Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Мәжілістегі Үкіметтік сағатта көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны жан-жақты түсіндірді.

"2020 жылдан бастап көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төлеу көзделіп отыр. Біздің есебіміз бойынша, аталған жәрдемақыны жаңа жылдан 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы алатын болады", – деді министр.

Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, отбасыдағы балалар санына байланысты ай сайын 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде жаңа мемлекеттік жәрдемақы белгіленеді.

Министрдің сөзіне сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмекті реформалауға дайындық Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық шеңберінде үшінші кезеңде басталды. Осылайша, 2014-2017 жылдар аралығында елімізде кезең-кезеңімен "Өрлеу" пилоттық жобасы іске асырылды, нәтижесінде көмек алушылар үшін әлеуметтік келісімшарттар жүйесі, көмек алу шарттары, сондай-ақ, табысы аз отбасыларды сүйемелдеу практикасы енгізілді.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекке ілінбей қалғандар неге наразы болып жүр? Қандай қордаланған мәселе бар?

"Осы мақсаттарда бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша реформаларды 2018 жылы жалғастыра отырып, біз АӘК тағайындау құқығын (кедейлік шегін) анықтау үшін табыс деңгейіне қойылатын өлшемдерді алғаш рет өзгерттік, ол ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызға дейін көтерілді. Нәтижесінде атаулы көмек алушылар саны 2017 жылмен салыстырғанда 20 есе артты. Биыл 27 ақпанда Елбасының "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында АӘК тағайындау тетігі өзгертілді",– деді министр.

Нақтырақ айтар болсақ, биыл 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін өсті.

"Табысы аз отбасынан шыққан әрбір балаға атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 20 789 теңге көлемінде белгіленген. Ал шартсыз ақшалай көмек көрсету мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, биылғы қараша айының басындағы мәліметке сүйенсек, шамамен 456 мың отбасы, яғни 2,1 млн адам мемлекеттен нақты қолдау алды. Нәтижесінде тағайындалған АӘК орташа мөлшері де 1,8 есе артты.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда берілмейді?

Жалпы, атаулы әлеуметтік көмекті алудың негізгі шарттарының бірі отбасындағы еңбекке қабілетті адамның жұмыстан бас тартпауы. Яғни, АӘК тағайындалған отбасында еңбекке жарамды азаматтар болса, ол кісілер жұмыспен қамту шараларына тартылады. Өз кезегінде ол адам жұмысқа тұрып, әлеуметтік шарт жасалады, яғни бұл бұрыннан бар тәртіп. Алайда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүріп, ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда, АӘК беру бүкіл отбасына тоқтатылады. Ал бүгінге дейін тек еңбекке қабілетті адам үшін ғана тоқтатылатын.

"Осы орайда, еңбекке жарамды отағасының жауапкершілігін арттырамыз. Отағасы жұмысқа бармаса, атаулы көмектен бүкіл отбасы айырылады", – деді министр.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарланып отыр.