Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қала мектептеріндегі орын тапшылығы мен оқушыларды тегін тамақпен қамту мәселесін сынға алды. Бұл проблемаларды шешу мақсатында қала басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Осыған орай бүгін Алматы білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова баспасөз мәжілісін өткізіп, мәселелерді шешу жолдарын айтып берді. Оның айтуынша, Алматыда білім алғысы келетін балалардың саны жыл санап артып келеді. Биыл оқушылар саны 17 мыңға көбейген. Соған орай қаладағы білім ошақтарында орын тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Ресми мәлімет бойынша, Алматыда 30 мың 183 оқушыға мектепте орын жетіспейді. Әсіресе 15 мектепте бір сыныпта 30-35 оқушы білім алып жатыр екен. Санитарлық нормаларға сәйкес, сыныпта әр балаға 6 шаршы метр орын болуы керек. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ.

Мектептегі орын тапшылығын шешу үшін 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Оған сәйкес, қалада жаңа білім беру мекемелері мен балабақшалар салу қарастырылған. Мәселен, 2020 жылы Алматыда 12 мың орындық 8 мектеп бой көтереді. Олардың бесеуі Алатау ауданында орналасса, екеуі Наурызбай ауданында, бір мектеп Түрксіб ауданында салынады.

Оқи отырыңыз: Бірінші сынып оқушысына мектепті қалай таңдау керек? Ата-аналарға арналған нұсқаулық.

Орын тапшылығын жоюдың тағы бір шешімі аз қамтылған отбасылардың балаларын жекеменшік мектептерде тегін оқыту. Гүлнәр Қожабергенованың айтуынша, қалалық білім басқармасы тарапынан қазір жекеменшік мектептермен келіссөздер жүргізіп басталған.

"Алматыда барлығы 61 жеке мектеп бар болса, олардың тек 27-cі ғана бізге қолдау көрсетуге келісті. Қалғандары құлықты емес не конкурс бойынша өтпейді. Жеке мектепте бір жылдық оқу құнының қанша тұратынына қарамастан, мемлекет тек 235 мың теңге ғана төлей алады", – деді Алматы білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова.

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматыда әлеуметтік санатына қарамастан, 340 оқушы мемлекеттік мектептен жекеменшік білім ошағына ауысқан.

Оқи отырыңыз: Мектептегі тамақтандыру саласына өзгерістер енгізіліп жатыр

Аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепте тегін тамақпен қамтамасыз ету

Алматыда жалпы білім беретін 205 мектепте 261 мың бала білім алуда. Әр мектепте Үкіметінің №64 қаулысы бойынша, әлеуметтік көмекті қажет ететін және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қолдау көрсету үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл қаржыға балаларды тамақпен, мектеп формасымен және оқу құралдарымен тегін қамту көзделген. Қазіргі кезде қала мектептерінде осы санатқа жататын 20 мың 750 бала білім алуда. Оларға тегін тамақ беру үшін бір күнге 400-450 теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Ас мәзірін Қазақ тағамтану академиясы және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп жасаған. Биылғы оқу жылында оқушыларды тегін аспен қамтамасыз етуге 536 млн 725 мың теңге бөлінген.

"Алматыда мектеп оқушыларының тек 5 пайызы тегін тамақпен қамтылған және бұл Нұр-Сұлтан қаласымен салыстырғанда он есе кем. Нұр-Сұлтан қаласында жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныбында оқитын барлық балалар тегін тамақпен қамтамасыз етілсе, Алматыда тек аз қамтылған немесе көпбалалы отбасынан шыққан балалар ғана тегін тамақ ішеді. Сондықтан біздегі көрсеткіш төмен", – деді Алматы білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова.

Мектептер мен колледжерді техникалық жабдықтау. Білім басқармасы басшысының сөзінше, қаланың барлық мектептері толық материалдық-техникалық жабдықталған. Былтыр 1,9 млрд теңгеге "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша барлық оқу кабинеттерін жөнделіп, компьютер, ноутбук, экран және проектор сынды жабдықтар сатып алынған. Ал қалада қазір кәсіптік білім беретін 22 колледж бар. Оларды да техникалық жабдықтау басты назарда. Келесі жылы "Жас маман" жобасы аясында республика бойынша 180 колледж бен жоғары оқу орнын жөндеп, техникасын жаңарту көзделген. Бұл тізімге Алматының 18 колледжі енген. Қаланың колледждерін жабдықтауға 4,5 млрд теңге қаражат бөлінді.