Ата-аналардың көбі қашықтан оқуға қарсы. Олар балаларының пандемияға қарамастан неге мектепке барғанын қалайды?
Көптеген ата-ананың мектепте оқуды таңдауына не себеп?
Сауалнама қорытындысында, ата-аналардың басым бөлігі (65,2 пайыз) балаларының жаңа оқу жылын мектепте қарсы алғанын қалайтыны анықталған. Ал, қалғандары аралас форматта (16,22 пайыз) және қашықтан оқытуды (18,62 пайыз) таңдапты. Ата-аналардың мұндай таңдауына "қашықтан оқыған кезде оқушылардың күнделікті оқу материалын игеруі қиын" деген пікірі себеп болып отыр. Осындай пікірдегі респонденттер үлесі – 88,7 пайыз.
Қашықтан оқытудың негізгі құралы қайсы?
Сондай-ақ, көптеген ата-аналар "алғашқы тоқсан тағы да WhatsApp арқылы оқуға айналып кетеді" деп алаңдаулы екен. Өткен оқу жылында дәл осы мессенджер сабақ оқуда ең көп қолданылған құрал болса, одан кейінгі орынға өз бетінше оқу әдісі мен телесабақтар жайғасқан. Сонымен қатар, бұл тізімді "Күнделік", "Skype, Zoom, Microsoft Teams", жеке репетитор және "Classroom" толықтырған.
Ал, "жаңа оқу жылын қашықтан оқыту әдісімен бастауға дайынбыз ба?" деген сұраққа ата-аналардың 59,34 пайызы "жоқ" деп, 12,81 пайызы "иә" деп жауап қайырған. Сондай-ақ, респонденттердің 44,19 пайызы Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайындығына "өте нашар" деп, ал, 41,72 пайызы "қанағаттанарлық" деп баға беріпті.
Қашықтан оқытудың ең басты бес кедергісі
Қазақстандық ата-аналардың пікірінше, бұл кедергілер қатарына мыналар жатады:
- мұғалімдер мен ата-аналардың компьютер тілін жетік білмеуі;
- қашықтан оқытудың бірыңғай әдісінің болмауы;
- компьютерлер мен смартфондардың жеткіліксіздігі;
- қашықтан оқытуға арналған арнайы оқу бағдарламасының жоқтығы;
- интернеттің қолжетімсіздігі.
Оқулық жеткілікті ме?
Сауалнамада респонденттердің 36,9 пайызы "жетпей жатқан кітаптарды өзіміз сатып аламыз" деп жауап берген. Көбіне Шымкент қаласы, Түркістан және Қызылорда облысы тұрғындарының жауабы осындай болып шыққан. Ал, Нұр-Cұлтан қаласы, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары оқушыларды оқулықпен қамту жағынан алға озып тұр.
Қай өңірдің білім беру саласында парақорлық өршіп тұр?
Мектеп және балабақшаға орналасу кезіндегі жемқорлық туралы сұрақ қойылғанда, ата-аналардың 80 пайызы ақша туралы ешқандай әңгіме болмағанын айтқан. Дегенмен, әрбір бесінші респондент (20 пайыз) "менен пара сұрады" деп жауап берген. Ата-аналардан пара сұрау мәселесінде Алматы қаласы (11,7 пайыз), Жамбыл (10,3 пайыз) және Шығыс Қазақстан (9,9 пайыз) облыстары көш бастап тұр.