Кез келген қоғамның алға сүйрейтін күші, әрі адамды адам етіп келе жатқан нәрсе – мәдениет. Әр елдің тұрған жеріне, қалыптасқан өмір салтына байланысты өзінің мәдениеті болады. Өткен ғасырдың ортасынан бері музыка әлемі үлкен өзгеріске ұшырап, жаңа субмәдениеттер туа бастады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуының қонақтары "Қазақстандағы субмәдениет" тақырыбын талқыға салды.
Z ұрпағы
1996 жылдан кейін туған буынды кейбір мәдениеттанушылар Z буын дейді. Бұлар технологиялар мен әлеуметтік желілер дамыған дәуірде дүниеге келгендіктен прогрессивті әрі мобильді жастар болып саналады. Ақпараттық заманға тез бейімделген бұл буын қаржы табуды да, басқаруды да жақсы меңгерген. Бұл жылғылар ескі стереотиптер мен құндылықтарға байланбайды. Сонымен қатар, бұл буынды Kardis деп атайтындар бар, яғни әзірге "шынайы өмір сүре алмай жүргендер". Kardisтердің қатарында TikTok, Twitter, Instagram секілді әлеуметтік желі қолданушылары өте көп. Бұл буын әлемдік субмәдениеттерді бойына оп-оңай сіңіреді. Біздің елдің жастары соңғы жылдары Оңтүстік Корея мен Жапонияның аниме, ольччан, q-pop секілді субмәдениеттеріне әуестеніп барады.
Мәдениеттанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Елдос Өсербаев неге Қазақстанда субмәдениет әлі күнге дейін өзекті тақырып екенін айтты.
"Кеңес үкіметі құлағаннан кейін белгілі бір үлкен идеология сонымен бірге құрдымға кетті. Сол идеологиямен тәрбие алған адамдар жаңа Z ұрпақты мәдени тұрғыдан тәрбиелеуге келді. Жас ұрпақ әлеуметтік өмірдегі белгілі бір сұрақтарға жауапты алған тәрбиесімен байланыстыра алмай қалатын. Сол сұрақтарға қоғамнан өз орнын табу үшін олар белгілі заманауи трендтерге, комьюнитиге өздерін біріктіреді. Француз ғалымы Мишель Маффесоли былай мысал келтіреді: "Субмәдениет бұл – қалалық тайпалар, яғни субмәдениет кез келген ұлттың ішінде, кез келген ареалда өмір сүретін мәдениет. Бұл белгілі бір идеяға біріккен аз адамдар тобы", – деді мәдениеттанушы.
Оның сөзінше Қазақстанда субмәдениет отбасылық құндылықтарға кері әсерін тигізіп жатыр, яғни отбасылық құндылықтармен өскен бала қоғамдық ортада басқа мәдени ареал мен құндылыққа тап болады да, ішінде белгілі бір ортаны түсінбеушілік, текетірес пайда болады. Бұл когнитивті диссонанс деп аталады. Ғылымдағы атауы – инкультурация, акультурация процестері. Өз отбасынан әлеуметтеніп шыққанда белгілі бір құндылықтар жүйесі екінші құндылықтар жүйесімен қақтығысқа түседі. Осы кезде түрлі девиантты мәселелер, дау-дамайлар пайда болып, ата-ана баласын түсінбей жатады.
Танымал радиожүргізуші, өзін субмәдениет өкілі танитын Аяна Ғабдуллина субмәдениет әлі де Қазақстанға жете қойған жоқ деген пікірде.
"Біз бұл ұғымды әлі түсініп болған жоқпыз. Оны жақсылап түсіндіру керек немесе адамды ешқандай негізсіз айыптамау керек. Қоғамнан тыс ерекше жиналған топты субмәдениет деп тысқары шығарып жібереміз. Адамды жүріс-тұрысына қарап айыптап, балағаттап жатамыз. Ал оның ішкі мәдениеті, тәрбиесі қандай екеніне ешкім үңілмейді. Сондықтан адамды қай мәдениетке жататынына қарап бөліп ажыратудың қажеті жоқ", – дейді ол.
Мәдениеттанушы Елдос Өсербаев интернет қарыштап дамыған заманда мәдениеттану ғылымында субмәдениет өкілдерін бөліп қарау қиын екенін айтып отыр.
TikTok қандай тәрбие береді?
BIP.house TikTok хаусының негізін қалаушы Асхат Халимов жастардың өзгеге еліктеуінің астарында не жатқанын айтып өтті.
"Мәдениет – әке-шешенің тәрбиесі, тұрған орны, менталитеті және қоршаған ортасы. Сол төрт заттан адамның мәдениеті пайда болады. Жапония, Корея, Қытайда адамдар "кайдзен" жүйесімен өмір сүреді. Оларда мектеп, университетте өз субмәдениеті бар: косплей, әртүрлі қызық заттарды киеді. Ол екі-үш жылдан кейін бәрін шешеді де, жұмыста таңннан кешке дейін отыратын қарапайым жұмысшыға айналады. Жастар қазір неге біреуге еліктеп киінеді? Оларға сенімділік жетпейді, отбасында назар аздау болған. Ерекше киінген соң басқа адамдар "қандай тамаша", "қызық" деп айтады. Адам шашын бояса, қиса – субмәдениет емес, ол – адамның таңдаған жолы", – деп ойымен бөлісті Асхат Халимов.
Оның сөзінше, BIP.house TikTok хаусына алдын ала образы бар адамдар таңдалады. Мақсат – оларды танымал ету. Қазақстандық TikTok хаусына digital-саладағы Kidsfriendly деген қағиданы ұстанады, яғни боқауыз сөздер, ашық-шашық киінбеу, отбасылық құндылықтарға лайықты емес дүниелер жасамау. Контенттің 95%-ы қадағаланып, жарияланар алдында цензурадан өтеді.
"Біз Тиктокқа келген кезде нағыз субмәдениет болды. Тикток бизнес емес. Басында оларды ешкім түсінбеген. Көбінесе бастапқы тиктокерлерді қоғамда адамдар түсінбеген, сол себепті олар тиктокта қолдау тапты", – дейді Асхат Халимов.
Әлеуметтік антрополог, Цюрих университетінің докторанты Индира Алибаева Тиктокта контент жасаған бала шынайы өмірде қалай өмір сүретініне алаңдайтынын жеткізді.
"Әлеуметтік желі оның өмірінің қанша процентін алады, отбасында, қоғамда қаншалықты қалыптасып қалған нормалармен өмір сүреді? Белгілі бір жасқа жеткеннен кейін отбасын құруды ойлауы мүмкін. TikTok-тың өміріндегі орны қандай, қанша уақыт алады – соның бәрін қарау керек", – дейді ол.
Елдос Өсербаев адамдар отбасында ала алмаған назарды, тәрбиені іздеп, қоғамнан өз орнын табу үшін әртүрлі субмәдениеттерге еліктейтінін, соларға қосылатынын айтты. Сол жерде олар өзін белгілі бір тұлға ретінде сезінеді.
"Әлемде әлі де болса отбасылық құндылықтар өмір сүруде, бірақ қазір отбасылық құндылықтар үлкен дағдарыста екенін мойындауымыз керек. Субмәдениеттердің популяциялық деңгейінің өсуі, әлеуметтік желілердің әсерінен отбасылық құндылықтар дағдарыста тұр. Өкінішке қарай, балалар тәрбиені интернеттен алып жатыр", – деді мәдениеттанушы.
Субмәдениеттің қаупі неде?
Мәдениеттанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Елдос Өсербаев әлемде батыстанудан бөлек, шығыстану, арабтану секілді процестер жүріп жатқанын айтады.
"Қазақстан – алып түркі империясының заңды мұрагері және қара шаңырақтың иегері. Көп фактор географиялық орналасуларға тікелей байланысты. Батыстану, ол аз болғандай k-pop, аниме секілді шығыстану болып жатыр. Кейінгі кезде түрлі арабтану процестері де жүріп жатыр. Санымыз салыстырмалы түрде аз болғанымен, қалыптастырған мәдениет, құндылықтар жүйеміздің көп халыққа қарағанда анағұрлым тамыры терең. Қазақ, түркі мәдениеті жалпы локализацияға ұшырауы мүмкін. Батыстану, шығыстану, арабтанудан сақтану үшін түркітілдес халықтар белгілі бір ортаға бірігіп, өзіндік құндылықтар жүйесімен өмір сүруі мүмкін. Түркі одағы секілді қадамдар жасалып жатыр", – деді Елдос Өсербаев.
Оның сөзінше, Оңтүстік Корея не Жапония өзіндік дәстүрлі мәдениеті мен батыс технологиясын ұштастырып "кайдзен" жүйесімен өмір сүреді. Мың жыл бұрын қалай ойласа, қазіргі заманда да дәл солай ойлайды. Ал батыс технологиясын заманауи өмір салтына бейімделу үшін пайдаланады. "Субмәдениеттің қаупі неде? Ол ұлы көш болса, барлық халықты сол бағытпен тікелей алып кетуі мүмкін. Әрине, ұлттық қауіпсіздігіме тікелей қауіпті" – деді мәдениеттанушы.
"Қазақ ұлты өзінің болашағын жарқын еткісі келсе, алып ұлы даланы сақтап қалғысы келсе сырттан келетін, әсері өте көп түрлі мәдениет өкілдерінен шектеуі керек. Оларға белгілі бір редактура жасайтын мәдени консультативті топтар құру қажет. Контентке анализ жасау керек. Оның ішінде белгілі бір ұлттық құндылықтар болуға тиіс. Әлеуметтік желілерден қазақи салт сана, қазақи дәстүрлерді көріп отырған жоқпыз. Субмәдениеттің қазаққа тигізіп жатқан пайдасы өте аз, тікелей коммерциаландыру, батыстану, одан қалды шығыстану секілді процестер жүріп жатыр. Осының алтын ортасын табуымыз керек. Қалай жастарымызды әлемдік көштен қалдырмай, қалай өз ұлттық құндылықтарымызды сақтап қаламыз деген екі мәселені бір жерге тоғыстыруымыз қажет", – деді Елдос Өсербаев.
Танымал радиожүргізуші, өзін субмәдениет өкілі танитын Аяна Ғабдуллина саналы ұрпақты әлеуметтік желілер мен теледидар емес, отбасы тәрбиелейді деген сөзбен тоқтады.
Informburo "Жастардың өзге мәдениетке еліктеп, дәстүрлі мәдениеттен алыстауы болашақ ұрпақ үшін қауіпті ме?" деген сауалнама жүргізді. Нәтижесі келесідей:
Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 13 қараша күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.