Алматыда метроның "Достық", "Сарыарқа" бекеттері бітпей жатып, "Қалқаманның" құрылысы басталды
Алматылықтар Абай даңғылының батыс бөлігінде салынып жатқан "Достық" және "Сарыарқа" бекеттерінің игілігін биыл да көре алмайды. Қос бекеттің құрылысы келер жылға тағы шегерілген. Бұл туралы Алматы қаласының мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан мәлімдеді. Оның айтуынша, жер астындағы құрылыс жұмыстары тек 70%-ға аяқталған.
"Метро нысандарының жалпы дайындығы 70 пайызды құрайды. Оған арнайы құрылғыларды жеткізу, оларды орнату, сонымен қатар негізгі құрылыстарды аяқтау, теміржолын салу кіреді. Бұл құрылыс тек қала ғана емес, үкімет басшылығының да назарында. Сондықтан 2021 жылдың соңында толық аяқталады деген жоспарымыз бар. Жұмыстар кестеге сай жасалып жатыр. Коронавирус пандемиясы ықпалынан қаржысын да қысқартпадық", – деді Ернұр Әбжахан.
Оқи отырыңыз: "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерін аяқтау мерзімі шегеріледі. Оның басты себептері қандай?
"Достық" және "Сарыарқа" бекеттері Абай даңғылының батыс бағытындағы Алтынсарин даңғылынан Момышұлы көшесіне дейінгі аралықты құрайды. Метро желісінің ұзындығы – 3,1 шақырым. Бұл бекеттердің құрылыс жұмыстарына 68,1 млрд теңге бөлінген. Ал "қызыл сызыққа" түскен жер телімдерін сатып алуға мемлекеттік бюджеттен 2,6 млрд теңге жұмсалған.
Оқи отырыңыз: Метро құрылысы тоқтап, мыңнан астам жұмысшы жалақысыз қалуы мүмкін
Айта кетсек, аталмыш бекеттердің құрылысы 2015 жылы басталып, әліге дейін созылып келеді. Ал биыл Алматы әкімдігі "Қалқаман" бекетінің ұзындығы 2,4 шақырым болатын метро желісінің құрылысына кірісіп кетті. Ол Абай даңғылы бойында Яссауи көшесінен басталып, Әшімов көшесінен Қалқаман ықшамауданына дейінгі аралықты құрайды. Құрылыс кезінде 147 үй бұзылады деп жоспарланған. Ернұр Әбжаханның айтуынша, баспаналары "қызыл сызыққа" түскен тұрғындарға ескерту жасалған. Қазір үйлерді бағалау жұмыстары басталды. Телімдерді сатып алуға қанша қаржы қарастырылатыны белгісіз, ал бекеттің жалпы құрылысына 47,7 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр.
"Аздаған ақшамен "Қалқаман" метро бекетінің дайындық жұмыстары басталды. Бүгінгі күнде Қарғалы өзені арқылы өтетін учаскедегі туннельдер үшін линиялық бекіту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар вентиляциялық ұңғыма қазылуда. Биыл қосымша қаржы берілген жағдайда туннельдерді қазу жұмыстарын бастау қарастырылып отыр. Негізі қаражат дер кезінде бөлінсе, бекетті үш жылда бітіреміз", – деді Ернұр Әбжахан.