Алексей Цой: Covid-19 жұқтырған қазақстандықтар тағы 5 дәріні тегін ала алады
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.
Тегін берілетін дәрілер қатарында парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран бар. Оларды алу үшін науқас жергілікті мекен-жайы бойынша тіркелген емханаға хабарласуы қажет.
"Біз қазір осы дәрілерді үйден емделіп жатқан және амбулаториялық ем қабылдап жатқан азаматтарға тарату мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұлар – науқастар күн сайын дәріханадан таба алмай жүрген, дене температурасын түсіретін дефицит антиобиотиктер. Дәл осы дәрілерді үйде емделу стандартына қосқымыз келіп отыр. Осылайша, симптомы жеңіл түрде өтіп жатқан жандарға көмектесе аламыз. Науқастар ауруханаға бармай-ақ, қажет дәрілерді үйінде қабылдайды", – деді Алексей Цой.
Cондай-ақ, науқас учаскелік дәрігерлерден онлайн режимде кеңес ала алады. Науқастың денсаулығы күрт нашарлаған жағдайда учаскелік дәрігер мобильді бригадамен оның үйіне барады.
"Жедел жәрдем" шақыратындар азайды
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тәулігіне коронавирус жұқтыру көрсеткіші 4 пайыздан 2,1 пайызға азайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір күн сайын 1 500-1 600 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып отыр. Сондай-ақ, министр соңғы 2-3 аптадағы оң өзгерістерді атады:
"Қазір елімізде коронавирус инфекциясынан емделгендер саны 60 пайызға жетті. Сонымен қатар, азаматтардың жедел жәрдем бригадасын шақыруы 23 пайызға төмендеді. Шілде айының алғашқы 3 аптасында төсек-орындар саны 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін көбейді. Оның ішінде қосымша инфекциялық төсек-орын саны – 5,3 мың. Провизорлық төсек-орындардың жүктемесі 20 пайызға, ал жансақтау бөлімінің жүктемесі 6 пайызға төмендеді. Осының арқасында науқастарға медициналық көмек көрсету қолжетімділігі артты".
Коронавирус инфекциясынан 59 дәрігер көз жұмған
Министрдің айтуынша, вирус жұқтырып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің тізімі қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданған.
Жасанды тыныс алдыру аппараты жеткілікті ме?
Денсаулық сақтау министрі қазір Қазақстанда 1 958 жасанды тыныс алдыру аппараты бар екенін хабарлады. Жақын арада тағы 4 183 жасанды тыныс алдыру аппараты сатып алынбақшы.
"3 105 аппаратты отандық тауар өндірушіден сатып аламыз. Олар шамамен 2-3 айда өндіріліп, медициналық мекемелерге жеткізіледі. Қазір тыныс алдыру аппаратын жеткізу процесі штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 21855 орын оттегімен қамтамасыз етіледі. Оның 17 762-сі – оттегі концентраторлары. Бұлардың сатып алынуына мемлекет қолдауынан бөлек, ел азаматтары мен меценаттар көмектесті", – деді министр.
Сондай-ақ, Алексей Цой Қазақстанға әкелінетін шетелдік екпелер туралы айтты:
"Қазір Қазақстан түрлі елдердің екпелерін зерттеп жатыр. Олар клиникалық сынақтың түрлі сатысынан өтуде. Ресейлік екпенің қандай екенін білеміз, ондағы әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз. Екпелердің елге нақты қашан әкелінетіні олардың сынақтың барлық кезеңінен толықтай өтіп, халықтың қолдануына жіберілгенін дәлелдейтін ресми хабарға байланысты".