Мемлекеттік орталық музей Алматы қаласы әкімдігі мен Президент резиденциясының жанында, яғни қаңтар айының басындағы жаппай тәртіпсіздіктер болған жердің дәл ортасында орналасқан. Бұзақы топтан қашқан жаралы курсанттар мен полицейлерді көрген музей қызметкерлері оларды ішке кіргізіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жаралылардың ізін ала музейге басып кірген бұзақылармен сөйлесуге музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы шыққан. Ол бұзақылардың назарын бұрып, тарихи жәдігерлерге тиіспеуге шақырған.  

Бибігүл Дәндіқарақызы informburo.kz тілшісіне сол күні музейде болған оқиғаларды, бұзақыларды қалай көндіргенін айтып берді.

Бибігүл Дәндіқарақызы, сол күнгі оқиғалар туралы айтып беріңізші. Сіздер қоршауда қалдыңыздар ма?

– Бұл оқиға төтенше жағдай жарияланғанға дейін 5 қаңтар күні  болды. Мен қазір мұражай директорының міндетін атқарушымын, директор демалыста. Сол күні барлығын үйге жіберіп, инженерлік-техникалық қызметтің бірнеше қызметкерінен ғана қалуын өтіндім. Директордың қаржы жөніндегі орынбасары Анар Саметова да қалды. Бәріміз осында болдық. Сағат шамамен 16.00 кезінде бір топ адам музейдің есігін бұзып, ішке басып кірді.

Музейдің сынған есігі. Фото informburo.kz

Олар қанша адам еді?

– Нақ басып айту қиын. Біздің жағдайымыз қандай болғанын білесіз, біз де адамбыз. Басында біз де қорықтық. Ақылдасатын уақытымыз да болмады. Есікті сындырып, адамдар басып кірген кезде әріптестерім Анар Саметова мен Ерболат Әлібиевпен бірге солардың алдына шықтық. Мен бірден келіссөз жүргізуді бастадым, дегенмен ол кезде мұның келіссіз не басқа екенін ойламадым да. Ойымда мәдени мұрамызды сақтап қалу ғана тұрды. 

Ол кезде әріптестеріңіз курстанттар мен полицейлерді жасырып қойды ма?

– Бізде шүберектер, дәрі-дәрмек қорабы бар еді. Әріптестерім оларға алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Оған қарауға уақытым болмады, себебі сол уақытта бізге де қауіп төніп келе жатыр еді. Әріптестерім қолынан келгенше көмектесті. Жаралыларды басқа кабинетке апарды, кейін жертөлеге жасырды.

Басып кірген бұзақыларды экспонаттарға тиіспеуге қалай көндіріңіз?

– Бұл топты не тоқтатқанын қазір ойлап тұрмын. Егер мен мұны көшеде айтсам, олар мені тыңдамас па еді. Бұл жер шағын болғандықтан, олар менің бұл жер халқымыздың тарихи-мәдени құндылығы, біздің құндылығымыз, мұрамыз екенін айтқанымды тыңдады. Егер оларға бір нәрсе болса, бүкіл тарихымыздың жоғалтатынын айттым. Мүмкін осы айтқандарым, мүмкін менің ана, әйел болғаным әсер еткен шығар. Мүмкін оларды музейдің кеңістігі тоқтатты. Бұл жерде ата-бабамыздың мәдени құндылықтары сақталған. Солардың киесі, әруағы тоқтатты ма, білмеймін. Ештеңе ұрланған жоқ, еш нәрсе сынбады. Барлық экспонат орнында. Біз қазір жұмысқа кірісіп жатырмыз. Тек есік, терезе, видеокамералар мен монитор, дыбыстық дабыл сынған.

Экспонаттар орнында. Фото informburo.kz

Олар мұнда қанша уақыт болды?

– Бес сағат. Олар кіріп-шығып жүрді, адамдар қатары алмасып жатты.

Сізге қиын болған шығар? Себебі, жаралыларға да қарау керек, келіссөз де жүргізу керек...

– Бәрі менен қалай құтқардыңыз деп сұрайды. Мен жалғыз болған жоқпын, жанымда ержүрек әріптестерім болды. Олар маған демеу берді. Қазір бәрі өтіп кеткеннен кейін ойласам, қорқынышты. Ол күнгі сәтті ешкімге бермесін. Менің әріптестерім де үлкен шок алды. Өйткені олардың бәрі менімен бірге осы жердегі бүлікшіл топтың ортасында тұрды. Бұл жердегілер өте ашулы болды. Титтей біреңе айтсаң, ушығып кететін еді. Мен шамам келгенше, оларды ұстап тұруға оқталдым.


Оқи отырыңыз: