдың 9 айында балалар мен жасөспірімдер арасында 137 суицид тіркелген. Оның 78-і – ұл балалар. Оқушылардың 63 пайызы – зорлық-зомбылық пен алалаудың куәгері, 44 пайызы – зорлық-зомбылық пен алалауға ұшыраған, ал  24 пайызы басқа балаларға зорлық-зомбылық көрсетіп, алалаған. Ай сайын 11-15 жастағы әр бесінші жасөспірім буллинг құрбаны не қатысушысы болады. Олардың басым көпшілігі – ер балалар.

Ал "Verum Foundation" қоғамдық бірлестігінің 2020-2021 жылдары Алматы облысы Іле ауданында жүргізген зерттеуіне сәйкес, 12-15 жастағы балалардың жартысынан астамы әлеуметтік желі, онлайн ойындар мен мобильді қосымшаларды пайдалану кезінде кибербуллингке ұшырайды. Бұл агрессордың анонимді қалуына және жауапкершіліктен қашуына мүмкіндік береді.

2020 жылы Қазақстан президенті балаларды кибербуллингтен қорғаудың маңызды екенін айтқан еді. Қазір парламентте буллингке қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Онда жәбірлеуге (буллинг) "адамның немесе адамдар тобының кәмелетке толмаған адамға қатысты кемсіту сипатындағы, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын (кибербуллинг) қолдана отырып жасаған әрекеті" деген анықтама берілген. Ал 2021 жылдың 15 қыркүйегінде жобаға жауапкершілік механизмін қосу ұсынылды.