Бірақ 27 жастан асқан ер адамдарға әскери билетті берудің шарты бөлек. Бұл шарттармен осы материалда таныстырамыз.

Әскери билеттің қажеттілігі, әдетте, жұмысқа орналасу кезінде сезіледі. Өйткені, ол жұмыс беруші ер адамдардан талап ететін құжаттардың бірі. Негізінен, жұмысқа қабылданар кезде әскери билет немесе шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлікті (приписное свидетельство) мемлекеттік қызмет пен бюджеттік мекемелер талап етеді. Алайда кейде жеке меншік компаниялар да сұрауы мүмкін.

27 жастан асқан және әскерге бармаған, баламалы әскери қызметтен өтпеген және әскери кафедра оқымаған азаматтар әскери билет алуды неден бастауы қажет? Ол үшін ең алдымен, шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәлігіңіздің бар екеніне көз жеткізіңіз!

Тіркелу туралы куәлікті алу үшін аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарының (ҚІББ) шақыру учаскесіне барып тіркелу керек.

Электронды үкімет порталындағы мәліметке сүйенсек, әскери есепке алу мемлекеттің қазақстандық әскердің қатарын бозбалалардың қанша санымен толықтыру мүмкін екендігі туралы түсінігі болу мақсатында жүргізіледі. Әскери есепке алудың мақсаты – мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігі үшін тиімді пайдалану мақсатында, әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілер ресурстарының сандық және сапалық құрамдарын айқындау болып табылады.

Оқи отырыңыз: Әскери қызметкерлерге баспана беру тәртібі өзгерді

17 жасқа толған азаматтарды аудандардың немесе облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті әскери басқару органдарында бастапқы есепке алу жыл сайын қаңтар айынан наурыз айына дейін, ал Қазақстан Республикасының азаматтығын енді алған азаматтар үшін жыл бойы жүзеге асырылады.

Әскери-дәрігерлік сараптама ережелеріне сай, шақырылушының денсаулығына қатысты медициналық сараптамада "емдеуге/тексеруге мұқтаж" деп жазылған болса, әскери басқару органы сізді мына екі топтың біріне жатқызады:

1) әскери қызметке уақытша жарамсыздар;

2) кішігірім шектеулермен әскери қызметке жарамдылар.

Жоғарыдағы екі топтың біріне жататын болсаңыз не денсаулығыңыз толығымен жарамды болса, тіркеу туралы куәлікті алу үшін мына құжаттарды қорғаныс істері жөніндегі органның жергілікті мекемесіне, яғни әскери комиссариатқа тапсырасыз:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат;
  2. Туу туралы куәліктің көшірмесі мен түпнұсқасы;
  3. Некеге тұру туралы куәлігінің көшірмесі (әскерге шақыру жасындағы некеде тұрған азаматтар үшін);
  4. Балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмесі (асырауында балалары бар әскерге шақыру жасындағы азаматтар үшін);
  5. Білім туралы құжаттың көшірмесі мен түпнұсқасы;
  6. Жұмыс немесе оқу орнынан анықтама;
  7. Жұмыс немесе оқу орнынан мінездеме;
  8. Көлемі 3х4 фотосурет – 2 дана.

Әскери билетті алу

"Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы" заңға сәйкес, аталған мәртебе азаматтың әскери қызметке жарамдылығын және әскери міндетке қатысы барын анықтайтын мерзімсіз бірыңғай жеке есепке алу құжаты.

Әскери билетті алу үшін шақырылушы, яғни қолында тіркелу туралы құжаты бар азамат, ең алдымен, өзі тіркелген әскери комиссариатқа барып медициналық тексеруден өтуі тиіс. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, медициналық сараптама қорытындысы бойынша шақырылушының денсаулығынан кінәрат болса да, әскери билет беріледі, бірақ онда әскери қызметке қай деңгейде міндетті екені нақтыланады.

Оқи отырыңыз: Ер қаруы – бес қару. Ұлттық ойын арқылы бес қаруды насихаттау қажет

Осыдан кейін әскери шақыру комиссиясы әскери шақыру хаттамасынан көшірме жазып береді. Аталған көшірмені алып, шақырулышы Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. ХҚКО-на мына құжаттарды тапсыру керек:

  • Сарбаздардың, запастағы сержанттардың әскери билетті (әскери билет орнына уақытша куәлікті) беруге өтініші;
  • Жеке куәлік;
  • Шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы;
  • Көлемі 3х4 фотосурет – 2 дана;
  • Әскери шақыру комиссиясы шешімінің көшірмесі;
  • Білімі туралы құжаттардың көшірмесі.

Осы құжаттар тапсырылғаннан кейін әскери билет шамамен 45 күнде дайын болады. Әскери билет қолға тигеннен кейін азамат әскери міндеттілер қатарына қабылданып, резервке кіреді.

Айта кетерлігі, әскери есепке 18 ден 27 жасқа дейінгі аралықтағы бозбалалар жататындықтан, онда әскери билет те сәйкесінше дәл осы жаста алынуы тиіс. Алайда егер сіз әскери билетті 28 жасқа толып кеткеннен кейін алатын болсаңыз, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейсіз.

2020 жылғы 1 АЕК = 2651 теңге.

Бүлінген не жоғалған әскери билетті қалпына келтіру

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 649-бабына сәйкес, әскери билетті қасақана бұзған немесе зақымдаған, жоғалтқан жағдайда 0,5-тен 5 АЕК дейінгі мөлшердегі айыппұл салынуы немесе ескерту берілуі мүмкін.

Әскери билетті жоғалтқан жағдайда мына құжаттарды жинап, жергілікті әскери комиссариатқа тапсыру керек:

  • Әскери билетті немесе оның телнұсқасын (әскери билет орнына уақытша куәлікті ) беруге өтініш;
  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Әскери билеттің иесінің кінәсы бойынша оны жоғалтқаны (бүлдіргені) үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының көшірмесі (жергілікті әскери басқару органдары береді);
  • Көлемі 30х40 мм фотосурет – 2 дана.

Әскери билетті бүлдірген жағдайда ұсынылатын құжаттар тізбесі:

  • Әскери билетті немесе оның телнұсқасын (әскери билет орнына уақытша куәлікті) беруге өтініш;
  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Қолдағы әскери билеттің түпнұсқасы;
  • Сарбаздардың, запастағы сержанттардың әскери билетін қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының көшірмесі (жергілікті әскери басқару органдары береді);
  • Көлемі 30х40 мм фотосурет – 2 дана.