Қазақстанда карантин шаралары күшейтіледі. 6 қалада сауда үйлері жабылып, базарлар жұмысын тоқтатады
Қазақстанда қауіпті індетке шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Бір тәулік ішінде елде Covid-19 індетімен сырқаттанған 335 науқас және вирустың симптомсыз түрін жұқтырған 656 адам анықталды. Осылайша, ел аумағында індеттің ілмегіне 15 877 адам ілікті. Ал симптомсыз жағдайларды ескере отырып – науқастардың жалпы саны 22 708 адамға жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі қосымша шараларды жариялады. Соған сәйкес, 20-21 маусым – яғни демалыс күндері карантин талаптары күшейту туралы шешім қабылданды.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалалары бойынша:- Сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, базарлардың қызметін тоқтату;
- Қоғамдық тамақтану объектілерінің тек жазғы алаңы барларының ғана әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жұмыс істеуіне рұқсат ету;
- Қоғамдық көлік жұмысын шектеу;
- Қоғамдық орындардың: саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, жағажайлардың, аквапарктердің жұмыс істеуін тоқтату;
- Фитнес орталықтарының қызметін тоқтату;
- 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуын шектеу.
- Қоғамдық орындардың: саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, аквапарктердің жұмыс істеуін тоқтата тұру;
- 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуын шектеу.
Сонымен қатар өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерінің қаулыларына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына жақын орналасқан туристік аймақтарға кіруге болмайды. Көрсетілген аймақтардағы тұрғындарға – әлеуметтік қашықтықты сақтау міндет.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне қысқа мерзімде төмендегі мәселелелерді шешуді тапсырды:
- Медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халық арасында ПТР-тестілеуді қамтуды кеңейту;
- Ауруханалардағы жұқпалы және провизорлық орындардың санын арттыру;
- Меншік нысанына қарамастан өңірде қолда бар ресурстарды тарта отырып, науқастарға КТ-зерттеу жүргізуді қамтамасыз ету;
- Жедел медициналық жәрдем станцияларымен шұғыл шақыруларға уақтылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
- Үйлерінде ем алып жатқан науқастарға амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылауды (қашықтан, ұтқыр бригадалар) жүзеге асыру;
- Халықпен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.