Үйлердің 23 пайызы (18 мың үй) күрделі жөндеуді қажет етеді.

"2020-2021 жылдары өңірлерге пәтерлерді жөндеуге 30 млрд теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл шамамен 700 үйді жөндеуге мүмкіндік берсе, тағы 126 үй айналымдағы қаражат есебінен жөнделеді", – деді министр.

Айта кетейік, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2018 жылы 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бір тұрғынға шаққандағы баспанамен қамтамасыз етілу көрсеткіші 21,9 шаршы метрге жетті. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспары бар. БҰҰ стандарты бойынша, әр азаматтың кемінде 30 шаршы метр тұрғын жайы болуы тиіс.

Өңірлердің жартысы қаржыны толық игермеген

Өңірлерге тоқталар болсақ, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Нұр-Сұлтан (6 млн шаршы метр), Алматы (5,5 млн шаршы метр) қалалары, Маңғыстау (3 млн шаршы метр) және Ақтөбе (2,4 млн шаршы метр) облыстары көш бастап тұр.

Оқи отырыңыз: Алматыда жұмыс істейтін жастарға қарашада 249 пәтер беріледі

Республика бойынша жылдық жоспар биыл 13 млн шаршы метрді құрайды. Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласында 10 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 35,8 пайызға төмендеген. Бұл өз кезегінде жоспарды орындауға кері әсерін тигізуі мүмкін.

"10 айда өңірлерге 59,3 млрд теңге аударылcа, 56,3 млрд теңге не 96,1 пайыз игерілді", деді министр.

Өңірлерге жекелей тоқталсақ, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында қаражаттың игерілу көрсеткіші төмен.

Көп адамның зейнетақы жинағына үй алу мүмкіндігі жоқ

"Тұрғын үй Құрылыс Жинақ банкі" АҚ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова Президенттің зейнетақы қорындағы қаражатты үй сатып алу үшін пайдалануға беру туралы ұсынысына қатысты пікірін білдірді.

"Қазіргі уақытта Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының базасында Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Статистиканы зерделеудеміз. Республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік зейнетақы көлемі жыл сайын белсенді өсіп келе жатқанын көрсетті", – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарын пайдаланудың басты шарты азаматтар зейнетке шыққаннан кейін жалақысының 70 пайызы көлемінде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін жинағы болуы тиіс. Ал мұндай зейнетақы жинағы бар салымшылардың саны аз. Ләззат Ибрагимованың пікірінше, бұл мәселеге қатысты шешім жылдың соңына қарай әзірленетін болады.

"Егер қазір Қазақстанның барлық тұрғынына зейнетақы жинағын жұмсауға рұқсат беретін болсақ, онда 15-20 жылдан кейін мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік зейнетақы төлемдерін жасау үшін тағы да ақша сұрауға тура келеді", – деді Ләззат Ибрагимова.

Informburo.kz бұған дейін баспаналы болудың төрт жолын жазған болатын.