Ресей вирус жұқтырғаны анықталғандар саны бойынша екінші орынға 12 мамырда шықты. Дәл бүгінгі есеп бойынша вирус жұқтырғандар саны 317 554-ге, ал өлім саны 3 099-ға жетті. Ресейдегі вирус жұқтырғандар санының өсу қарқынын зерттей отырып, Қазақстандағы кейстердің эскалациясын анықтап көрейік. Ресей мен Қазақстандағы халық санының корреляциясын қолдану арқылы сараптамалық болжам жасауға болады. Себебі, екі елдегі урбандалу (халықтың ауылдан қалаға көшу, қаладағы халықтың шоғырлану көрінісі) процесі ұқсас.

Қазақстан халқы 19 миллион, ал Ресейде 144 миллион адам тұрады. Қазақстан халқы Ресейдің 13 пайызына тең, яғни 7,5 есе аз. Осы 7,5 есе айырма Қазақстандағы коронавирус кейстері санының өсу қарқынын анықтау үшін қажет.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама

Ол үшін алдымен Қазақстандағы соңғы 14 күндегі кейс саны өсуінің әр күнге бөлгендегі орташа өсу қарқынын анықтау керек. Әр күндегі орташа өсімді анықтау үшін 14 күнде анықталған кейс санын 14-ке бөлеміз. Қазақстанда мамырдың 6-20 арылығында коронавирус жұқтырғандар саны 4 578-ден 7 234-ке жетті, яғни 2 656 жаңа кейс анықталған.

7 234 - 4 578 = 2656;
2 656 : 14 = 190.

Демек, Қазақстанда соңғы 14 күнде орташа есеппен күн сайын 190 адамда вирус анықталып отырды. Мұны Ресейдегі өсу қарқынымен корреляция жасау арқылы салыстыру үшін сол шыққан санды 7,5-ке көбейтеміз. Бұл арқылы Қазақстандағы коронавирустың таралу кескінінің Ресейдегіден қанша уақыт артта екенін да анықтауға болады.

190 x 7,5 = 1 425.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың карантиннен шығуы неге қиын? Сараптама

Енді Ресейдегі қай екі апта барысында коронавирус кейстері санының орташа анықталу көрсеткіші 1 425 кейс болғанын анықтаймыз. Ол сәуірдің 1-15 аралығына (3 548-ден 24 490-ға жеткен) тура келеді, яғни дәл осы аралықта Ресейдегі коронавирус жұқтырғаны анықталған кейстер саны күн сайын орта есеппен 1 496-ға артып отырған. Осы 1496 саны біздің жоғарыдағы корреляциялық салыстыру арқылы анықталған санға (190 x 7,5 = 1 425) ең жақын болып тұр. Демек коронавирус індетінің таралу қарқыны бойынша Қазақстанның бүгіні Ресейдің 15 сәуіріне тура келеді. Тиісінше Қазақстан Ресейден 5 аптаға артта келеді. Бұл 5 аптада Ресей n-орыннан (15 сәуір күні Ресей кейс саны бойынша әлемде нешінші орында болғанын анықтай алмадым ‒ автор) 2-орынға дейін көтерілді.

Оқи отырыңыз: Пандемиядан шығудың үш сценариі. АҚШ пен Батыс Еуропа қай жолды таңдады?

Енді Ресейде вирус санының сол соңғы 5 аптада қалай өскенін зерделейік. Кейстер саны 24 490-нан 317 554-ке жетті. Ал осы аралықтағы өсу қарқынының әр күнге бөлгендегі орта есебін шығарсақ, Ресейде вирус жұқтырғаны анықталғандар саны соңғы 5 аптада күн сайын орта есеппен 8 373 кейске артып отырған.

317 554 - 24 490 = 293 064;
293 064 : (5 x 7) = 8 373.

Ал бұл өсу қарқыны Ресейдің 144 миллион халқы корреляциясы деп есептесек, Қазақстандағы осы орташа өсімді анықтау үшін, сол санды (8 373) 7,5-ға бөлеміз. Сонда Қазақстандағы алдағы 5 аптада күн сайын орта есеппен анықталатын кейстер саны шығады. Ол 1 116-ны құрайды.

1 116 x (5 x 7) = 39 060.

Сонымен, қорыта келсек, Қазақстанда алдағы 5 аптада коронавирус кейстерінің өсу эскалациясы күтіледі. Коронавирус жұқтырғандар саны 25 маусымға қарай 39 060 жаңа кейске көбейеді. Ал толық кейстер саны 46 294-ке жетеді.

Оқи отырыңыз: АҚШ доллары халықаралық мәртебесінен айырыла ма? Сараптама

P.S. Бұл нақты математикалық анализ. Оны есептеуде Қазақстан үкіметінің пандемияның таралуына қатысты жасап жатқан шаралары, вирустың таралуын алдын алу үшін халық жасап жатқан әрекеттер мен ауа райы ескерілмеген. Себебі, бұл шараларды өлшеу өте қиын, тіпті мүмкін емес. Пандемия кезінде үкіметтің облыстар мен үлкен қалалар арасында блокпосттар қойып, халықтың себепсіз көшеге шықпауын қадағалау сынды шаралары өте тиімді. Бірақ олар қазір босаңсып жатыр. Ал халықтың вирустың таралуына қарсы әрекеттері өте нашар. Сосын ауа райы жылынған кезде вирустың таралуы азаятынына да ғалымдар толық сенімді емес.

Сондай-ақ, вирус таралуының алдын алудың тағы бір жолы – тест санын көбейту. Симптомдары байқалмаса да, тест тапсырып, вирус жұқтырып алғанын білген жастар оқшаулауға кетсе, бірталай адамға таралуының алдын аламыз. Тест алу бойынша әзірге Қазақстан біршама артта келеді. Әсіресе, жастардың арасында көбірек тест жасап, анықталғандарын қатаң бақылаумен өз-өзін оқшаулауға жіберу керек. Вирус кейстерінің күрт өсуіне симптомы байқалмайтын жастар басты себеп. Оларда еш симптомдар байқалмайды, сәйкесінше, вирус жұқтырмағандай абайсыз жүре береді. Солай жасы үлкен немесе ауру азаматтарға жұқтырып, олардың өміріне қауіп төндіреді. Сол үшін жастар арасында ерікті түрде тест жасатқысы келетіндердің, тіпті аздап жайсыз сезінсе де, тест жасатуын қамтамасыз ету керек. Оңтүстік Корея мен Сингапур солай жоғары нәтижеге жетті.