25-ші шілдеде eGov сайтында электронды денсаулық төлқұжатының бета-нұсқасы іске қосылды. Қызмет төмендегілерді тексеруге мүмкіндік береді:

  • Қай емханаға тіркелгенсіз;
  • Қандай қызмет пен дәрі-дәрмекті тегін алуға болады;
  • Емдеуші дәрігеріңіз туралы мәліметтер;
  • Диагнозыңыз бен емдеу бойынша дәрігерлердің тағайындауларына дейін.

Бұған дейін дәл осындай қызметті DamuMed қосымшасы ұсынған (Толығырақ мына жерде), қазір ол электронды үкіметтің порталына да енгізілген. DamuMed қосымшасына жеке компания жауап береді, ал eGov порталындағы электронды денсаулық төлқұжаты – Денсаулық сақтау министрлігінікі.

Informburo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірге электронды төлқұжаттың DamuMed-тікінен қандай айырмашылығы барын және пациенттердің жеке мәліметтерін хакерлік шабуылдардан кімнің қорғайтынын айтып береді.

№1. Электронды денсаулық төлқұжаты маған не үшін керек?

Құжат амбулаториялық картаны алмастырады. Енді картаны дәрігердің қабылдауына тасып, ауруханаға жатқызылғанда апарып, оған анализ қорытындыларын жапсырып отырудың да қажеті болмайды. Адамның денсаулық жағдайы туралы барлық ақпарат электронды түрде сақталады: онда аллергиялық реакциялары туралы мәлімет, анализдерінің қорытындылары, дәрігердің қарағаны, ауру тарихы мен тағайындалған дәрі-дәрмектердің бәрі жазылады. Ата-аналар баласының екпесін уақытында алу үшін оның кестесін көре алады.

Электронды төлқұжатқа дәрігерлер кіре алады, оның ішінде жедел жәрдем дәрігерлері де бар. Фельдшерлер шұғыл көмек көрсетпес бұрын пациенттің қандай дәріге аллергиясы бар-жоғын тексеріп, ауру тарихымен таныса алады.

№2. Электронды денсаулық төлқұжаты дегеніміз не, оның DamuМed қосымшасынан қандай айырмашылығы бар?

Электронды денсаулық төлқұжат – әрбір қазақстандықтың медициналық тарихы. Егер бұрын мәліметтер қағаз жүзінде амбулаториялық картаға жазылатын болса, енді оларды барлық өңірде де медициналық ақпараттық жүйеде жинайды да, орталықтандырылған мемлекеттік серверге енгізеді. Жүйе ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен қорғалады.

Электронды медициналық төлқұжаттың DamuМed-тен айырмашылығы, төлқұжат мобильді қосымшаға не белгілі бір бағдарламалық өнімге тәуелді емес.

Ол іске қосылғанға дейін қазақстандықтардың денсаулықтары жөніндегі мәліметтерді жеке компаниялар жинаған. DamuМed-тен бөлек нарықта 38 IT-компания жұмыс істеді.

№3. Төлқұжаттың қазіргі күйі қандай, қашан толық іске қосылады?

Қазір бета-нұсқада жеке медициналық мәлімет жинақталған:

  • Пациенттің тіркелген емханасы жөнінде;
  • Учаскелік дәрігердің аты-жөні;
  • Жазылып берілген рецепттер;
  • Тағайындалған дәрі-дәрмектер;
  • Рецепт берілген дәріханалар;
  • Ауруханаға жатқызылу деректері;
  • Диагноздары;
  • Ауруының халықаралық коды;
  • Жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жіберген мекеме;
  • Емдеу хаттамасының нөмірі;
  • Диспансерлік есепке тұрған уақыты.

Мәліметтерді басқаруға, өзгертуге болмайды, тек оқуға мүмкіндік бар. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер мәліметтер көлемі кезең кезеңмен көбейетіндігін айтып, сендірді.

Төлқұжаттың толық нұсқасын 2020 жылдың басында іске қосу жоспары бар.

№4. Бета-нұсқаға кім кіре алады?

Электронды үкіметтің порталындағы жеке кабинетіне кіре алатын барлық қазақстандықтарға қолжетімді.

Электронды сандық қолтаңбаның көмегімен eGov порталына кіріп, "Жеке кабинет" бөліміндегі "Медициналық жазбалар" бөлімін таңдау керек.

№5. Жүйеде мәліметтер қате жазылса немесе кейбір ақпараттар жазылмай қалса, қайтпек керек?

Электронды құжаттың кемшіліктері болуы мүмкін. Мәселен:

  • Біреуді келісімінсіз емханаға тіркеу;
  • Біреуге мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық көмек көрсетіледі, алайда оның ол қызметті пайдаланбағаны белгілі болады;
  • Азаматқа кезек көптігін сылтауратып, ауруханаға жатқызуға уәде береді, іс жүзінде порталға кезекке қойылмағаны анықталады.

Қандайма бір қызметтің көрсетілгені туралы жалған ақпаратты жазған медициналық ұйымдардың алаяқтық әрекеттері де бар. Министрлік мұндай фактілерді анықтап, қазір оларды жою жұмыстарын қолға алды. Жүйелі түрдегі қателіктер мен жалған ақпараттарды анықтаған жағдайда пациенттерге 1414 нөміріне хабарласуға кеңес беріледі.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Электронный паспорт здоровья казахстанцев разместили на портале eGov. Как это работает?

№6. Менің жеке мәліметтерімді кім көре алады?

Қазір дәрігердің қабылдауына жазылу, аурухана атауы мен тағайындалған дәрі-дәрмектердің аты порталдағы жеке кабинет иесіне ғана қолжетімді. Болашақта министрлік пациенттің жеке мәліметтерін оның емдеуші дәрігеріне қолжетімді етпекші. Бұл бір реттік SMS арқылы және тек адамның рұқсаты арқылы жұмыс істейтін болады.

№7. Мәліметтерді хакерлік шабуылдардан кім қорғайды?

еGov порталына Электронды сандық қолтаңбамен ғана кіруге мүмкіндік бар. Барлық ақпараттар, соның ішінде пациенттердің жеке мәліметтері мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы деп аталатын жүйе арқылы үйлестіріледі. Оның қауіпсіздігіне ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты.

№8. Электронды төлқұжатты емханада пайдалана аламын ба?

Иә. Қазіргі таңда 94,69% электронды денсаулық төлқұжаты жиналды – бұл емханаға тіркелген 18,7 млн адамның 17 722 517-сі. Яғни сіз жүгінген кез келген емханада мәліметтерді қолдана аласыз. Пациенттер жеке кабинетте дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Жүйе мамандардың жұмыс кестесін көрсетеді.

№9. Төлқұжаттан жеке мәліметтерімді өшіре аламын ба?

Құжатқа ақпараттарды жинап, енгізуді медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бағдарламаны жасаушылар болашақта пациенттерге өз денсаулық жағдайы (қан қысымы, қант деңгейі, температурасы, салмағы) туралы ақпаратты жүйеге енгізуге жағдай жасауды жоспарлап отыр.

Электронды төлқұжаттан мәліметтерді өшіру мүмкін емес. Пациент тек медицина қызметкерлеріне жүйеге кіруге шектеу қоя алады. Оған кіру үшін дәрігерлердің құзыреті мен тіркелген болуы шарт. Электронды төлқұжатқа кіру құқығының түрлі деңгейі бар. Ол дәрігерлерге қолма-қол немесе автоматты түрде беріледі. Электронды төлқұжатпен жұмыс істеуі үшін дәрігерлердің төмендегідей құзыреті болады:

  • Денсаулық саласында қызмет көрсету;
  • Шұғыл түрде кіру (жедел жәрдем қызметкерлеріне қолжетімді);
  • Медициналық көмек көрсету;
  • Клиникалық процес (барлық рецепттер, анализдер, сала мамандарына жолдамаларды көру);
  • Жеке мәліметтерді беру.

Авторы Зарина Жақыпова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.