Оған сәйкес, көп балалы отбасыларды қолдаудың жекелеген шаралары қарастырылып, аз қамтылған отбасыларды нәтижелі жұмысқа тарту көзделген. Жыл басынан бері АӘК 156,7 мың отбасына тағайындалды.

"Әрбір отбасы мүшесіне арналған АӘК мөлшері белгілі бір облыстың ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткішіне қарай анықталады. Өңірлерде 2,6 мыңнан астам учаскелік комиссия жұмыс істейді және олардың жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 804,1 мың адамнан және 516,2 мың баладан құралған 156,7 мың отбасына тағайындалды", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Қазақстанда АӘК тағайындаудың түзетілген әдістемесі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті тапсырмасын іске асыру аясында 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырылуда. Заңнамалық түзетулер қабылданып, оған сәйкес, көп балалы отбасылар (төрт және одан да көп баласы барлар) жеке санатқа жатқызылды. Оларға арнап әр балаға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді.


Сурет egov.kz сайтынан алынды/

АӘК тағайындау критериі ретінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% көрсеткіші таңдалып отыр. Егер отбасының әр мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, одан қалатын айырмашылық атаулы әлеуметтік көмектің көлемін құрайтын болады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі азық-түлік тауарларының бағасына байланысты әр аймаққа жеке есептеледі.

2020 жылдан бастап АӘК-ні әр тоқсан сайын тағайындау әдістемесі қайта енгізілді. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында қосымша шарт қойылып отыр: егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі оған ұсынылған жұмыстан бас тартса, ол және оның отбасы АӘК-ге жүгіну құқығынан айырылады.

"Жұмысқа белсенді тарту бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Ағымдағы жылдың 9 айында аз қамтылған санатқа жататын 15,3 мың адам немесе 2,7 мың отбасы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту немесе жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру және дамыту үшін АӘК аясында біржолғы төлем алды", – делінген министрлік хабарламасында.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 259,4 мыңының ішінде 134,9 мыңы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар тәуелсіз жұмысшылар саны – 7,8 мың адамды, бала күтімі бойынша қызметкерлер саны – 94,5 мың адамды, жұмыссыздар саны – 17,8 мың адамды құрап отыр. Ал 4,4 мың адам өзге санаттарға жатқызылған.

2020 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары барысында 33,3 мың аз қамтылған азаматтың мәселесі қаралды. Сонымен бірге жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартуына байланысты 1,6 мың отбасыға АӘК тағайындалмады.