Адамның тағдыры есіміне байланысты ма?
Қазақ халқы баласына ат қоярда, сол есімге сай оған жүктелетін жауапкершілікті де ойлап, сақтықпен қараған, ырымдаған. Ырымның қырын кетпеуін қадалаған.
XX ғасырдың басынан адам есімін зерттеумен айналысатын антропономика ғылымының мамандары мен психологтар адамның атымен бірге оның тағдыры жазылады деген ортақ пікірге тоқтапты. Сонымен қатар адам өз есімін бала кезінен қалай қабылдаса, өмірі соған орай қалыптасады дейді. Психо-аналитик, психолог Зүбайда Кененбаева есім таңдауда немқұрайлылық танытуға сондықтан болмайды дейді.
Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
Баланың есімін дұрыс қоюға ата-анасы жауапты
– Жалпы адамға таңдалған есім болашақты таңдаумен бірдей. Яғни, ата-анасы жауапкершілікті сезіне білуілері керек. Себебі, көп балалы отбасыларда немесе ұлды зарыға күтіп жүрген бірнеше қыз балалардың ата-аналары аса қатты мән бере бермейді. Ал ес біле бастаған балаға есімнің мағынасын түсіндіріп, санасына сіңіре беру керек. Бұрын ата-әжелеріміз немерелеріне ерінбей, айтып отыратын. Атыңа лайық бол деп оның бойына есіміне сай қасиеттерді сіңіріп, жақсы қабілеттерін жетілдіретін. Қазір түсініксіз есімдер көп. Ал есімнің түсініксіз болуы баланың өзіне деген сенімін жоғалтады.
Кей жағдайларда бала не мағына беретінін білмегендіктен әрі түсініксіз болғандықтан өз атынан өзі намыстанады. Түбінде балалардың мазағына айналуы мүмкін. Сонымен қатар өз есімін қабылдай алмай, есейе келе мүлдем бас тартуға мәжбүр болады.
Оқи отырыңыз: Медина, Падишах, Максимильян. Қазақ балалардың еншісіне қандай есім бұйырып жүр?
Мысалы, Арман деген есім қазақтарда ауыр ат болып есептеледі. Соны үйде дастархан басында баланың есіне сала берсе, ол болашақта ауыр тағдыр күтіп тұрғанын болжап қояды. Алдында кездескен қиындықтарды да тағдырынан көріп тұрады.
Егер ата-ана балаға белгілі себептермен қойылған есімнің тарихын айтып, ұқсатып қойған адамның жақсы жетістіктерін айтса, бала соған еліктей бастайды. Мысалы, Айнұр деген ат өте көп кездесіп жатады. Алайда қызға ол атты айдай сұлу, жүзі нұрлы болсын деп қойғанын түсіндірсе, тіпті бет-пішіні сұлу болмаса да, ол ішкі жан дүниенің сұлулығына мән беретін болады.
Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?
Қазақ балаға аң-құстың атын ырымдап берген
– Бұрын Қасқырбай, Бүркіт деген сияқты есімдер болған. Әлі де бар. Өйткені сол аңдар сияқты мықты болсын деп ырымдап қойған. Мысалы, есімін сұраған кезде анық, дауыстап, мақтанышпен айтса, есімін қабылдаған адамдар қатарына жатқызамыз. Егер күмілжіп, сенімсіз түрде айтса, өз атын қабылдамағаны. Өйткені олар өзіне есім қойған адамды жек көреді. Сондықтан өсе келе есімін өзгертеді.
Ал екі есімді бірдей арқалап жүретін адамдар яғни, азан шақырып қойған аты бөлек, отбасында басқаша есіммен аталатын балалар еркелікке жақын болады. Олар өз ойын еркін жеткізеді. Мысалы, Шыңғыс атамыз ұлы Шоқан өмірге келгенде, Сегізсерідей әрі ақын, әрі батыр болсын деп есімін Мұхаммед-Қанапия қойған Бірақ елге Шоқан есімімен танылды. Табиғатында кез келген бала тоғыз-он жасында атына мән бере бастайды, – дейді психолог.
Арал ауданының тұрғыны Амангелді немерелері дүиеге келместен бұрын түс көріпті. Ол түсінде үш жұмыртқа тауып алады. Жұмыртқаларды кезектеп жарған кезде ішінен арыстан, жолбарыс және бүркіттің балапаны шығады. Амангелді түсін жақсыға жорып, немерелері аман-есен дүниеге келсе, осы үш есімді беруді ұйғарады. Уақыт өте келе бірінен соң бірі дүниеге келген немерелерінің біріншісіне – Бүркіт, екіншісіне – Арыстан, үшіншісіне – Шерхан деп ат қойыпты. Қазір 14-ке келген үлкен немересінің бүркіт сияқты қырағы, алғыр екенін айтады.
Шариғатта баланың атын үш күн ішінде қою керек
Шариғат заңы бойынша, жаңа туған нәрестеге үш күннің ішінде азан шақырып, ат қою керек. Басқа дүниеде жан мен тәні адасып қалмасын деп сәбидің құлағына есімін үш рет айқайлап айтады.
Исламда "Әке мен шешенің баласының алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, дінге тәрбиелеу, үйлендіру (қыз болса – ұзату)" деген хадис бар.
Қазақ неге ырымдап ат қойған?
– Ырымдап ат қою – ежелден қалыптасқан дәстүр. Соның ішінде бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою – бұрындары жақсы ырым саналған. Және де ата-бабаларымыз көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен жаңа туған нәрестеге әдейі түпкі мағынасы сыйықсыз есімдерді де қойған.
Мұндай дәстүр қазақтарда ғана емес, орыстарда да бар. Орыс халқында Клавдия (ақсақ), Ардалион (лас), қазақ халқында: Жаман, Қиқым, Шоқпыт деп қойған. Ырымдап ат қою жақсы дәстүр болғанмен, қазіргі заманда бұрынғыдай мағынасы жаман есімдерді балаға қоймағанымыз дұрыс. Көбіне сұрықсыз есімдерді көп жыл балаға зар болған ата-аналар тұрақтасын, көз тимесін деп қойған, – дейді психолог.
Бала есімін қоюға қатысты қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Ю.Бошняков бұл туралы былай деп жазады: "Баланы бесікке бөлерде күн ілгері ауыл-аймаққа хабар беріліп, әркім қал-қадірінше той жасайды. Тойға жиналғандар балаға қатысты екі шараны жүзеге асыратын болған. Бірінші кезекте балаға ағайын-туысының ұйғарымымен өздері іштей құптап жүрген есімді қояды. Мұны сол ауылдың ең беделді азаматы сәбиді қолына алып азан шақырып, үш рет бала есімін құлағына қайталайды. Ал, ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қояды. Мұнда көптеген ырым-жорамал бар. Маңдайы кең, нұрлы болып туған балаға тіл-көзден аман жүрсін деп Итаяқ, Күшік, Жаманбала, Сасықбай деп, әдейі жиіркенішті есім қоя салады. Баламның аты затына сай болсын деп небір жаһангер қолбасшы, дінбасы, пайғамбар есімдерін де беретіндер болған. Бірақ, олардың есімін әке-шешесі көтере алмайды деп ержеткенше жасырып, еркелетіп басқаша атап жүреді. Себебі, бала сол есім жүктейтін ауыр міндетті көтере алмай, өліп қалуы ықтимал деп жорыған"
Өзге елден енген есімдер қандай мағына береді?
Қазақта ежелгі түркі халықтарынан енген есімдер көп. Бірақ мағынасын анық біле бермейді. Сондықтан қазіргі кезде көп қолданып жүргенкей есімдердің мағынасы айта кетсек: Едіге – жақсы, Ораз – байлық, сәттілік, Манас – алып, Бөкей – батыр, мықты, Абылай – ата, әке, Аида – сыйақы, пайдалы, Әсел – бал, Әмина – сенімді, Асхат – бақытты, сәтті, Ғазиза – сүйікті, қымбатты, Ғани – бай, Данияр – жақын,таныс, Динара – күміс ақша, Жамал – әдемі, тартымды, Қадір – құрметті дегенді білдіреді.
Балаға ат қойғанда ұстанған салт-дәстүрлер:
- Балаға артық саусағына қарай ат қою. Ол – Артық, Артықәлі, Артықбай, Қосекен деген есімдер.
- Балаға тіл-көз тимейді деген ниетпен ат қою – Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай.
- Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін –Тасболат, Тастемір, Шымырбай деген аттар.
- Баласы шетіней берген үйде жас сәбиге қойылатын есімдер – Аман, Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл т.б.
- Бала-шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен – Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Тоқсанбай, Ұзақбай деп атай береді.
- Бұрын-соңды болған қару-жарақ аттарына байланысты қойылатын аттар – Қылышбай, Мылтықбай, Найзабек, Садақбай, Шоқпарбай т.б.
- Елдің ардақты аза-маттарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен жаңа туылған баланы Абай, Абылай, Ғабит, Жәнібек, Исатай, Қазыбек, Махамбет, Сәбит, Сәкен, Сырым, Төлеби, Ыбырай т.б. аттармен атау.
- Ерекше көзге түскен белгілеріне қарай ат қою – Анарбай, Қалдыгүл, Қалдыбай, Құдірет, Меңдібай, Меңдігүл, Сүндет.
- Ислам дінінің әсеріне байланысты – Ғали, Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Оспан, Сүлеймен, Хадиша.
- Қыз балаға аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атымен – Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал, Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар т.б. деген аттар беру.
- Мерзімінен бұрын дүниеге келген балаға – Лекер, Шалабай, Шалабек.
- Мұрат-мақсатыма жеттім-ау деп – Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат деп атау.
- Соңғы балаға – Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай аттары жарасымды.
- Төрт түлік мал, аң мен құстарға байланысты – Арыстан, Аюбай, Бота, Ботагөз, Бүркіт, Қойшыбай, Сандуғаш т.б есімдер.
- Ұлы жоқ үйде қыз туғанда – Болған, Тойған, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, Ұлжан, Ұлту т.б. деп атап жатады
Ерекше есімдер
Қазақ заман талабына қарай балаларының есімін де өзгертіп отырған. Кеңес заманында Октябрь, Пионер, Совет, Марлен деген сияқты ат қойса, қазір діни есімдерді қою сәнге айналды. Тіпті бала өмірге келген күні болған оқиғамен де байланыстырып қойған.
Белгілі тұлғалардың есімін ырымдап қоятын дәстүр бар. Мысалы ер балалар арасында Нұрсұлтан ең көп қойылған есімдер қатарында. Тіпті ата-аналар өз балаларын ЭКСПО, Шырша, Окилахон, Бриллиант деп атап, елді таңқалдырған жағдайлар да кездескен. Одан да Алаш зиялылары мен еңбегі сіңген азаматтардың есімдерін қойған жөн, – дейді психолог.
Шетелде спортшылар құрметіне берілген есімдер
Бразилияда футболдан өткен әлем чемпионаты кезінде дүниеге келген 200-ге жуық аргентиналық сәбиге Месси есімі беріліпті. Ал Буэнос-Айрес пен ел астанасында шамамен 100 балаға Лионель, тағы сонша нәрестеге Леонелия аттары қойылған екен.
Есім қойғанда жыл мезгілі де ескерілген
Ғылыми деректерге сүйенсек, адамның туған кезеңінің, маусымның тағдырға тигізер әсері мол. Әсіресе, қысты күндері туғандардың басты қасиеті пысықтық, көктемде туғандарға жұмсақтық, жаз мезгілінде туғандарға қайырымдылық, күзде туғандарға шаруақорлық қасиеттер тән деп саналған. Сондықтан есімдерді де соған лайықтап қойған.
Адам атына планетаның ықпалы
Астрологтар пікірінше, адам есімінің әрбір әрпі белгілі бір санға сәйкес болады. Ал әрбір санға Күн жүйесіндегі белгілі бір планета ықпал етеді. Сіз өз есіміңіздің қай планетамен байланысты екендігін, оның мінезіңіз бен тағдырыңызға қаншалықты әсерін білу үшін тым болмаса атыңыздың бастапқы әрпінің сәйкес санын біліп алуыңызға болады.
Адам өз есімінің қай планетамен байланысты екенін төмендегідей тәсілмен анықтай алады. Осы кесте бойынша әрбір адам өз есімінің тиесілі санын анықтап, сол арқылы қай планетаның мінезі мен тағдырына қаншалықты әсер ететіндігін білуіне болады. Әрбір есімнің санына сәйкес планеталардың ықпалына орай адам бойында қалыптасатын ерекше қасиеттер болып табылады.
- Күн – көсем, тәкаппар, астамшыл.
- Ай – сезімтал,шығармашылыққа бейім, қиял кеңістігі мол, парасатты.
- Юпитер – кеңпейіл, оптимист, тілтапқыш, идеалист.
- Уран – тікмінез, бірбеткей, өзімшіл, жұмысқа тиянақты, адамдармен тез достасады.
- Меркурий – көпшіл, епті, бастамашыл, сыншыл, мойымаушылық.
- Шолпан – сезімтал, сүйкімді, тәкаппар, іскер, жолы болғыш.
- Нептун – жұмсақтық, сезімтал, ымырашыл, қайырымды, философ.
- Сатурн – сырты суық, іші жұмсақ, прагматик, бірбеткей, сақ, өз еңбегіне сүйенеді, сенім артуға болады.
- Марс – қайратты, қызба, басынан сөз асырмайды, қысымға төзбейді, өзімшіл, тек өзіне сенеді.
Қандай есімдер көп кездеседі?
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпарациясының берген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда ер балаларға көбіне Ерасыл, Әлихан, Санжар, Нұрислам, Нұрасыл, Мирас, Артем, Арсен, Диас, Әли, Алдияр есімдері көбірек қойылса, қыз балаларға Айару, Інжу, Кәусар, Айша, Сезім, Мадина, Диана, Дария, Аяла, Сабина, Алина, Аделя есімдері көп қойылған. 2010 жылы Астанада Саммит өткеніне орай елімізде он үш Саммитхан мен екі Саммитбек дүниеге келіпті.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2011 жылы туған сәбилер арасында ең көп таралған есімдер Ради, Антонио, Ливия, Талисман және Наурызбек. Бұдан өзге Қазақстанда Азиада есімді он бес шақты қыз баланың барлығы анықталған.
Соңғы бес жылда Айару, Аружан, Іңкəр, Кəусар, Айша, Амина, Аяна, Раяна, Медина секілді есімдер көп тіркелген. Ал ер балар арасында Алихан, Алинұр, Рамазан, Нұрислам көп кездессе, ораза айында Әбубәкір, Әбушахман көп тіркелген.
Куәлікті электронды түрде рәсімдеуге болады
Қазіргі уақытта баланың туу туралы куәлігін ата-аналардың 80 пайызы электронды түрде алатын болған. Бала дүниеге келісімен 1414 нөмірінен ұялы телефонға құттықтау келеді. Яғни, осы нөмір арқылы байланыс орнатып, баланың аты-жөнін рәсімдейді. Ал куәлікте қате кетсе, қайта алуына болады. Ол үшін ЗАГС-ке өтініш жазады. 0,5 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш 2405 теңге) 1300 теңге төлесе жеткілікті.
Ал егер бір себептерге байланысты баланың атын ,əкесінің атын немесе тегін өзгерту қажеттіліктері туындай қалса, Неке жəне отбасы Заңындағы (атын, тегін, əкесінің атын өзгерту тармағы бойынша) жүзеге асырылады. Бір айта кететін жайт, баланың тегін ауыстыратын кезде мектептен, көршілерінен анықтама әкелуге міндетті. Ал үлкен адам болса, ұжымының, көршілерінің, туысқандарының қарсы емес екенін растап, анықтама береді.
Қажетті құжаттар:
- Əке шешесінің жеке куəліктері;
- Баланың (16 жасқа толмаған болса) туу туралы куəлігі;
- Болған жағдайда (төлқұжат, яғни шетелге шығу паспорты);
- Ата анасының неке куəліктері (некеде болса);
- Мемлекеттік баж салығы 2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде төленеді.
Туу туралы куәлікті үш сағатта алады
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының берген мәліметіне сәйкес, баланың туу туралы куәлігін үш сағат ішінде рәсімдеп, алуына болады.
Сонымен қатар АХАТ бағытындағы азаматтық хал актілерін тіркеу, баланың туылуын тіркеу, қайтыс болуды тіркеу, неке бұзуды тіркеу (ерлі-зайыптылықты) секілді қызметтерді де 3 сағат ішінде алуға болады.
Бұрын АХАТ бағыты бойынша бұл қызметтерді мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес бір немесе екі жұмыс күні ішінде алуға болатын.