Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Баймановтың айтуынша, 2020 жылдың маусым айындағы зерттеулер жастардың негізгі 3 проблемасы бар екенін көрсеткен. Олар:

  1. тұрғын үй;
  2. жұмыссыздық;
  3. бос уақытын тиімді өткізу мәселесі.

Бұл зерттеуді Жастар ғылыми зерттеу орталығы жасаған. Оған сәйкес, жастардың жас мөлшері бойынша мәселелері де әркелкі болады. олардың негізгілері:

  • 14-18 жас – оқу;
  • 18-23 жас – оқуға түсу және жұмысқа орналасу;
  • 23-29 жас – тұрғын үй, жұмыссыздық, отбасын құру.
Қазақстанда статистикалық мәліметтер бойынша 3,8 миллион (14-29 жас) жас бар.

"Жастардың санасы өзгерген"

"Хақ" қозғалысының мүшесі Аякөз Ханетова Баймановтың мәліметтерімен келіспейді. Оның пікірінше, қазіргі жастардың санасы өзгерген. Олар "бос уақытымды қалай өткіземін" деп жүрген жоқ.

"Жастар билікке наразылығын білдіру үшін көшеге шығады. Саяси құқықтарымыз бен бостандығымыз тапталып жатыр. Жастар өздерін ешбір саяси институтта, парламентте, жергілікті атқару органдарында неге көре алмайды? Бәрін партиялық тізіммен жауып тастағансыздар. Оларда бір ғана ресурс бар – көшеге шығып, ойын бейбіт түрде жеткізу. Ол біздің конституциялық құқымыз. Оны "ана жерге барып сөйлеңдер, мына жерге барып сөйлеңдер" деп шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. Рұқсат етілген митинг өтетін жер деген заң халықаралық нормаларға сай емес", – деді Аякөз Ханетова.

Оның тұжыруынша, жастардың негізгі проблемалары:

  • демократиялық реформа;
  • сот жүйесінің реформасы;
  • жастардың саясатқа араласа алмауы.

Оқи отырыңыз: Жастар тәжірибесіне қатысушылар 69 450 теңге еңбекақы алады. Оған қатысудың жолы қандай?

Митинг соғыс емес

"Митинг соғыс, қару емес. Ол ашық диалогтың түрі. Одан ешкім қорқып отырған жоқ. Тәртіп бұзса, жауап береді. Ал митинге шықса, біз олармен жұмыс істеуге дайынбыз", – дейді "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсембаев. Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов сөз еткен үш проблеманың қатарына тағы өзекті екеуін қосу қажеттігін айтты. Сонымен, оның нұсқасы бойынша, бес маңызды мәселе келесілер:

  1. Азаматтық белсенділік. Қазіргі жасатар арасында өткізілген сауалнамаға сәйкес, жастар ұйымына мүшелердің 80 пайызы ешбір саяси ұйымда тіркелмеген. Оларға азаматтық белсенділікті ашық демократиялық түрде өткізетін институт керек;
  2. Сапалы білім. Қазақстандағы білім беру саласында қала мен ауыл арасында кем дегенде үш жылдық алшақтық бар;
  3. Жұмыссыздық;
  4. Тұрғын үй;
  5. Тұлғалық даму.

"Осы бес мәселені қолға алып жатырмыз. Жоба ұсындық. Оның аясында жол карталарын дайындаймыз", – деп сендірді "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы.

Оқи отырыңыз: Жастар жылының қорытындысы: қандай бастамалар жүзеге асты?

Мемлекет не істеп жатыр?

"2019 жылы жастар жылында арендалық үй беру мәселесі қолға алынды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында бір жылда үш мың пәтер берілді. 2021 жылға дейін 9 мың пәтер беріледі. Ауыл жастары "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында баспаналы бола алады", – деді Ақпарат министрлігінің өкілі Шахмардан Байманов.


Скриншот "Неге" бағдарламасынан жасалды

"Проблемалардың бар екенін жасырып отырған жоқпыз", – деді Шахмардан Байманов. – Оларды шешу үшін жергілікті жердегі жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын Жастар ресурстық орталықтарына тапсырдық.

"Проблема тұрғын үй мен жұмыссыздық емес"

Саясаттанушы, қоғам белсендісі Нұрбек Матжани мәселені түп тамырымен шешу керек деп есептейді.

"Мәселен, Конституцияда "Біз Қазақстан халқы болашақ ұрпақтың алдында жауапкершілікті сезіну... еркіндік, діни, саяси бостандық" деген сөздер бар. Оның барлығы тапталып жатқан кезде тұрғын үй мәселесін қозғай алмаймыз. Бұл проблеманың салдары. Егер біз әділетті мемлекет құрсақ, адамдар бәсекеге төтеп бере алатын болса, тұрғын үй, жұмыссыздық мәселелерін шешуге арналған бағдарламалар керек болмай қалатын еді", – деген пікірде ол.

Матжанидың айтуынша, Қазақстанда жастар мектеп бітірген соң университетке оқуға түседі, одан кейін автоматты түрде жұмысқа орналасады. Яғни бәсекеге төтеп бермейді.

"Экономиканы жөндесек, жастар сіздер жасап отырған бағдарламаға жүгінуге мәжбүр болмайтын еді. Ал сіздер айтып отырған жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесі елімізде отыз жыл бойы айтылып келе жатыр", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж

4 миллион жас қайда?

"Тәуелсіз зерттеушілердің есебі бойынша 4 миллион жастың тек 100 мыңы ғана 2019 жылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан", – дейді Аякөз Ханетова. – Сіздер айтып отырған 4 миллион жас қайда? Олар неге қамтылмаған?"

Бұған Шахмардан мырзаның өз есебі бар. Айтуынша, 2019 жылы барлық бағдарламаларған қатысқан жастардың саны – 720 мың. Бұл ғылыми зерттеу инситутының мәліметі.

Жастар саяси белсенді емес

Нұрбек Матжанидің ойынша, билік осы уақытқа дейін өзіне қарсы пікір айтқан адамның бәрін жаман адам ретінде көрсетуге тырысты. Яғни, саяси белсенділікті өшіруге ұмтылды. Жастардың саяси белсенді болмауының себебі – осы.

"Жастар саясатқа араласқысы келетінін былтыр сайлау кезінде көрсеткен. Ал билік оған дайын болмай шықты. Билік шешім шығару монополиясын бергісі келмейді. Қарсы пікір айтқандарды жау санауды қою керек. Жастарға парламенттен орын беру керек. Психологияда шешім қабылдау деген процесс бар. Ол түрлі пікір болған кезде сапалы болады. Ал біздің парламентте пікір алуандығы бар ма? Жауапкершілікті бөлісейік", – деді ол.

2018 жылы "Жас Отан" жастар қанатының 165 мың мүшесі болған. Биыл 105 мың.

60 мың адам қайда кетті?

"Жас Отан" Жастар қанатына мүше болу жасы – 16-29 жас", – деп түсіндірді Елнұр Бейсембаев. – 35 мың адам 29 жастан асты, олар өз еріктерімен басқа салаға кетті. Қалған 30 мыңы әртүрлі себептермен бізбен байланысты үзді. Бірақ, біздің мақсатымыз мүше санын арттыру емес, қайта бар жастармен концептуалды жұмысты арттыру.

Біздің ұйымның өз миссиясы бар. Ол сапалы білім алуға, елін сүйуге, елінде қызмет жасаймын деген азаматтарға саяси ұйым ретінде мүмкіндік жасау. "Жас Отан" жастар қанатының жылдық бюджеті – 200 миллион теңге".

Жастар Қазақстанның болашағына сенбей ме?

Қазақстандағы жастар миграциясы алаңдатпай қоймайды. 2012 жылдан бері шет елге кеткендердің саны ұдайы артып келеді.

Олардың 25 пайызы 15-28 аралығындағы жастар. Қазақ жастары Ресей Оңтүстік Корея, АҚШ Түркия Еуропа елдерінде еңбек етуде. Шет ел асқан азаматтарымыздың 77 пайызы жоғары білімді.

Нұрбек Матжани жастардың елден кетуінің бірден бір себебі олардың болашаққа сенбеуі дейді.

"Қарапайым себеп, сапасыз білім, білім алғаннан кейін баспаналы болу үшін, жұмысқа тұру үшін түрлі бағдарламаларға мұқтаж. Олар өз елімізде кәсіби мүмкіндіктерін пайдалана алмайды. Біз қазір дұрыс шешім қабылдамасақ, тіл білетін, мықты мамандар шет елге көшіп кетеді", – деді ол.