Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Балаларды компьютермен қамтып үлгереміз бе?

Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Айтқұлованың сөзінше, жаңа оқу жылында компьютер қажет ететін 77 мыңнан астам адам анықталған. Оларды компьютермен, планшетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен және мектептер үнемдеген қордан ақша бөлінген. 25 тамызға дейін 9 мыңнан астам компьютер берілсе, қалғаны кезең-кезеңімен жеткізілмек. Оқушыға компьютер қажет болса, ата-ана сынып жетекшілеріне хабарлауы тиіс.

Media Bilim журналының редакторы Жәнібек Көшкінбаев болса, үш айда жасалмаған жұмысты үш-төрт күнде бітіру мүмкін емес дейді.

"Әр келген министр өзінің жаңалығымен келіп, жаңа оқу жүйесін енгізеді. Әрбір министр тарихта із қалдыру қағидасын ұстанатын сияқты. Реформа әкеледі. Келесі министр оны жалғастырмай, жаңа реформа енгізеді. Қашықтан оқудан бұрын дәстүрлі оқытуда кадрлар үлгере алмай жатыр. Қашықтан оқыту білім сапасын құлдыратады. Жергілікті әкімшілік пен білім бөлімдері асыра сілтеп, ноутбук сатып алған жағдайлар бар. Алматының өзінде 77 мың адам мұқтаж болса, оның 9 мыңына ғана жеткізілген. Үкімет үш ай бойы екінші толқынның күзде болатынын, қайталанатынын айтты. Бірақ Білім және ғылым министрлігі бұған мүлдем дайын емес екенін көрсетті. Алматыда жағдай осындай болса, басқа жерлер туралы айту тіпті қиын", – деді Жәнібек Көшкінбаев.

Ал Tamоs Education мектебінің директоры Жанар Күлиева өтініш жасаған мұқтаж ата-аналарға, ұстаздарға мектеп компьютерлері берілгенін айтты.

Білім министрлігі жаңа оқу жылына дайын ба?

Жанар Күлиеваның сөзінше, әр өңір алға қойған мақсат-міндеттеріне сай оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізген. Десе де, бала саны, тығыздығына орай әр өңірге тән мәселелер бар.

"Барлық өңірге бірдей жауап беруге болмайды. Қол қусырып қарап отырған ешқандай мұғалім не білім мекемесі жоқ. 100% дайын деп айту қиын. Мектебіміз жаз бойы 5 мыңнан астам видеосабақ түсіріп, порталға салып қойды. Оқу оффлайн болса да, онлайн болса да, 100% дайынбыз. Ата-аналар арасында сауалнама жүргізгенде 85 пайызы дәстүрлі форматты талап етіп отыр. Бала мектепке келген соң ұстазбен тікелей жұмыс істейді. Ара қашықтықты, санитарлық талаптарды сақтау мәселесі бар. Маскалар, антисептиктер дайындап, кабинеттерде бактериалды кварц шамдарын қойдық", – дейді жекеменшік мектеп директоры.

Ал Жәнібек Көшкінбаев мұғалімдер қашықтан оқытуға мүлдем дайын емес деген пікірде.

Оқи отырыңыз: Мұғалім еңбекақысы, оқулық сапасы, мектеп бюджеті. Жаңа оқу жылында болатын өзгерістер қандай?

Алматыда кезекші топтар неге 1-2 сыныптарға ғана ашылады?

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, қалада 6-10 жастағы балалар арасында 117 созылмалы пневмония жағдайы тіркелген. Ал сыныптарды ашу эпидемиологиялық ахуалға тікелей байланысты.

"Германия екі апта бұрын мектептерді ашқаны сол еді, 41 індет ошағы табылды. Жүздеген оқушы мен оқытушылар карантинге жіберілді. АҚШ-та, Израиль мектептерінде де коронавирус тіркеліп жатыр. Мектептерді эпидемиологиялық ахуалға қарай абайлап, кезең-кезеңмен ашамыз. 1-2 сынып оқушылары мектепте оқи алады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, екі-үш аптадан кейін 3-4 сыныптарды ашуды қарастырамыз", – деді бас санитар дәрігер.

Оның сөзінше, ересектер арасында ауру белгілері байқалса, балалар арасында байқалмайды. Бала мектептен үйге вирус әкеліп, ата-анасына, қарттарға жұқтыруы мүмкін. Алматыда коронавирус жұқтырған қарттардың үлесі 18 пайызға жеткен.

"Кішкентай балалар ауру қоздырғыштарын мектептен әкеледі. Үлкен балалар түнгі клубтан шықпайды. Вирусты ата-анасына, қарт адамдарға жұқтырады. Ең бірінші балалардың денсаулығын сақтау керек. "Интернет профессорлары" балалар ауырмайды дейді. Балалар симптомсыз ауырып жатыр. Үйге вирусты әкелу қаупі бар. Сол себепті абайлап 1-2 сыныпты ашамыз", – деді ол.

Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, қалада арнайы білім беретін 8 мектеп-интернатта 2,5 мыңнан астам бала оқиды. Ол жерде 1-4 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашуға рұқсат берілген.

Мектептерде қауіпсіздік қалай сақталады және оны кім бақылайды?

Сарапшылардың сөзінше, қауіпсіздік мәселесі мектептің басшыларына жүктелген. Ереже бойынша кезекші сыныптардағы оқушылар саны 15-тен аспауы керек. Парталардың ара қашықтығы – кем дегенде 1 метр. Бір партада бір ғана оқушы отырады. Балалар мектептің ішінде жүрмей, бір кабинетте оқиды. Ал ұстаз мұғалімдер бөлмесіне бармайды. Ата-ана мектепке кірмей, балаларды кіре берісте қалдырады. Мектептің медбикелері күнде таңертең сынып жетекшілерімен бірге балаларды қабылдап алады.

Оқи отырыңыз: Ата-аналардың көбі қашықтан оқуға қарсы. Олар балаларының пандемияға қарамастан неге мектепке барғанын қалайды?

Гүлнәр Айтқұлова ата-ана баласына қауіпсіздік мақсатында антисептик беруі қажет екенін айтады. Мектептің өзі де антисептиктермен, санитайзерлермен қамтамасыз етеді. Алматы қаласында бұған қосымша қаражат бөлінген. Оқушы да, ұстаз да маска тағуға міндетті. Балаға масканы ата-анасы алып береді. Алматы қалалық білім басқармасынан мүмкіндігі жоқ ата-аналарды маскамен қамтамасыз етуге де қосымша ақша бөлінген.

Жандарбек Бекшин мектепте арнайы санитар мамандар болмайтынын, мұғалімдерге санитарлық талаптар түсіндірілгенін айтады. Санитар мамандар мектептерге мониторинг жасап тұрады. Бұзушылық анықталса, ескерту беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қайталанса айыппұл салынады.

"Жедел станциямыз, оның ондаған қосалқы станциясы мектепке барады. Кезекші топтарда талаптар бұзылса бірден айыппұл салмаймыз, түсіндіреміз. Екінші рет бұзушылықтар анықталса мектептің, сыныптардың жұмысын тоқтатамыз", – деді Алматының бас санитар дәрігері.

Жанар Күлиева Tamоs Education мектебінде санитарлық талаптарды сақтаймыз деп отыр. Жекеменшік мектепте балалар дәрігері мен төрт медбике бар. Директор балаларды қарсы алып, шығарып салуға дейін барлық жауапкершілікті мойнына алған.

Zoom, Bilim Land, Daryn Online: сабақты қай платформада өту керек?

Сарапшылардың сөзінше, білім беру платформаларын әр мектеп өзі таңдайы. Қатып қалған бір платформаны пайдалану керек деген талап жоқ. Мысалы, Алматыда әр мектеп ыңғайлысын таңдаған. Жаз бойы 15 мыңнан астам мұғалім платформаларды пайдалану курсынан өткен. Ал ата-аналар қашықтан оқуға қатысты сұрақ туындаса мектептен, болмаса Алматы қаласы білім басқармасының Telegram-ботынан жауап ала алады.

Tamоs Education мектебі төртінші тоқсанда Zoom-ды қолданған. Осы жолы қолжетімді және функционалдық мүмкіндіктері оңай деп Microsoft Teams платформасына көшкен. Дегенмен әр мұғалім өзіне тиімді платформаны пайдалануға құқылы.

Media Bilim журналының редакторы Жәнібек Көшкінбаев мұғалімдер платформаларды әлі таңдамағанын, жұмыс істеу үшін ең алдымен жоғары жылдамдықтағы интернет болуы керек екенін айтады.

"Үлкен жастағы мұғалімдер платформаларды түсінбейді. Оларға балалары көмектесіп жатады. Алматы қаласының шет жағында да интернет ұстамайды, жылдамдық өте төмен. Мұғалім "барлық жағдай жақсы", "бізде бәрі қамтамасыз етәліген, жеткілікті" деп есеп береді. Жоғарыдан қысым, қысыммен қысым келеді де, ең соңында бала сапасыз білім алып шығады", – дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Кезекші сынып оқушысының ата-анасы мектепке кіре алмайды. Олар тағы нені білуі тиіс?

Интернет мәселесі қалай шешіледі?

Алматының өзінде интернет мәселесі бар 46 мектеп анықталған. Гүлнара Айтқұлова ол жерлерге қосымша антенналар қойылғанын, жауапты аудан әкімдері мәселені шешумен айналысып жатқанын жеткізді. 22 мың балаға SIM карталар тегін берілген.

"Алматыда ешкім шатырдың үстіне шығып сабақ оқымайды, оқыған да жоқ. Кішкене қиындықтар туындаса назар аударып, көмектесеміз", – деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Жәнібек Көшкінбаев SIM карталар интернет жылдамдығы мәселесін шешпейді дейді. Оның сөзінше, мұғалімдер Kundelik.kz-те ата-ананың табысы жайлы, басқа да керек емес ақпараттар толтырады. Электронды күнделікті бұзатын болса, кез келген адамның басына қауіп төндіруі мүмкін.

"Интернеті жоқ мектептер қағаз журналды да жүргізе береді. Мұғалімдер екеуін де толтырып жүр. Комиссия интернет жоқ болса, жазбаша журналды тексереді. Электронды күнделікті толтыру үшін де интернет жылдамдығы жоғары болуы қажет", – дейді ол.

Ұстаздар ауырса, кім жауапты?

Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Айтқұлова "медицина қызметкерлері секілді қосымша жалақы беру мәселесін қарастыратын шығармыз" дейді. Ал санитарлық өңдеуге қажет заттың бәрі түгел мектептен қамтылған.

Жандарбек Бекшин болса сау балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерді қайнап жатқан оттың ортасында жүрген медицина қызметкерлерімен салыстыруға болмайтынын айтып отыр.

"Мемлекеттік мектептерді қарап шықтық. Бес мектепте ата-аналар тарапынан кезекші сыныптарды ашуға ұсыныс түспеген. Белгілі бір аурулармен ауыратын оқушылар мен мұғалімдер мектепке бармауы керек деген талап қойдық", – деді Бекшин.

Оқи отырыңыз: Мыңға жуық ауылда интернет жоқ. Шалғай елді мекендер қашан цифрланады?

Онлайн оқытуда білім сапасы қалай бағаланады?

Мектеп директоры Жанар Күлиева биыл бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Пандемия алдында бағалау ТБЖ, ББЖ-мен өлшенсе, оған қосымша критериалды бағалау қосылды. Енді мұғалім онлайн сабақ бергенде баланың белсенділігін, сабақты меңгеру деңгейін, сабаққа деген жауапкершілігін формативті бағалау арқылы белгілеп отырады. Оқушы бақылау жұмыстарын жақсы жазса да, мұғалім баланың сабаққа қатысуына байланысты өзгерістер енгізе алады.

"Білім саласы жаңартылған оқу жүйесіне көшті. Бұған ескі көзқараспен қарап жатырмыз. Ата-аналар, ұстаздар, қоғам неге қорқатынын білмеймін, балалардың логикалық дамуы өте жоғары деңгейде деп ойлаймын. "Жұмысты тоқтатып, мектепке балалар бармау керек" дегенге тіреліп жатыр. Қандай қиындық болса да қорықпай, жеңе білуіміз керек. Мектепке келген соң мұғалім маған білім беруі керек, үкімет мынаны істеуі керек деген стереотип қалған сияқты. Экран алдында отырған оқушы біреу үшін емес, өзі үшін білім алуы тиіс. Білімге деген көзқарас өзгеру керек", – дейді Жанар Күлиева.

Мұғалімдердің жетіспеуіне не себеп?

Алматыда биыл жеті мектеп ашылады. Бала саны қалада жылдан-жылға көбейіп келеді. 25 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа келеді. Гүлнара Айтқұлова зейнетке шыққан мұғалімдердің орнын толтыратын жас мамандар жетпей жатқанын айтады.

Жәнібек Көшкінбаев Білім және ғылым министрлігіне педагогика мамандықтарында білім алатын соңғы курс студенттеріне жаңартылған бағдарламаны оқытып, дипломмен қоса сертификат беруді ұсынып отыр.

"Жас мамандарды жұмысқа алу қиын, өйткені жаңартылған бағдарламадан хабары жоқ. Жұмысқа алғанның өзінде оқуға жіберу керек. Дипломмен бірге қолына сертификатын берсе қиындықсыз жұмысқа орналаса алар еді", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?

Tamоs Education мектебінің директоры Жанар Күлиева жаңа оқу жылында жұмысқа келген 12 ұстаздың төртеуі енді оқу бітірген жас мамандар екенін айтады. Мектеп жас мамандарға жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беруді тәлімгерлік жолымен шешеді.

"Мектеп тарапынан тәлімгерлік деген ұғым бар. Тәлімгер ұстаздарға қосымша ақша төленеді. Тәлімгерлер арқылы жас мамандарды жетектеп қатарымызға қосамыз", – дейді мектеп директоры.

Күздегі коронавирус толқынына дайынбыз ба?

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің сөзінше, сирек кездесетін Кавасаки синдромымен қалада екі бала ауырып, жазылып шыққан. Мемлекет одан гөрі өкпе, қан айналымы жүйесінің, созылмалы жоғары тыныс жолдарының ауруларына, обстуктивті пневмония, бронхиті бар, диабет, семіздік, иммун тапшылығы аурулары бар арнайы топтағы адамдарға бірінші мән беру керек екенін айтады.

"Күзде болатын толқынның ерекшілігі, ол кезде жылда болатын ЖРВИ мен тұмау қосылуы мүмкін. Бұл індеттерге жылда дайындық жасаймыз. Оларға коронавирус қосылса қауіпсіздік бірнеше есе көтеріледі. Эпидемиологиялық жағдайға, білімімізге қарап шешім шығару керек. Коллективті иммунитет қалыптасқанын зерттеген соң ғана болжам жасауға болады", – деді Жандарбек Бекшин.

Жанар Күлиеваның мектебі оқу жылын дәстүрлі форматта бастауға дайын. Білім және ғылым министрлігінен оффлайн білім беруді сұрағанымен, нақты жауап әлі берілмеген.

"Білім министрлігі шешім қабылдайды. Сұрап жатырмыз, дайындап жатырмыз. Жеке меншік мектептердің орталығы министрлікпен бірнеше онлайн кездесу өткізді. Ұсынысымызға жауап әлі күтіп отырмыз. Өкінішке қарай, нақты жауап әлі берілмеді", –деді ол.

Оқи отырыңыз: Оқушылар сабақта маска тағып, қолғап киюі қажет пе? Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді

Жәнібек Көшкінбаев күздегі толқынға ешқандай ведомство дайын емес деген пікірде.

"Интернет жетпейді, кадрлар тапшы, айлық мәселесі қалай қарастырылмақ?. Симптомсыз бала вирус тарату қаупі бар. Мұны мектеп те, ата-ана да, министрліктер де жауапкершілікке алып отырған жоқ. Антисептик алуға қалталарынан қаржы жинап жатқанын ауыл мұғалімдері маған хабарласты. Нақты фактілер бар. Оффлайн оқыса да, онлайн оқыса да білім саласы құлдырап келе жатқаны анық. Күзде өршуі мүмкін десе де, бұған ешқандай ведомство әлі дайын емес", – деді сарапшы.