Баспана кезегіне тіркелу үшін не білу керек?
Тұрғын үй қатынастары туралы заңның талабына сәйкес, Қазақстанда коммуналды немесе жалдамалы үй арнайы кезекте тұрған, сол елді мекенде тұрақты тіркелген ҚР азаматтарына беріледі.
Жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй кезегіне келесі азаматтар тіркеле алады:
- ҰОС ардагерлері;
- жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
- халықтың әлеуметтік әлсіз топтары (төмендегі тізім бойынша);
- мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;
- жалғыз үйі заң бойынша апатты ден танылған азаматтар.
Осы заңның 68-бабында көрсетілгендей, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын келесі санаттағы адамдар тіркеуге қойылады:
- жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
- Үкімет бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
- жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
- оралмандар;
- экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
- толық емес отбасылар.
Тұрғын үй алу үшін әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы 12 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс шегінің 3,1 есе мөлшерінен аспауы тиіс.
2020 жылғы ең төмен күнкөріс шегі – 32 668 теңге.
Сәйкесінше: 32 668 х 3,1 = 101 270,8 теңге.
Ескерту: тұрғын үй алу үшін ең төменгі күнкөріс шегінің 3,1 есе мөлшері коэффициентінің ерекше бала тәрбиелеуші отбасыларға қатысы жоқ.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар
Баспана кезегіне тұру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш жазу керек.
Қажет құжаттар тізімі:
- бекітілген үлгідегі өтініш;
- өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке куәлігі мен паспортының көшірмелері;
- неке қию (ажырасу) куәлігінің, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
- баланың мүгедектігін растайтын анықтаманың көшірмесі;
- өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік жоқ екенін растайтын анықтама.
Ескерту: өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері тұрғын үй кезегіне тұратын елді мекенде кемінде 3 жыл бойы тіркеліп, тұруы тиіс. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің атында мұрагерлік баспана үлесі де болмауы шарт.