Алматылықтарға тегін көшет таратылады. Оны алу үшін 10 сәуірге дейін өтініш беру қажет
Алматы Жасыл экономика басқармасы "Жасыл Аула" көшет тарату науқанының басталғаны туралы хабарлады. Шара аясында тұрғындарға емен, шаған, жұпаргүл, каталпа, сумах ағаштарының көшеттері тегін таратылады.
Шараға қатысатын көпқабатты үй тұрғындары көшеттерді өз үй аулаларында отырғыза алады. Бірақ, науқанға қатысушылар екі жыл ішінде отырғызылған ағаштарды күтіп-баптауы тиіс. Ол бойынша арнайы кепілдік міндеттемесіне қол қоюы шарт.
Қатысу үшін almaty_uze@mail.ru электронды мекен-жайына келесі деректерді жіберу керек:
- Ниет білдірген тұлғаның толық аты-жөні және байланыс деректері, көшетті отырғызу орнының нақты мекен-жайы;
- Көшетті отырғызатын жоспарланған орынның бірнеше фотосуреттері (панорамалық фотосурет, себебі ЖЭБ мамандары орналасқан жерді бағалай алады);
- Көшеттердің қажетті санын және олардың тұқымдас түрін жазу.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда "Таза табиғат" экологиялық жобасы бастау алды
Науқан Jasyl Almaty миллиондаған жасыл желек отырғызу бағдарламасы аясында өтеді.