Әдет-ғұрыпқа айналған қазақы емдер. Қазақ қатерлі ісіктен қалай сақтанды?
2018 жылғы ресми мәлімет бойынша 15 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Тағы 180 мың адам тізімде тұр. Бұдан басқа да қан мен тәнді кеміретін ісік ауруларының түрлері мен оған шалдыққандардың көбеюі және жастарға дейін таралуы қатты алаңдатып отыр.
Қазақ ауылының көшпелі ғұмырындағы әр дәстүр мен ғұрып-әдеттің және ырым-тиымның өз ақиқаты бар. Тарихтан келе жатқан өмір тәжірибесі өз алдына бір дүние. Айна Кеңшілікқызымен кезекті әңгімеміз сол туралы.
Оқи отырыңыз: Обыр жастарды обып барады
Дәрі шөптерді еркек не ұрғашы деп айыра білді
Сай-сайды сағалап, әр қуыстың аузында тас қорасы бар ағаштан қиып салған ыстық үйде тұрған көшпелі қауым бір-бірімен жиі хабарласып, қайта-қайта қонаққа шақырысып, көрінбесе дереу іздеп, үйірлесіп отырушы еді.
Олардың ішінде медіресе ашып, намаз үйреткен молда, тамырын ұстап, дем салып ұшықтайтын бақсы-балгер, шөптің түрін иісінен айыратын емші, көзі таңулы болса да сынған сүйекті құрап шығаратын оташылар туралы жазғанбыз.
Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі
Көшпелі халық күнделікті өмірде жиі кездесетін баланың шетпесін шертуді, үлкендердің ілмесін үзуді, ыстық пен суықтың алма-кезек ауысуынан болатын тұмауды, сақинаны емдеуді жақсы білетін.
Дененің ыстық-суығын теңшеп тамақтануды да сол ауылда жүріп білдік. Марқұм Құрмет ақсақал шөптің еркек-ұрғашысын айырып, ер адамға ұрғашысын, әйелге шөптің еркегін беріп емдеуші еді.
Оқи отырыңыз: Тамыр ұстағанның бәрі – емші емес. Қазақ емі мен халық емшілігін шатастырмаңыз
– Ауылымызда Сақари деген молда, жұлдызшы болды. Жарықтық "күнә болады" деп ешкімге албаты бал ашпаушы еді. Ол кісі құранды ашып қойып, тағдырды не ауруды болжағанда, айтқаны дәл келетін. Тіптен қалай емделу керектігін де айтатын. Дұға оқығанда қара суды теріс ағызатын молдалар болды. Күн жаумаса, тезекке дұғамен дем салып, оны суға салып жібергенде жауын басталатын. Оны "күн жайлату" дейтін едік. Күн жайлатқан адам жауған жаңбырды тоқтата алатын болған, – дейді Айна Кеңшілікқызы.
Ұшықтау – адам организімін түсіну, аластау және тыныштандыру
Үлкендердің әңгімелерінен ұққанымыз – таза жүрмей, қарапайым дұрыс өмір салтын сақтамай, жаза басқан адамға тосыннан ауру жабысады. Оны "ұшынды" дейді. Тіптен, адам моласын, күлді бассаңыз аяғыңыз ауруы мүмкін. Бұл – сіздің ағзаңыздың шошынып ауруы. Оны емдеу тәсілін "ұшық салу" деп атайды.
Тіптен, ас ішкен соң аузын сүртпей далаға шыққан кезде де тамағыңыз шошынып ауруы мүмкін. Сіз оны "тұмау" деп атағаныңызбен қазақ танымында "ұшынып қалдыңыз". Олардың алдын алу тәсілдері "ырым-тиым" ретінде әр отбасында сақталып келеді.
Оқи отырыңыз: Ракты емдеуде әлем ғалымдарының соңғы жеткен жетістіктері қандай
Мысалы, ерінге ұшық пен ауыздық, көзге теріскен шықса, оны қарапайым тәсілдермен емдеп жазып жүргенін күнде көреміз.
Ауыздағы ұшықты таңертең ұшықтайды немесе үлкен кісінің ышқыр бауымен ысады. Ауыздықты жүгеннің ауыздығымен ысса жазылады. Ал, теріскенді "теріс кет" деп ырымдап, оң көздегісін кетіру үшін сол қолдың саусағына жасыл жіп байлайды немесе "көзіме теріскен шықты" делінетін жеті адал, жеті арамнан тұратын малдың атын айтып жиіркендіру арқылы жазады.
Мұнда адам баласына сирек көрінетін жаратылыстардан (жын-шайтан, пері соғу) шошып, ауырып келгенді сыртта жатқан ескі құрым киізбен үйді айналдыра ұшықтап барып, ішке кіргізгенін көзіміз көрді немесе, "әттең-ай, ұшық бопты ғой. Уағында ұшықтатуды білмеген екенсіңдер" деп жататынын естідік.
Тағы да оқығыңыз келсе: Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?
Ұшықтауды ғылым түсінбейді
Этнограф Бабақұмар Қинаятұлының айтуынша қазақ емінде ұшық бірнеше түрге бөлінеді. Олардың бастылары "су ұшық", "қазан ұшық". Кейбір ғалымдар ұшықты адам денесіндегі биоэнергиямен байланыстырады. Бірақ әлі ешкім терең зерттеп, жауап бермеген.
Әріптесім өз басынан өткен мына бір оқиғаны айтып берді.
Бірде сіңлісі қатты ауырып, сандырақтап жата беріпті. Емханаға апарса да дұрыстала алмаған. Мөлшермен үшінші аптаға барғанда есі ауып жығылады. Дәрігерлерден үмітін үзген Елмұра бірден Шымкенттегі өзіне таныс емшіге апарыпты.
Емші молда тамырын ұстап көрген соң, "Жаман жерді басып кеткен екен. Ұшықтап, дем салып беремін. Егер одан жазылмаса менен де үлкен молдаға апарыңдар" депті.
Ұшықтатып қайтқан әріптесім ауылына келгенде сіңлісінің өңі түзеліп, қалпына келгенін еске алды.
Жалпы жабысқан ұшықпен дертті айыра білетіндер болған. Бұл барлық түркі халықтарында сақталған. Бірақ азайып барады.
Таңғы ас туралы аңыз
Қазақта "таңғы асты тастаса, ырысы кетеді, бағы таяды" деп ырымдайды. "Таңғы ас тәңірден" дейді. Ол туралы аталарымыз мынандай аңыз айтатын.
Бірде бір ақылды жігіт болыпты. Оған ханның тоқалы ғашық болып, сөз салады. Жігіт "ондай ұятсыздыққа бармайтынын" айтып, көнбейді.
Қатты өшіккен аяр әйел оны өлтіруді ойлап, жан алушы жандайшапқа "Ертең таңертең ерте бірінші болып кім келсе, соның басын ал" деген бұйырып, хат жазып, жібереді.
Ертесі таңертең ханшайым жігітті жандайшаптан жауап алып келуге жұмсайды. Жолда келе жатқанда оған танысы кездесіп қалады. "Шай ішіп кетіңіз" деп жігітті үйіне шақырады. "Таңғы асты тастама" деуші еді аталарымыз деп ойлап, бұрылады.
Шай ішіп алып, жандайшапқа келсе, ханшайым өліп жатыр дейді.
Сөйтсе, ханшайым өлгенін көремін деп, жігіттің артынан іле-шала шығып келген екен. Жолда шай ішіп, кідіріп қалғандықтан жігіт аман қалыпты. Ал, бірінші боп жеткен ханшайымды жандайшаптар бұйрық бойынша өлтіріп тастаған екен.
Бұл аңыз не үшін айтылған?
Себебі, таңертең адамның асқазаны босап, тамақ дәметіп, бүкіл ас қорыту жүйесі жұмысқа дайын тұрады Ас қорыту сұйықтығы бөлінеді. Егер уағында тамақ ішпесе, сілекей, ұйқы безі сұйықтықтары асқазанның түктерін жеп қояды. Осылайша асқазанда жара пайда болуы мүмкін. Бұдан басқа ас қорыту жүйесі зақымданып, тамақ қорыту тәртібі бұзылады.
Қазір таңғы асты ішпей, оқуға не жұмысқа кететіндердің көбінің түрлі асқазан ауруларына шалдығу содан деп жатыр. Тіптен ондай аурумен балалар да ауыратын болды.
"Батыс мәдениеті келгелі қатерлі ісік көбейді"
Қазақта "Тұз – астың иманы", "Астың сәні – тұз, елдің сәні – қыз", "Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?" деген аталы сөздер бар. Ата-әжелеріміз тұзсыз шәй ішпейтін. Етті де тұздап кептіреді. Тіптен, жаңа туған сәбиді қырық күн тұзға шомылдыратыны бекерден бекер емес. Тұздың құрамында йод болады.
Қазақстанда 2018 жылы қатерлі ісіктен 15 мың адам көз жұмды. Ал халық саны Қазақстанның үштен біріндей Қырғызстанда тіркеуде 25 мың адам отыр. Бізбен салыстырғанда 50%-ға аз. Өзбекстандағы 31 млн халықтан әр жылы орта есеппен 12 мың адам өледі екен.
IARC (Рак ауруын зерттеу халықаралық агенттігі) мәліметі бойынша дамыған елдердегі ісік ауыруларының мөлшері өте жоғары. Әр 100 мың адамнан ісік ауруынан бір жылда қайтыс болатындардың саны мөлшермен:
- Россия – 200
- Қазақстан – 80
- Өзбекстан – 38
- Қырғызстан – 90
Тұзды пайдалану тарихи тәжірибеде бар
Мысалы, тұз микробтарды өлтіріп, майды ертеді. Сасып-шірудің алдын алады. Түйенің шудасына тұзды су құйып сынған жерге, ауырған буынға тартса сарысуды және суықты тартып әкетеді. Сонымен бірге адам денесіне шай не тамақ арқылы барған тұз тері түтікшелері арқылы шығады да иммунитеттік қуатты арттырады және түрлі қалдықтарды ерітіп алып кетеді. Осылайша артық майдың жиналуының, семірудің алдын алады.
– Кішкентай кезімізде шешеміз қара тұзды майдалап қоюшы еді. Әсілінде, бұлақ не өзен суы құрамында тұз және йод болмайды. Ұзақ уақыт тұзсыз суды тұтынса бұғақ (зоб) ауруына шалдығуы мүмкін.
Алайда, қазақтар етті тұздап, сүрлеп жейді және шайға да тұз қосып ішетіндіктен денедегі май құрамы тез ериді. Сонымен бірге тұз артық микробтарды өлтіретіндіктен адам еті ширап, басқа паразиттердің бүлдіруіне қарсылық қуаты да артады. Түрлі ісік аурулары мен тері аурулары жоламайды. Жарақаттанса да тез жазылады.
Батыс мәдениеті келгелі қазақ тұзды тұтынудан шектеле бастады. Соның кесірінен қанша адам қатерлі ісік ауруларына шалдықты. Тұзбен шай ішетін үйде мұндай ауру болмайды, – дейді Айна апай.
Кейбіреулер тұз майды ертетіндіктен қан тамырларын қатайтады деп қарайды. Оның үстіне тұзды көп тұтынбаған адамдар үшін қан қысымын көтеретіні белгілі. Алайда шай не аспен келген қалыпты тұзды адам организмі реттеп қабылдайды да қалғаны термен шығып кетеді. Семірудің алдын алады. Әсіресе, әр күні жүріс-тұрысы көп адамдар үшін өте пайдалы екені белгілі. Дегенмен, ешқандай қозғалыс жасамай тұзды тұтынуды түсіну қиын.
Тіптен, малға да тұз беріп, ащылатпаса ауру көбейеді ғой!? Сол үшін қораның ішіне кесек тұздарды тастап қояды, ащылаған мал кеміріп тұрады.
Оқи отырыңыз: Белсіз қалсаң, дертті болсаң саумал іш. Ол – адам ағзасын емдейтін бірегей дәрумен
Ұлар етінің қасиеті
"Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етің жедің бе?" деген аталы сөз бар.
Ұлар демекші, ұлар етін жеген адамның денесі тазарып, ауру-сырқаудан жазылады дейтін үлкендер.
Ұлар – биік таудың басын мекендейтін құс. Жайлауда сөреге де келіп қонғанын көзіміз көрді. Өте сақ, қорым тастардың арасында жайылып жүргенде көрінбейді.
Таудың қарама-қарсы екі бетіне екі адам шығып, құсты үркітіп қарсы ұшырады да, ұтылап қуып, шаршатып қалың қарға кіргенде қуып ұстаған да кездер болды. Кейде, көп жайылатын жолына шөп салып, тұзақ құрып та ұстайды.
Ұлардың еті піскенде аппақ болады. Сорпасы мен етін жеген адамның денсаулығының жақсарғаны туралы әңгімелер көп. Кейде дала дәрігерлері ем жасағанда "өмірінде бір рет болса да ұлар етін жеген-жемегенін" сұрайды. Соған қарай ем жасайды. Бұл үрдіс қазір кейбір Моңғолия дәрігерлерінде де бар екен.
Кезінде аталарымыз қылыш-найзадан жараланып, еттері орылып кеткенде сағыз топырақтың үстіне от жағады екен. От күйдіріп қыздырған топырақты ыстықтай жараға сеуіп, басып күйдіреді. Сол кезде қан да тоқтайды. Сосын сол жерге үгітілген ұлар етін сеуіп тастайды және ұлардың майын жағады. Жара еш дақсыз жазылады екен.
Қазақ бойтұмарсыз жүрмейді
Бойтұмар немесе тұмар адамды ауру-сырқаудан, ұшықтан, қастандықтан сақтайды деген түсінік бар. Оны тек түйсігі бар адамдар ғана біледі деп есептейді.
"Тілің тасқа", "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады" деген аталы сөз бар. Тіл-көздің тиюі – ғылымның шамасы келмейтін өмірде дәлелденген іс.
Көзінің не тілінің сұғы бар кісі сұқтанып қараса, сол адам иә жануар қалпақтай ұшады, ауырады. Жеңіл болса, жазылады. Ауыр болса, кемтар боп қалады. Тіптен өледі.
Тіл-көз тиген не көздің сұғы өткен ауруды дәрігерлер емдей алмайды. Сол тіл-көзі тиген адамның ұлтарағымен немесе сол адам ұстап кеткен есік жақтауларын сүрткен сумен ұшықтайды. Басқа да халықтық емдеу жолдары бар.
Этнограф Бабақұмар ағамыз:
– Көзқарақты молдаға дұға жаздырып тұмар етіп тағып жүру – көшпелі қазақта қалыпты өмір дағдысы болды. Немесе тұмардың ішіне жеті тас салып, дем салдырып, тағып қояды. Кейде аюдың , бүркіттің, қасқырдың тырнақтарын, қасқырдың асығы мен тісін және басқаын тағып жүреді.
Сонда адамның назары сол заттарға түседі.
Егер тұмар тас тағып жүрген адамға тіл-көз тисе, тас қарс айырылады немесе үгітіліп кетеді. Тіл-көз тиген адамның арқасы қаракөк болып, қан жүрмей, қызып ауырады. "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады" деген осыдан шыққан, – дейді.
Кей адамдардың көзінде не тілінде қалы болады
– Ондай адамдардан қатты абайлау керек. Ондай қасиеті барлар адамға тесіліп қарамай, негізінен назарын аудармай жүруге дағдыланған. Немесе "Ау, ана баланы әкетіңіздерші" деп алдын ала ескеріп отырады.
Жүйрік аттарды тіл-сұқ тимесін деп кежімдейді. Кейде тұмар да тағады. Балалардың бетіне күйе жағу, жаман киіндіру де сондай тілі мен көзінде сұғы бар адамдардың назарын басқа жаққа бұру үшін істелген ырымдар, – дейді Бабақұмар ағамыз.
Көз тиген адамның денесін кейде жара басып кетеді. Оны "көз жара" деп атайды.
Жиренше шешеннің анасының биесі туралы аңыз
Бірде атақты Жиренше шешеннің анасының сүтті биесі болыпты. Биені сайдың басындағы ел көрмейтін жерге апарып сауады екен. Бір күні екі аттылы адам көрмекші болып, биені саууға шыққан ананың артынан еріпті.
"Гүрпілдетіп" сауып отырып, анадай жерде келе жатқан екі адамды көріпті де бір кесек қара тасты шелекке сала салыпты.
Келген екі жігіттің бірі "Бие сауғалы кеткеніңізге көп болды, әлі сауып бітіре алмай жатырсыз ба?" деп таң қалған екен.
Сауған сүтін үйге әкеліп, астауға құйған кезде шелектегі тастың қақ бөлінгенін көрген екен.
Қонақтың тілі тиді
– Біздің бір сабақта өте ұғымтал қарындасымыз болды. Мектеп жасына жетпей көптеген өлеңдерді жатқа айтып, елді таң қалтыратын. Білмейтіні жердің астында дейтінбіз. Бірде үйге келген қонақ "Не деген мықты бала!" деп таңданды. Қонақ есіктен шыға, бала ауырды.
Көрші тамыршы ақсақалға апарғанымызда "Үйге қонақ келіпті. Соның тілі тиген" деп дұға жазып, дем салып ұшықтады. Содан әрең жазылды. Тамыршының "Негізі қонақ кетпей тұрып емдесе, тез жазылатын еді" дегені есімде. Сосын бәрімізге тұмар жаздырып тағып алдық.
Апайымыз қара тасты қапшығына салып жүретін. Бірде алысқа кетті. Келген соң "Бұрын арық едің, толып кетіпсің" деп бірнеше таныстары таң қалған екен, алып жүрген тасы екіге бөлініп қалыпты, – деп еске алды Айна Кеңшілікқызы.
Біз көзбен көргенімізді, құлақпен естігенімізді айттық. Ал арғы жағын көзқарақты оқырман өздері білер.
"Қызылша тіріде шықпаса, өлгенде сүйегіне шығады"
Себебі, оны тудыратын микробактериялар адам денесінде сақталады.
Этнограф Бабақұмар ағамыздың айтуынша, Қазақстан археологтары қазып алған неше мың жыл бұрынғы адам сүйектерінен осы ауру іздерінің табылғаны туралы дәлелдер бар.
Қызылша адам денесіне сулы қызыл бөріткен болып шығады. Қызуы көтеріледі. Балаларда әсері төмендеу, ал ересектерде ауырлау болады. Қызылша шыққан адамды жел, жарық, суық тигізбей бірнеше апта дейін қараңғы үйден шығармайды. Сонымен бірге мүмкін болса қызыл киім кигізеді. Терлетеді.
Қызыл бөрткен біртіндеп қарайып ұшады. Бұл бірнеше аптаға жалғасады. Адам денесінің сыртымен қоса ішкі органдарына да шығады делінеді.
"Әжеміз босана алмай қиналған аналарды емдейтін"
– Жарықтық Тоқтабай деген нағашы әжемізге баласы теріс келіп, босана алмаған әйелдер емханадан қашып шығып келуші еді. "Оң ба, теріс пе?" деп ырымын жасап, дұғасын істеп, ем-тәсілін қолданып сап-сау босандырып алатын. Қазір сол кісі босандырып, аттарын "Оңалған", "Қиналған" деп қойған кісілер бар. Біз әжемізге "Сіздің балаларыңыздың аттары қызық, қисық" деп мазақтаушы едік.
Сол әжеміздің әкесі Сегізбай деген нағашы атамыз өтті. Марқұмның руы – Керейдің Шыбарайғыры. Сол кісінің үйіне бала тұрмай шетінеп кете беріпті. Сол үшін әжемізді Тоқтабай қойған екен, – дейді Айна апай.
Әжемізді айшылық жерге апарып емдетіпті
Айна:
– Сол әжемізге де ұшық жабысып, 13 жасқа дейін оңала алмаған екен. Дұрыс жүріс-тұрыстан да қалған. Сонымен әкесі қос ат жегіп, айшылық жолдағы Сәбит деген емшіге апарғанын үнемі айтып отыратын.
Аттың ерінің үстіне жайдақтап төсеніш жасап жатқызып, ақырын, айлап жүріп барған екен. Емшінің аты есінде қалмапты. Бар айтқаны "Бір айдан кейін кел, жазылады" депті. Сонымен баланы қалдырып кетіпті. Әжеміздің айтуына қарағанда шашын қырып тастап, басына тотияйын тартып емдепті. Әлсіреп кетпеуі үшін арнайы шөп дәрілер беретіні тағы бар. Әжеміз содан жазылды.
Ол кісінің артынан Қабдолла деген нағашыларымыз ерді. Ырымның құдіреті осы ғой. Ол ниет пен амалдан тұрады. Сол үшін құдай тілегін қабылдайтын шығар, – дейді.
Асқазан жарасын емдеді
Бізге жақын тұратын Мәмила деген молда, емші кісі болды. 1992 жылы асқазаныма ас батпай, су ішсем қан құсып ауырдым. Сонда сол кісіні іздеп бардым. Сол кісі тамырымды ұстады да "Үш ай бұрын жабысқан екен. асқазаныңның түгі қырылып кетіпті. Қазір жассың, емдеуге болады. 40 жастан асқан адамдарды емдеу қиын" деп емдеді. Бұл да – Айна апайдың әңгімесі.
Емі – шөп дәрі, әр күні бір уақ ішем. Сосын мәліннің (Мысық тектес жыртқыш аң) желке, тарамыс майын сорғызады және әр күні таңертең таза спирттен жасалған дәріден бір қасық жұтқызды. Содан жазылдым. Қазір сол аурумен ауырғандар көп қой. Көбі жазыла бермейді.
Баланы сорпаға шомылдырады
Бала шала туылса атын "Шалабай" не басқа аттармен ырымдап қояды да түлкі тымаққа салып, керегенің басына іліп қояды. Әр күні керегенің бір көгінен келесісіне алмастырып, уақытты есептеп отыратын болған.
Сонымен бірге күнара сүйектің сорпасына да шомылдырған. Сонда сүйектің құрамындағы тірі кальций баланың терісі арқылы да қабылданады және қуат береді екен.
Денсаулық тәрбиесі ана құрсағынан басталады
Әжелеріміз бала іште жатқан кезден тәрбиені бастайды. Жүкті анаға дәретсіз тамақ жегізбейді. Ұрлық-қарлықтан, талан-таражбен келген тамақтан бермейді. Жаман сөз айттырмайды.
Сәби шыр етіп жер бесікке келгеннен бастап, қырық күн тұзды суға, қырық күн күміс салынған суға шомылдырады. Қарын шашын алып, ақ батасын беріп, тілектерін бесік жырымен бірге құлағына құяды.
Ес білгеннен бастап өзгенің ала жібін аттамауды, біреудің қарғысына, наласына қалмауды, жетім-жесірге қамқор болуды үйретеді. Тіптен, көк шөпті жұлғызбайды. "Құстың жұмыртқасын жарса беті шұбар боп қалады, қарғайды", "қоңыр аңның киесі болады", "астың кепиеті атады" деп сіңіреді.
Әр күні айтылатын қисса-дастандар, аңыз-ертегілер, батырлар мен би-шешендер жайлы айтылатын ұлағатты әңгімелер баланың санасына сіңіп, жүрегіне ұялайды.
Ұшықтан да ісіктен де сақтан
Таза да тәрбиелі баладан ешқашан жаман адамның шықпайтыны түсінікті. Таза, түзу жүрген адамға ұшық та жоламайды.
Ал ісіктен сақтанудың жолы – тамақтанудың дұрыс салтын қалыптастыру. Атап айтқанда, таңғы асты тастамау, ішетін астың ыстықтық және суықтық қасиетін білу, кішкентай кезден бастап ағзаны тұзды шәй мен тамаққа бейімдеу, келсе-келмес тәтті тағамдары жей бермеу, дайындалуы мен сақталуы белгісіз батыс тағамдарына құмар болмау.