Bek Air ұшағы соғылған үй иесі баспанасын заңдастырып үлгермеген
Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы соғылған үйдің тиісті құжаттары болмаған. Бұл туралы informburo.kz тілшісіне баспананың қожайыны Ришат Қалибек айтып берді. Оның сөзінше, қос қабатты там бос тұрған. Өйткені үйдің құрылысы аяқталғанымен, тиісті коммуникация тартылмаған екен. Сондықтан, баспананың тиесілі құжаттары да рәсімделмепті. Енді Қалибектер әулеті сау тамтығы қалмай, қирандыға айналған үйге өтемақы төлене ме деп алаңдап отыр.
Ұшақ апаты туралы толығырақ мына жерден оқыңыз: Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Қаза тапқандар бар
"Үйдің көлемі 180 шаршы метр, әуежайдың қоршауынан қашық емес. Сондағы барлық үйлер бір деңгейде тұр. Жерім 6 соток, тиісті құжаттары бар. Алайда баспананың құжаттарын әзірге рәсімдеп үлгермедім. Сондықтан, өтемақы төлейді ме, ол жағы белгісіз. Дүйсенбі Талғар ауданының әкімі қабылдауына шақырды. Сол жерде нақты шешімдерін айтатын шығар. Әрең дегенде салып бітіргенде мынандай жағдай болды. Үйдің түгі қалмай қирап қалғаны өкінішті. Дегенмен, бізді құдай бір ажалдан сақтаған болар. Отбасымда бір балам және әйелім бар. Қытайдан көшіп келген қазақтармыз", – деді Ришат Қалибек.
Үй иесі әуежай маңыннан жер телімін 2014 жылы сатып алыпты. Ол онда өзінің отбасымен тұруды армандаған. Тіпті, Қытайдағы әке-шешесін көшіріп әкелуді жоспарлап жүріпті. Алайда баспананы бірден тұрғызуға отбасының жағдайы келмеген. Қаржы жетіспегендіктен, құрылыс жұмыстары 5 жылға созылған.
Оқи отырыңыз: Апаттан қаза болғандардың отбасына 4 миллион теңге көмек беріледі
"Құрылысты тек биыл бітіріп, ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған еді. Нысанның ішіне тіпті аздаған жиһаз да кіргізіп қойғанбыз. Бірақ тағы да қаржылық қиындықтар туындап, коммуникация тарта аламадық. Жарық, су жоқ болғандықтан, осы жылы Шелек ауылындағы туыстарымның үйінде тұратын болып шештік", – деді Ришат Қалибек.