Балаларға арналған баспана. Жаңа "Арнау" тұрғын үй депозитінің артықшылықтары қандай?
1 маусымнан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі балаларға арналған "Арнау" депозитін іске қосты. Жаңартылған бағдарлама қазақстандық ата-аналарға кәмелет жасқа толмаған балаларының атынан шот ашып, баспанасының алғашқы жарнасын қазірден жинай беруіне мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
"Арнау" депозитінің шарттары:
- жылдық сыйақы мөлшерлемесі: 2 пайыз;
- ең төменгі жинақ мерзімі: 10 жылдан 15 жылға дейін;
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: 14 пайызға дейін (мемлекет сыйлықақысын қоса алғанда);
- жинақ мерзімі біткен соң, қарыз бойынша жылдық мөлшерлеме: 2 пайыз (ЖТСМ 2,1 пайыз);
- жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы: 20 пайыз (бір жыл ішінде жиналған 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейінгі жинақ сомасына);
- депозит ашу тегін;
- депозит иелеріне арналған несиелендіру мерзімі: 6 айдан 10 жылға дейін.
Ескеретін бір жайт, салымшы "Арнау" депозитінде шарт сомасының тең жартысын кем дегенде 10 жыл бойы жинап, оның бағалау көрсеткіші 48-ге жетуі керек. Депозит иесі осы талаптар орындалған соң ғана 2 пайыз жылдық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады.
Несие тек кәмелетке толған депозит иесінің атына беріледі. Яғни, үй алар сәтте баланың жасы 18-ден асуы тиіс.
Депозиттің қосымша артықшылықтары қандай?
- Салымшының төлем қабілетін растау процедурасы жеңілдетілген. Әдетте еңбек жолын енді бастаған жастардың жалақысы төмен болады. Алайда "Арнау" депозитінің иесі табысы аз болған жағдайдың өзінде несие ала алады;
- Депозитті 18 жасқа дейінгі кез келген балаға ашуға болады. Мысалы, баланың жасы 15-те болса және оның атына депозит ашылса, 10 жылдан кейін, яғни 25-ке келгенде 2 пайызбен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады;
- Тек ата-ана/қамқоршылар ғана емес, ата-әже, аға-әпке, тіпті ұйымдар баланың атына "Арнау" депозитін ашып, оны толықтырып отыра алады.
Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?
Қандай жағдайда салымды бөлуге рұқсат етіледі?
"Арнау" депозитін бөлуге, басқа тұлғаның атына рәсімдеуге және біріктіруге (мысалы, "Отбасылық пакет" бойынша) болмайды. Сондай-ақ, "Арнау" депозитіне басқа тариф бағдарламаларынан өтуге болмайды.
Тек төмендегі 2 жағдайда ғана салымды бөлуге рұқсат етіледі:
- мұрагерлік тәртібінде меншік құқығы пайда болғанда;
- заңды күшіне енген сот шешімі бойынша.
Алайда, бұл жағдайда салымды қабылдап алған адамға "Арнау" депозитінің жеңілдетілген шарттарын қолдану мүмкіндігі берілмейді.