29 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы қазіргі ахуалға баға беріп, азаматтардың денсаулығын сақтаудың сапасын арттыруға бағытталған шараларды жариялады.

Мемлекеттік органдар ТЖ кейін тиімді жұмыс істеуге дайын болмады

Қазіргі коронавирус дағдарысы бүкіл әлемді дүрліктіріп отыр. Бір де бір ел жаппай етек алған мұндай қолайсыз жағдайға толық дайын болмай шықты.

Біз дер кезінде жариялаған қатаң карантин шаралары уақыт ұтуға, эпидемияны қатты өршітіп алмауға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін елімізде індет қайтадан белең алып кетті.

Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органның жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын көріп отырмыз.

"Ведомствоаралық комиссияның жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Оны ашық айту керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады. Облыстардағы ведомстволардың басшылары өздерін дағдарыстың тиімді менеджерлері ретінде көрсете білмеді. Министрліктің эпидемияның өршу ауқымы жөніндегі болжамдары да расталмады", – деді Мемлекет басшысы..

Жергілікті жерлердегі өз уақытында жасалмаған және тиімділігі аз шаралар еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтарының пайда болуына әкеп соқтырды.

Оқи отырыңыз: "Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезең". Тоқаев сұхбатындағы 10 өзекті ой

Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орталығына айналды. Онда дертке шалдыққан 1 222 адам тіркелді. Алматы қаласында тұрғындардың ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да науқастанғандар өте көп. Елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған. Өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалады.

Бірқатар өңірде провизорлық стационарлар жүктемесі қалыпты қуаттылықтан асып түскен. 2,3 мыңнан астам медицина қызметкері вирус жұқтырды. Олардың күнделікті жұмысы ерлікпен пара-пар. Олардың еңбегінсіз ахуал апатты жағдайға айналар еді.

Облыстарда жасанды тыныс алу аппараттарына, жедел жәрдем санитарлық машиналарына сұраныс жоғары болып тұр.

Бірқатар әкімге сөгіс жарияланды

Шетелдік бақылаушылардың пікірінше, Қазақстандағы жағдай өте қиын, басқарушылықты жоғалту шегіне жеткен. Мұндай баға елдің халықаралық беделіне зиян келтіреді.

"Басқаша айтқанда, коронавирусқа қарсы тұру бойынша мен қойған міндеттер орындалмаған немесе толық орындалған жоқ. Мен осыған дейін, шын мәнінде, ережелері мүлдем басқа соғыста екенімізді айтқан едім. Бұл фестивальдар мен форумдар өткізу емес. Нағыз дағдарысқа қарсы басқарудың өзгеше стилі талап етіледі", – деді Қазақстан президенті.

Жұмыстағы кемшіліктері үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдері Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаевқа ескерту жасаймын.

Шымкент қаласының, Ақтөбе және Павлодар облыстарының әкімдері Мұрат Әйтеновке, Оңдасын Оразалинге, Әбілқайыр Скақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялаймын.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне тиісті өңірлердегі ахуалды түзеу қажеттігін ескертемін. Бұл барлық облыстардың басшыларына да қатысты.

Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Халықпен диалог жүйесі тиісті көлемде жұмыс істемейді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды. Бұл Президент әкімшілігінің, Үкіметтің және әкімдіктердің кінәсі. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты.

Коронавирус өсіміне азаматтардың жайбарақат мінез-құлқы да себеп болды

Көптеген адамдар санитарлық нормалар мен сақтық шараларын сақтамады. Бұл ретте нұсқаулықтарды орындауға қарағанда, бос уақытын мерекемен өткізуге бейім азаматтарымыздың менталитетін ақтайтын мемлекеттік органдардың салғырттығынан орын алады. Бірақ бұл тек ескерту.

Жағдай болжамды болды. Адам болған соң жұмысқа баруға ұмтылды, кәсіпкерлікпен экономикалық жағдайды қалпына келтіруге тырысты, туыстары мен жақындарына баруға асықты.

Нәтиже айқын. Елді эпидемияның жаңа толқыны шарпыды. Жағдайды бақылауды жоғалтып алмас үшін дереу шаралар қабылдау қажет.

Мемлекеттік комиссия маңызды ресурстардың бөлінуін бақылауы тиіс

Бірінші. Аймақтар әртүрлі, бір-бірімен үйлеспейтін шешімдер қабылдайды. Шаралар мен шектеулерді әкімшілендіру де өзгеше. Мұның бәрі күрделі проблемаларды тудырып, вируспен жаппай ел болып күресуге көмектеспейді.

Сондықтан пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды Премьер-министр басшылық ететін тиісті Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген ресурстардың бөлінуін бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс:

  • төсек орын;
  • медицина қызметкерлері және көмекші қызметкерлер құрамы;
  • стационарлар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек;
  • тыныс алу аппараты және компьютерлік томография секілді қажетті құрылғылар;
  • лабораториялық зерттеулер;
  • жеке қорғаныс құралдары.

Науқастардың саны бойынша пессимистік сценарийдің өзіне сүйене отырып, денсаулық сақтау саласын негізгі ресурстармен орталықтандырып қамтамасыз ету мемлекет міндеті болып отыр.

Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе

Қатаң карантин режимін енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырамын

Екінші. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын. Денсаулық сақтау министрінің бүгінгі баяндамасында "локдаун" деп аталатын бірнеше нұсқа ұсынылды. Біз экономиканы қолдау мен дамытуды да ұмытпай, мұқият қарастыруымыз керек. Мәселе өте күрделі және жауапты болғандықтан тиісті түрде қажет шешім қабылдауға тиіспіз.

Іс-қимыл жоспары азаматтардың әлеуметтік-экономикалық қажетін, бизнес мүдделерін қамтамасыз ету тұрғысынан барынша теңдестірілген болуы тиіс.

ПТР-тестілеу критерийлерін нақтылау қажет

Үшінші. Лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыру – пандемиямен күресудің тиімділігін қамтамасыз ететін басты компонент. Қазіргі таңда лабораториялық тестілеудің орташа қуаттылығы тәулігіне 28 мыңға жетті. Қазақстан 100 мың адамға тестілеу саны жағынан әлемде 4-орында. Біз әлемдік қоғамдастық алдында ештеңе жасырмаймыз, шынайы жағдайдың барлығын көрсетеміз.

Екінші жағынан алып қарасақ, бір науқасты анықтау көрсеткіші АҚШ-қа қарағанда – 8 есе, Италия мен Ресейге қарағанда – 4,5 есе, Канадаға қарағанда 3 есе төмен. Осылайша, коронавирус жұқтырған бір адамды анықтау үшін шамамен бір миллион теңге сомасына 78 зерттеу жүргізіледі. Анықтау көрсеткішінің төмен болуына бірқарар фактор себеп:

  • ПТР әдісімен тестілеуге жататын топтарды анықтаудың нақты критерийлерінің болмауы;
  • сапасыз тест-жүйелер;
  • ПТР-зерттеуді сапасыз жүргізу.

"Зертханаларға қажет реагенттер мен жұмсалатын материалдарды кешіктіріп жеткізу мәселесі бар. Осыған байланысты эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша – жасына, денсаулық жағдайына байланысты тестілеу критерийлерін және тәуекел тобына байланысты басқа да критерийлерді нақтылауды тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Профилактикалық және эпидемиологиялық қадағалау мақсатында ПТР жүргізуге қойылатын артық талаптарды қайта қарап, қысқарту керек.

Тұрғындардың лабораториялар маңындағы кезектің көптігіне, санитарлық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдануы әділетті. Мұның бәрі тікелей ауру жұқтыру қаупін күшейтеді. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, есепке қою мақсатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call орталық арқылы жүргізу қажет.

Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?

Індет ошақтарындағы жұмыстар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мобильді лабораторияларды ұйымдастыру және мобильді қызметті одан әрі дамыту үшін қаржы бөлу аса маңызды.

Мемлекеттік комиссияға зертханалық зерттеулер жүргізу үшін рұқсат беру рәсімін оңайлатуды және ПТР-зертханалар саны мен қуатын ұлғайту үшін жеке субъектілерге ынталандырулар жасауды тапсырамын.

Жұмсалатын материалдарымен үздіксіз қамтамасыз ету ерекше бақылануы тиіс. Осы мақсаттар үшін импортталатын барлық жабдықтар мен материалдар "жасыл дәліз" бойынша өтуі тиіс.

"Жас шектеулері мен медициналық проблемалары: қант диабеті, демікпе, туберкулез және т.б. бар тәуекел тобына ерекше назар аудару қажет. Әрбір санат үшін медицина қызметі тарапынан емдеудің және бақылаудың нақты алгоритмі мен хаттамасын әзірлеу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев..

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзекті ұсыныстарын және пандемияның өткір кезеңінен өткен елдердің тәжірибелерін мұқият қадағалау және тиісінше емдеу хаттамаларын, ұсынылған тәсілдерді, тағайындалған препараттарды және т.б. өзгерту маңызды.

ЖРВИ белгілері бар пациенттердің үйде емделуін қамтамасыз ету керек

Төртінші. Симптомдары жоқ және жеңіл түрі бар пациенттердің көптігіне байланысты емханалар мен жедел медициналық жәрдем қызметіне түсетін жүктеме бірнеше есе артты. Осыны ескере отырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайтуға ерекше назар аудару қажет.

Телемедицинаны пайдалана отырып, ЖРВИ белгілері бар амбулаториялық пациенттердің үйде болуын және емделуін барынша қамтамасыз ету керек.

Халықты ақпараттандыру, бағыттау және психологиялық қолдау үшін Сall орталықтардың жұмысы күшеюі тиіс.

Ауыл халқына ерекше назар аудару қажет. Халықтың жартысын қорғансыз қалдырмау үшін ауылдарда диагностика мен емдеуді қамтамасыз ету өте маңызды.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен үй жағдайында қалай күресуге болады? Сізге арналған 8 кеңес

Орын санын 50%-ға арттырып, дәрі-дәрмек мәселесін бес күнде шешуді тапсырамын

Бесінші. Басты міндет – денсаулық сақтау саласын негізгі ресурстармен қамтамасыз ету.

Қолданыстағы төсек-орын желісі айтарлықтай жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Жағдай шын мәнінде ауқымды. Аймақтар басшыларының баяндамалары мен пандемияға қарсы күрес жүріп жатқан жерлерден алынған ақпарат арасында үлкен айырмашылық байқалады. Нақты жағдайды баяндау керек және түптің түбінде оған қол жеткіземіз. Сенімді ақпарат алу үшін әртүрлі көз бар.

Дәрілер, жеке қорғану құралдары, тестілеу зертханаларының қуаттылығы, компьютерлік томография мен жасанды тыныс алу құрал-жабдықтары тапшы.

Денсаулық сақтау министрлігі проблемаларды шешу бойынша шаралар ұсынды. Бүгін баяндама мен дағдарыс жағдайынан шығу шараларын тыңдадық. Осы баяндама мен Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шараларды қолдаймын. Енді бұл жоспарды тиімді іске асыру мәселесі тұр.

Үкімет пен өңір әкімдері аталған проблемаларды шешу үшін қаржы және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыруы тиіс.

"Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстарының маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бастапқы кезеңде жақсы ұйымдастырылды. Бірақ, мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей әсер қалдырады.

Оқи отырыңыз: Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн және үй жағдайында емделген дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Бұл үшін мемлекеттік комиссияға дәрі-дәрмектердің әрбір жаңа партиясын сертификаттау мерзімін түбегейлі қысқартып, ауруханаларға қажет компьютерлік томография, жасанды тыныс алу аппараты, газбен жабдықтау жүйесі және т.б. бірінші кезектегі қажет заттарды бір көзден мемлекеттік сатып алуды өткізудің арнайы тәртібінің қолданылуын ұзартқан жөн.

Мемлекеттік комиссияға тек медицина қызметкерлерін ғана емес, сондай-ақ арнаулы органдардың, әлеуметтік құрылымдардың қызметкерлерін және т.б. ескере отырып, жеке қорғаныс құралдарының азаймайтын материалдық резервін құруды тапсырамын.

Сондай-ақ, көтерме-бөлшек сауда желілерде дәрілік препараттар мен құралдары, медициналық жеке қорғану құралдары бағасының жасанды өсуіне жол бермеу жөнінде барлық шараларды қабылдауды тапсырамын.

Бірқатар елдер мен корпорациялар коронавирустың әлеуетті вакциналарына тестілеу жүргізіп жатыр. Ел үшін коронавирусқа қарсы вакцина сатып алуға алдын ала келісімшарттар жасасу мәселесін пысықтау қажет.

Медицина қызметкерлерін ынталандыру маңызды

Алтыншы. Медицина қызметкерлері тапшылығын шешу керек.

Интернатурадан өткен түлектерді қатыстырып, эпидемиологтар мен инфекционистерді жедел даярлауды қамтамасыз етіп, анағұрлым қолайлы аймақтардан мамандарын іссапарға жіберу қажет. Сондай-ақ волонтерлерді тарту мүмкіндігін зерттеу керек.

Медицина қызметкерлерін ынталандыру, қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету, сондай-ақ, оларды уақытылы алмастырып отыру өте маңызды.

Коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынастағы және алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлерді ынталандыруды жалғастыру қажет. Медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру бөлуге деген бақылауды күшейту керек.

Оқи отырыңыз: 50 мың теңге көмек төртінші мәрте беріледі. Оны ауылда тұратын 80 мың отбасы алады

Жоспарлы медициналық көмек көрсетуді тоқтатпау керек

Жетінші. Инфекциялық емес сипаттағы басқа науқастар үшін жоспарлы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.

"Covid-19 өмірімізде ұзақ уақыт бойы болатын түрі бар. Пандемияның қиын кезеңіне жоспарлы емдеуге жатқызу, науқастарды тексеру және басқа аурулар бойынша алдын алу кейінге қалдырылды. Алайда, бұл кейіннен халықтың жалпы денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін", – деді президент.

Сондықтан жаңа жағдайда жоспарлы онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және басқа да медициналық көмек көрсету жөнінде шаралар әзірлеу қажет.

Бұл жерде телемедицинаны пайдалану, қашықтықтан кеңес беру, дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізу және қажетті зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін жандандыру маңызды.

Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды

Сегізінші. Коронавируспен күресте ақпараттық жұмыстар маңызды рөл атқарады. Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді.

Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы.

Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда.

Оқи отырыңыз: "Ужесточить карантин". О чём говорил Токаев на совещании по нераспространению Covid-19

www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпарат өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда.

"Мен айтқанымдай, ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керек. Мысалы, телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды? Азаматтарға емдеудің протоколын, алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер, оны пайдалану жөнінде түсініктеме беру қажет. Сол кезде парацетамол алу үшін жұрт ұзын-сонар кезекке тұрмайтын болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әкімдер мен министрлер бюджетті қайта қарап, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, салтанатты шараларға жұмсалатын барлық қажетсіз шығындардан бас тартуы керек. Өңірлер мен ведомстволардың бюджетіне түрлі консалтингтік және PR қызметі үшін аз қаржы салынған жоқ. Бұл жөнсіздікті доғару қажет. Осы қаржыны эпидемиямен нақты күреске жұмсаңыздар.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірыңғай Коммуникациялық орталықтың жұмысын толыққанды қайта іске қосып, оның үздіксіз болуын қамтамасыз еткені жөн. Президент әкімшілігі бұл мәселенің бәрін бақылауға алып, осы іске тартылған барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың ақпараттық жұмыстарын нақты үйлестіруі керек.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі

Тоғызыншы. Халық үшін азық-түлікке қолжетімділігін және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді қолдау.

Жұмыспен қамту және экономикалық белсенділікті қолдау мәселелері өте маңызды. Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар толыққанды орындалуы тиіс. Біз бұл мәселелерді 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында егжей-тегжейлі қарастырамыз.

Бұл мәселелер әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы тиіс. Мемлекеттік комиссияға жергілікті жерлердегі жағдайды күнделікті қадағалап, оларды назардан тыс қалдырмауды тапсырамын. Әкімдіктер өндірушілермен және бизнес-қауымдастықпен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруы керек.

Оқи отырыңыз: Карантин кезінде қалай тамақтанған дұрыс? ДДСҰ ұсыныстары

Медицинада цифрлық технологияларды жедел іске қосуды тапсырамын

Оныншы. Пандемия елді цифрландырудағы, оның ішінде үлкен деректер базасы өндірілетін денсаулық сақтау саласындағы барлық олқылықтарды ашып берді, ал жағдайды мониторингілеу бұрынғысынша қолмен істеледі. Осы салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту берілді.

"Бізде әлі күнге дейін эпидемия бойынша толық цифрлық бейне жоқ, бұл сенімді есеп жүргізуге және ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік бермейді. Сырқаттанғандар мен олармен байланыста болғандардың цифрлық мониторингінің құқықтық аспектілерін жедел шешу қажет. Байланыс операторларының дайындығы мен мүмкіндіктері бар, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдастыру мәселесі шешілмеген", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік комиссияға осы барлық мәселелерді шешуді, медицинада цифрлық технологияларды жедел тиімді іске қосу үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Тұтастай алғанда, сандық трансформация бойынша жоспарланған барлық шаралар мен мемлекеттік қызметтердің түрлері жаңа сапалы деңгейде бірнеше есе жылдам іске асырылуы тиіс.

Адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі Ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырамын

Қазіргі жағдайда шұғыл шараларды қабылдай отырып, ұзаққа созылатын коронавирус пандемиясына да дайын болуымыз керек. Осыған орай, Үкіметке қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі орта мерзімді кезеңге арналған, жұрттың бәріне түсінікті Ұлттық жоспарды әзірлеуді тапсырамын. Сол арқылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақты көрсетіліп, қажетті қаржы резервтері қалыптасатын болады. Сонымен қатар, ел азаматтары мына мәселелерге назар аударуы керек деп санаймын.

"Иә, бұл – қауіпті ауру, оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ, оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ, жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал, науқастанып қалғандар сары уайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлан-таза айығып кетуіне жол ашады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау министрлігі мен санитарлық сала дәрігерлерінің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Оның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған. Сіздерден бұл талаптарды қатаң сақтап, жақын апталарда қабылдауға тура келетін қатаң шараларға түсіністікпен қарауды сұраймын.

Бүгінгі проблемаларды алдағы дамуға серпін беретін сын-қатерлер ретінде бағалауымыз керек. Үкімет пен өңір әкімдерінен берілген барлық тапсырмаларды бұлжытпай орындауды сұраймын.