1,5 млн адам жұмыс тауып, 40 мың несие рәсімделген. "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?
Бағдарлама арқасында қанша адам жұмыс тапты?
Өткен жылы аталған мемлекеттік бағдарлама өте жемісті жұмыс істеген. 2019 жылы 363,7 мың адам жұмысқа орналасса, оның 255,6 мыңы тұрақты жұмыс тапқан:
- Өнеркәсіп саласында – 16,4 мың;
- Орман және балық шаруашылығы саласында – 52,6 мың;
- Көлік және қоймалау саласында – 5,8 мың;
- Құрылыс саласында – 17,3 мың;
- Көтерме және бөлшек сауда саласында – 20,1 мың;
- Тамақтану қызметтерін көрсету саласында – 6,1 мың;
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік салада –20 мың;
- Білім беру саласына – 43,4 мың адам;
- Басқа салаларда – 58,6 мың адам.
Мүгедек жандар да бағдарлама мүмкіндіктерінен тыс қалмаған жоқ. 2019 жылы жобаға 17,6 мың мүмкіндігі шектеулі жан қатысып, олардың 16,4 мыңы жұмысқа орналасыпты:
- 1957 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілген;
- 2203 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыған;
- 672 адам кәсіп бастау үшін микрокредит алған;
- 1236 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналаған мемлекеттік гранттарға ие болған;
- 1051 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты;
- 568 адам жастар практикасына және 5236 адам қоғамдық жұмысқа жіберілген;
- Көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған 35 арнайы жұмыс орны ашылған.
Курстарда қандай кәсіптерді игеріп шығуға болады?
Бағдарлама қатысушылары қысқа мерзім ішінде бірнеше мамандықты меңгере алады. Оқу бағдарламаларын білім беру ұйымдары әзірлейді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсында сұранысқа ие мамандықтардың көшін қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру, энергетика, құрылыс, өнеркәсіп және IT салалары бастайды. Әрине, бұлардан бөлек 200-ден астам түрлі біліктілік пен дағдылар бар.
Оқи отырыңыз: Жұмыс жоқта екі қолға бір күрек табылады. Бірге іздейік...
- Аспаз;
- Шаштараз;
- Тігінші;
- Электрлі газбен дәнекерлеуші;
- Кондитер;
- Тракторист-машинист;
- Визажист;
- Маникюр шебері;
- Дәнекерлеуші;
- Электромонтер.
- Жиһаз құрастырушы;
- Санитар-ветеринар;
- Токарь;
- Слесарь;
- Кран машинисі;
- Наубайшы;
- Әлеуметтік жұмыс маманы;
- Тракторист-машинист;
- Бала күтуші;
- Стропальщик.
Бағдарламада қандай өзгерістер бар?
2019 жылғы 26 қарашадағы Үкіметтің қаулысына сәйкес, бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілген.
Бұдан былай оқыту жүйесі жұмыс берушілердің өтініштері бойынша іске асады.
"Жұмыс берушілермен бірлесе отырып, олардың жұмысшыларын қайта даярлау курстарына қатыстыру қолға алынады. Бұл шара еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге ұдайы білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жұмыскерлердің жаңа білім мен дағдылар алуына қызығушылығын арттырады", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев.
Вице-министрдің сөзінше, Сингапурдың тәжірибесі бойынша оқу ваучерін беру арқылы өз бетінше жұмысшы мамандықты алу тетігі енгізілген. Өз бетінше кәсіптік оқуға біліктілікті таңдау экономиканы дамытуға қажетті сұранысқа ие 100 қызмет көрсету және индустриалдық кәсіп тізімі бойынша жүзеге асырылады.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Жастарға арналған жоба нәтиже берді ме?
2019 – Жастар жылында "Еңбек" бағдарламасы аясында "Жастар – ел тірегі" жобасы іске қосылған. Соған орай, 200 оқу орны базасында индустриялық және сервистік 100 мамандық бойынша сұранысқа ие мамандар дайындалады деп жоспарланған еді. Бұл мақсат жүзеге асты ма? Informburo.kz сауалына берген жауабында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев жастар жобасының басты мақсаты – 100 аса сұранысқа ие индустриялық және сервистік мамандықтар бойынша 180 колледжді және 20 жоғары оқу орнын жаңғырту, сондай-ақ, білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болғанын айтты.
2019 жылдың басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып сұранысқа ие 100 сервистік және индустриялық кәсіптердің тізімін әзірлеп, бекіткен. Ол тізімге:
- Жоғары білім беру бағыттары бойынша 28 мамандық;
- Техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша 72 кәсіп енген.
- Ақпараттық технология;
- Телекоммуникация;
- Өңдеуші өнеркәсіп;
- Инженер;
- Сәулетші;
- Құрылысшы.
- Бетоншы:
- Сырлаушы;
- Тас қалаушы;
- Құбыр тартушы;
- Монтаждаушы;
- Машинист;
- Аспаз;
- Кондитер.
Мемлекеттік гранттарды кімдер алады?
Бұл қаржылық қолдау "Бастау Бизнес", "Жас кәсіпкер" жобаларының қатысушыларына және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуды аяқтағандарға ұсынылады. Грантты алудың басты шарты – оқуды аяқтағанын растайтын құжаттың болуы.
"Былтыр елімізде 40 мыңнан астам грант беріліп, 34,7 мың азамат 200 АЕК-ке (1 АЕК – 2 651 теңге) дейінгі мөлшерде грантқа ие болды. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы төмен отбасылар оқудан өту шартынсыз-ақ мемлекеттік грант ала алады", – деді министрлік өкілі.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап
Бағдарлама әрекет еткен үш жыл ішінде микрокредит алған 39 мыңнан астам адамның 35 мыңы – ауыл және шағын қала тұрғындары екен.
Министрліктің мәліметінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге жалпы саны 2 534 отбасы (9 109 адам)қоныс аударыпты. Олардың ішінде:- Солтүстік Қазақстан облысына – 783 отбасы (2 333 адам);
- Павлодар облысына – 702 отбасы (3 475 адам);
- Шығыс Қазақстан облысына – 577 отбасы (1 344 адам);
- Қостанай облысына – 366 отбасы (1 651 адам);
- Ақмола облысына – 106 оралман отбасы (306 адам) көшіп барған.
Бағдарламаға қалай қатысуға болады?
"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниетті азаматтар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жұмыссыз адам ретінде тіркелуі тиіс. Ол жерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы толық ақпарат беріледі.
Бағдарлама үш бағыт бойынша жұмыс істейді:Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету
Бұл бағыт екі бөліктен тұрады:
- Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау (оқыту ұзақтылығы 2,5 жылға дейін);
- Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту (оқыту ұзақтығы 1-ден 6 айға дейін).
Бірінші бағыт бойынша қатысу үшін қажетті құжаттар:
- Қатысуға өтініш;
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Білімі туралы құжат (аттестат, куәлік, диплом), сондай-ақ оқытудан өткенін растайтын құжаттар (куәлік, сертификат);
- 086-У нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама;
- Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтар санатын растайтын анықтама;
- Жолдама.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту
Бұл бағыт бойынша жеке бизнес идеяңызға байланысты микрокредит ұсынылады. Оны алу үшін мына құжаттар жиынтығын даярлау керек:
- Өтініш;
- Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Бизнес-жоспар;
- Қызмет көрсетуші банктен шоттың бар болуы туралы анықтамалар;
- Қаржы ұйымдарынан қарыз берешегі, соның ішінде мерзімі өткен берешегі болуы туралы анықтамалар (кредиттер болған жағдайда);
- Қарыз алушының еңбекақысын және/немесе өзге табыстарын растайтын құжат;
- Бағалау туралы есеп;
- Кепіл беруші және кепілдік қамтамасыз ету бойынша құжаттардың көшірмелері;
- Кәсіпкерлік негіздерін оқытудан өткені туралы (тек жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін).
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту
Осы бағыт азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыруда атаулы көмек көрсетуді күшейтуді, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытуды көздейді.
Ол бойынша бағдарлама қатысушыларына келесі мүмкіндіктер ұсынылады:
- деректер қорында бар бос жұмыс орындарға орналастыру;
- уақытша жұмыс орындарына орналастыру.
Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар:
- Өтініш;
- ҚР азаматының, оралманның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы №319 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша өтініш берушінің отбасы құрамы туралы мәліметтер;
- Еңбек кітапшасының көшірмесі немесе жұмыс орнынан анықтама;
- Оралмандар үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы №20 бұйрығымен бекітілген нысандар бойынша оралмандарды өңірлік қабылдау квотасына енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы комиссия шешімінің көшірмесі;
- Келісу нәтижелері.
Бағдарлама қатысушыларына ұсынылатын басқа да қаржылық жеңілдіктер туралы мына жерден толығырақ танысуға болады.