Assyltas қоғамдық қоры Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты қиындыққа тап болған 200 отбасыға көмек беруге ниеттеніп отыр. Әр отбасыға 25 000 теңге қаражат үлестіріледі. Көмек алушылар – көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар мен әкелер.

Көмек көрсету үшін қоғамдық қор 3 күн бұрын қайырымдылық акциясын бастаған болатын. Оның шартына сәйкес, осы мерзімде қанша қаражат жиналса, соны қор екі еселеп, 100 отбасыға көмек беруі қажет болған.

Оқи отырыңыз: 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?

Қаржы жинауға 351 адам жәрдемдесіп, 3 күнде 1 236 768 теңге жиналды.

"Үш күн бұрын біз бұл акцияны бастаған кезде қанша ақша жиналса, үстіне сонша қаржы бөлетінімізді айтқанбыз. Халықтың ықыласы кең екен, қайырымды жандардың арқасында біз енді міне 100 отбасыға көмектесе аламыз, өтініштердің көптігіне байланысты қор құрылтайшысы Дулат Тастекеевпен кеңесе келе, біздің қор тағы 100 отбасыға қаржылай көмектеспек. Яғни, 200 отбасыға 25 000 теңгеден үлестіреміз", – деді қоғамдық қордың жетекшісі Рауан Оқас.

Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер мен студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Маңызды 18 сұраққа жауап

Көмек алу үшін көп балалы отбасылар мен жалғызбасты әкелер мен аналар қордың электронды поштасына өтініш беруі қажет болған. Қазірде мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Рауан Оқастың айтуынша, қор қызметкерлері алдағы 3 күнде өтініштерді қарастырып, мұқтаж 200 адамның тізімін жасайды.

Қаржы олардың банктегі есепшотына аударылады. Ал бұл шараның әділ өткенінің дәлелі ретінде көмек алған отбасылардың тізімі ашық ақпарат көздерінде жарияланады.