15 қыркүйектен басталған емханаға (медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымына) тіркелу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады. Бұл – түрлі себепке байланысты емханасын ауыстырғысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Егер бұл мерзімді өткізіп алса, келесі жылғы науқанды күтуіне тура келеді. Емханаға тіркелудің шарттары мен жолдары туралы Informburo.kz бұған дейін түсіндірген болатын. Ал бүгін балаларды тіркеуге қатысты мәселелерді тізіп отырмыз. Оларды ата-анасы не қамқоршысы емханаға тіркей алады.

№1. Egov.kz порталы арқылы тіркеу

Бұл үшін ата-анада ең алдымен ЭЦҚ болуы қажет. Сол арқылы Еgov.kz порталына енгеннен кейін "Денсаулық сақтау" – "Медициналық көмек""Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметін таңдау керек. Кейін "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басып, өтініш бересіз. "Қызметті алу"деген жерде "балаға қызмет көрсету" опциясын басасыз. Содан соң жүйе баланың жеке сәйкестік номерін (ЖСН) енгізуді сұрайды. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолданады. Процесс аяқталған соң тұратын өңірді және таңдаған медицина ұйымын көрсетесіз. Тіркеу себебі, учаскелік дәрігер сынды өзге де мәліметтерді толтыру қажет.

Қызмет көрсету мерзімі 1 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Жауап жеке кабинетке келеді.

Оқи отырыңыз: Бүгін емханаға тіркелу науқаны басталды. Өзге клиниканы таңдау жолдары қандай?

№2. Telegram-bot арқылы тіркеу

Ол үшін Telegram мессенджерінде @Kenes1414Bot-қа жазылып, менюде "Қызметтер" бөлімінен "Денсаулық сақтауды" таңдап, одан кейін "Медициналық ұйымға мессенджер арқылы тіркелу" дегенді басу қажет. Бот қызметті кімге аласытыныңыздыссұрағанда, "Балаңызға" деген жауапты таңдау қажет. Оның ЖСН нөмірін жазып, мекенжайыңыз туралы мәліметті растайсыз. Содан соң емхананы таңдай аласыз.

Қызметті көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні. Ботпен жұмыс істеу үшін телефон номеріңіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы шарт. Мобильді азаматтар базасына тіркелудің жолдары туралы осы жерден оқуға болады.

№3. Емханаға келіп тіркеу

Баланы емханаға тркеудің үшінші оффлайн жолы – емханаға келіп, өтініш жазу арқылы тіркеу. Бірақ, бұл аса құпталмайды, тек ерекше жағдайда (мәселен, бала мүгедек не шетелде туған болса) ғана рұқсат етіледі. Жалпы, емханаға келіп тіркелу мүмкіндігін келесі санаттарға жататын азаматтар пайдалана алады:

  • зейнеткерлер мен мүгедектер;
  • 18 жасқа дейінгі студенттер;
  • балалардың заңды өкілдері мен балалық шақтан мүгедек азаматтардың қамқоршылары;
  • шетелде туған балалар;
  • түрмеде жазасын өтеп жатқандар;
  • әскери борышын өтеп жатқан жауынгерлер;
  • балалар мен бөбектер үйінің, қарттар үйінің тұрғындары;
  • ресми сенімхат негізінде тіркелгісі келетін азаматтар.

Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап

№4. Емханаға тіркеу үшін қажет құжаттар

  • Бала не жасөспірімнің ата-анасы не қамқоршысы – өзінің жеке куәлігі және тіркелушінің жеке басын куәландыратын құжатын;
  • Қазақстаннан тыс жерде туған бала не жасөспірімнің ата-анасы не қамқоршысы – тіркелушінің шет мемлекетте туғанын растайтын құжатты;
  • Балалар үйі – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқарудың жергілікті атқарушы органдарының шешімін ұсынады.

№5. Таңдаған емхана қызметін қай кезден пайдалануға болады?

Тіркеу науқаны кезінде емхана ауыстырған азаматтар аталған медицина ұйымының қызметін келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Ал жыл соңына дейін бұрын тіркелген емдеу мекемесінің қызметіне жүгінеді.

Оқи отырыңыз: 15 қыркүйекте тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталады. Екпені кім тегін салдыра алады?

№6. Емхана баланы қандай жағдайда тіркемеуі мүмкін?

  • тіркеу үшін ұсынған құжаттардағы мәлімет қате болса;
  • тұрғылықты мекенжай таңдаған емханадан тым алыс болса;
  • бір дәрігерге тіркелген адам санының 1 700 адамнан, учаскелік терапевтке тіркелгендер санының 2 200-ден, учаскелік педиатрға тіркелген 0-6 жасқа дейінгі бала саны 500-ден, 0-14 жасқа дейінгі бала саны 1 400-ден асып кетсе;
  • тіркеушінің баланың заңды өкілі екенін растайтын құжаты жоқ болса.
Емдеу мекемесі баланы негізсіз тіркемеген жағдайда келесі жолдармен шағым қалдыруға болады:
  • 1406 байланыс орталығы;
  • Qoldau 24/7 қосымшасы.

№7. Баланы жеке меншік медицина ұйымына тіркеуге бола ма?

Иә, болады. Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік қана емес, жеке меншік емханаға да тіркеле алады. Бастысы – сіз таңдаған емхана мен Медициналық сақтандыру қоры арасында келісімшарт болуы тиіс. Тіркеу науқанына қатысатын емханалар тізімі қор сайтында орналасқан.

№8. Емханаға тіркеу үшін баланы сақтандыру керек пе?

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылады. Сондай-ақ, емханаға тіркеу кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан тіркелу үшін сақтандыру мәртебесінің болуы шарт емес.