Бейрутты емдеген бауыр
Тізбекте із көп
Елдің жақсы атын шығарамын десе, әркімге ондай мүмкіндік туады. Адам сондай сәтке дайын ба, мәселе сонда. Дайын болудың бірнеше қыры бар.
- Біріншіден: мамандығы. Соған сай білімі.
- Екіншіден: шеберлігі.
- Үшіншіден: сана-сезімі. Қадыр Мырза Әлиде "сен кім екеніңді айтпа, автокөлік қағып кеткен иттің қасында тұрсаң, кім екеніңді өзім-ақ білемін" деген тақылеттес өлең бар.
- Төртіншіден: дененің шымырлығы.
Осылар қосыла келгенде әркімнің азамат екенін танытуы тұрмақ, қай халықтың азаматы екенін бағалауға дейін жеткізеді.
Керісінше елдің, ұлттың атына жаманат әкелуден оңай ештеңе жоқ. Уәдеңде тұрма. Арам ақшаға қызық. Адамдарды тағдырдың тәлкегіне тастап кет. Ондайда өзің тұрмақ, Отаныңа кір жұғып қалмақ.
Шамамен осындай іс істеген Игорь Гречушкин Ресейдің Қиыр Шығысында туған, кейін Кипрде тұрған. Әлі күнге Ресей азаматы санатындағы оның аты бір елдің астанасын қиратуға дейін жеткізген оқиға тізбегінің ең басында тұр.
Ол 2013 жылы кипрліктен кеме сатып алады. Оған отандасы Борис Прокошевты капитан етіп тағайындайды. Кеме Молдованың туын төбесіне тігіп, жалаңдап жүк іздейді. Жүк оңай табылған. Грузияның Батуми портынан Мозамбикке тыңайтқыш жеткізу керек. Осы келісім бойынша кеме иесінің 1 миллион АҚШ долларын алғаны кейін анықталған.
Сапар басталған соң кешікпей Игорь Гречушкин капитанға жолай Ливан астанасына соға кетуді тапсырған. Онда палубаға қосымша жүк тиеу керек. Демек, табыс көбеймек. Тура осы жерде қазақтың "көп асаймын деп боқ асады" дегенінің кері келді.
Кеме Бейрут портына кірген. Енді мұнда тұрғаны үшін қазақтың сөзімен айтқанда "жамбас ақы" төлеуі тиіс. Капитанның бұл туралы хабарына кеме иесі жауап бермей қояды. Тіпті, айлық жалақы түспейді. Мұның алдындағы экипаждың Гречушкиннен жалақысын алмағаны сонда мәлім болды. Қожайын кемесінен, экипаждан және жүктен бас тартып, жасырынып қалды.
Ал порттағылар қызмет ақысын талап етіп, кемені жүзуге шығармайды. Ақыры капитанды, аға механик пен үшінші механикті және боцманды кепілге алады. Бұларда не жалақы, не азық жоқ. Жаны ашып порт басшылығы тамақтандырып тұрады.
Отан ұғымы осы тұста қылаң берген. Кеме капитаны "Мен, Ресей Федерациясының азаматы Борис Прокошев мынандай жағдайға түстім..." деп басталатын хатты ай сайын президент Путиннің атына жолдаған. Әр жолы "сіздің хатыңызбен Сыртқы істер министрлігі айналысады" деген жаттанды жауап алған. Ал министрліктен тырс еткен тірлік болмаған. Ақыры кемедегі төртеу қалған жанармайды сатып, соған адвокат жалдайды. Екі жылдан соң сот арқылы кепілден босап, отандары Ресей мен Украинаға оралады.
Енді "отаншылдардың" келесі тізбегі басталған. Кемедегі селитраны Ливан Көлік және құрылыс министрлігінің жауапкершілігіндегі қоймаға түсіреді. Жүкті тасыған "Rhosus" кемесі ше? Түбінде тесігі бар екен, экипаж ара-тұра кірген суды сорғымен төгіп қоятын. Төртеу тастап кеткен соң қараусыз қалып, ақыры балықтарға мекен болды.
Қоймадағы селитраның қатеріне алаңдаған Ливан кеденінің бастығы 2014 жылы сотқа хат жолдап, оның мәселесін тез шешуді сұрайды. Қайткенде бір отаншыл шығыпты. Бірақ, тез шешкен қайда, үш жылда осындай бес хат жазылған. Соңғысы бас кеденші Бадри Дахердің қолымен 2017 жылғы қазан айында жолданған. Кеденші одан үш түрлі жолмен құтылуға болатынын көрсетеді: шетелге шығару, Ливан армиясына беру және елдегі жеке компанияға сату. Бәрібір шешім шықпайды.
Ақыры 2 750 тонна аммиак селитрасы 2020 жылғы 4 тамызда порттағы дәнекерлеу жұмысы кезінде ұшқын тиіп жарылды. Бұған дейін толассыз азамат соғысы кезінде сан қираған Бейрут енді бейбіт күнде опырылып түсті. Қалаға келген шығын 5 миллиард АҚШ долларына жетті.
Жарылыстан 171 тұрғын қаза тапты. 6 мыңнан астамы жарақаттанды. 300 мың адам баспанасыз қалды. 2020 жылдың қараша айының соңында Фади Сауан деген сот Ливан парламентіне хат жолдап, селитра мәселесін тез шешпеген көлік және құрылыс, қаржы, әділет министрлерін тексеруге рұқсат сұрапты. "Тізбектегі із" – осылай жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ақ шекпендінің қара шекпенділері
Жарылыста жаралы көп
Осы тұста тізбекке біздің елдің азаматтары қосылмақ. Олардың арқасында Ливанға көмектескен елдердің қатарында Қазақстанның аты аталды.
2020 жылғы тамыз айының 9-ы күні Ливандағы апатқа орай халықаралық донор мемлекеттер мен ұйымдар қатысқан бейне конференция өтті. Донорлар Бейрут қаласын қалпына келтіруге 30 миллион доллар мөлшерінде көмек көрсетуді ұйғарды. Әрі қаржы бюджет арқылы емес, үкіметтік емес ұйымдар арқылы жұмсалсын деп шешті. Елді атқамінерлердің жемқорлығы жайласа, оны сырттағылар көрмейді емес, көреді екен. Бұл тұсы Қазақстан шенеуніктерін ойландыратын шығар.
Хош, донорлар көмегі төрт сала: медицина, азық түлік, тұрғын үй және білімді қамтыды. Айдың күні аманында салақтық пен салғырттықтан қираған қаланы қалпына келтіруге бұған дейін Ливанмен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ Израильге дейін жәрдемдесті. Ливан үкіметіне қарсы "Хезболлах" ұйымын қолдайтын Иранның өзі көмекке ниет білдірді. Жаһанданудың бір мысалы шығар.
Осы кезде біздің еліміз қарап қалмады. 11 тамыз күні Бейрут қаласындағы қонақ үйде Қазақстанның арнайы мақсаттағы медициналық отряды өзінің қосынын ашты.
Әлбетте олар өз бетімен Ливанға келе алмайды. Қызмет тәртібі бойынша Қорғаныс министрінің бұйрығы керек. Ал Қорғаныс министрі бұл әрекетке өз білгенімен бара алмайды. Саяси шешім керек. Саяси шешімді 6 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. БҰҰ мен оның бір тармағы – Бүкіл дүниежүзілік дансаулық сақтау ұйымы Ливанға жәрдемге шақырғанда кезінде БҰҰ-ның бір бөлімшесін басқарған біздің Президент бұғып қалмады. Жөн. Ол да азамат!
Осындай алдымен саяси шешім шығып, содан кейін команда түскен соң 28 әскери дәрігер мен медбике және 4 аудармашы астанада жиналып, Ақтау арқылы Бейруттен бір-ақ шықты. Бара сала ковидке сынама тапсырып, екі күн нәтижесін күткен. Бәрі ойдағыдай. Ешқайсы ауру ала келмеген. Енді "ұрыста – тұрыс жоқ".
Бейруттегі "Рэдиссон" қонақ үйі мен бүкіл ел бойынша жалғыз әскери госпитальда және Саида, Боуар, Рашайя мен Әл Масғара қалаларындағы ауруханаларда қазақтың әскери медицина мамандары жұмысқа кіріскен. Кезекшілік кестесі бойынша Ливан азаматтарын қарап, оларға түрлі операция мен ем жасады. Қолдарындағы құрал-жабдық пен дәрі-дәрмекті түгел Қазақстаннан әкелген.
Не керек, көмек дер кезінде келді. Мұны қазақстандық арнайы мақсаттағы медициналық отряд командирі, полковник Ержан Смайылмен кездесу барысында Ливан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Жүсіп Хан Әл Хелоу айрықша айтты.
Кейін түрлі ақпаратты іздестіріп, Ливанның экономикасы тұралап қалғанын байқадық. 2020 жылы 9 наурызда ел сыртқы қарызын төлей алмайтынын мәлімдеп, дефолт жариялады. Бүкіл сыртқы қарыз 90 миллиард АҚШ долларына жетіпті.
"Жығылғанға – жұдырық" дегендей дәрі-дәрмегінің 90 пайызы әлгі жарылыста жоқ болған. Өйткені, порттағы карантиндік қоймада тұрған. Бұдан шығатын қорытынды – бүкіл қорды бір жерде сақтауға болмайды. Біздің өзіміз қыс маусымы басталарда жаздық аяқ киімдерімізді әр тұста сақтаймыз. Су болса – біреуі су болсын, тышқан кемірсе – біреуін ғана кемірсін.
Тағы бір жәйтті таптық. Апаттан бірнеше ай бұрын Ливанда 800 медицина қызметкері өз еркімен жұмыстан кеткен. Себеп: жалақының аздығы. Міне, дәрігерсіз, әрі дәрісіз қалған ел апат кезінде көмекке келген қазақ мамандарына қалай риза болмасын!?
Бұған қосымша Ливанда дәрігерлік көмек өте қымбат. Медициалық қамсыздандыру үшін жылына 2-9 мың доллар аралығында ақша төлейді. Дәрігердің бір қабылдағаны 50 доллар тұрады. Мұндай жағдайда тегін қабылдап, жараны жуып-тігіп, дәрісін жағып жіберетін қазақ мамандарын жергілікті тұрғындар қуана қарсы алмағанда қайтсін...
Бірнеше күнде жарылыстан зардап шеккен 645 ливандық медициналық тексеруден өтті. 279 жаралының жарақаты тігілді. 73 күрделі операция жасалды. Бәрі жедел, сапалы істелді. Сынған сүйектерді металмен кіріктіру – қазақстандық мамандар үшін ең оңайы деуге болады.
Жарылыста жаралы болғандарды емдеуден басқа ливандық әріптестерге көмектесіп, лапароскпоия, аппендэктомия, геринопластика, онкология мен урология бойынша бірлескен операциялар жасады. Бүкіл анестезиологияны қазақ дәрігерлері атқарып, тәжірибелерін көрсетті. Бөлімшелер мен реанимацияға түскен ауруларды тексеріп, кеңес берді. Ковидті таратпау жайында тәлімгерлік сабақтар өткізді.
Не керек, ол елдің тұрғындары мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері Қазақстанның шынайы қамқорлығын сезінді. Демек, тізбектің осы тұсында "біз" деп мақтануға болады.
Оқи отырыңыз: У шығарған шу
Ержанда ерлік көп
– Біз жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатымен бардық. Бірақ, жергілікті әкімшіліктер мен ауруханалар осы мүмкіндікті пайдаланып, басқа ауруларды қарап шығумызды өтінді. Достық өтінішті орындаудан бас тарта алмадық, – дейді арнайы мақсаттағы медициналық отрядтың командирі полковник Ержан Смайыл.
Мәселен, Рашайя ауруханасында бұлар ішегі жабысып қалған, сүйегі сынған, буыны шығып кеткен, тырнағы денеге батып кеткен, құйымшағына ісік өскен, жарасы іріңдеп кеткен ауруларға операция жасайды.
– Бәрібір негізі жарақаттың көбі жарылыс кезінде сынған шынылардан болған. Денесін әйнек тіліп кеткендер көп екен. Және шынының сынығы денесінде қалып қойғандар болды, – деді бізбен әңгімені жалғастырған Ержан бауыр. – Соларға операция жасадық. Бірнеше ондаған адамның сүйегінің сынығын қалпына келтіріп, гипс салдық.
– Осы жолы өзің басқаратын Әскери медицина орталығының мамандары ғана болды ма? Әлде айрықша мақсаттағы отряд құрамына басқалар да қосылды ма? – деп сұрадық Ержаннан.
– Менің қарамағымдағылардан басқа астанадағы әскери клиникалық госпиталь мен Алматы мен Қордайдағы әскери бөлімдердің мамандары топтасты. Негізінен хирургтерді жинадық.
– Ержан, сен айрықша мақсаттағы отряд командирі ретінде жұмысты ұйымдастыруға жауапты болдың. Сондықтан ұйымдастыру ісінен қолың босамады. Бірақ, өзің де білікті хирург едің ғой.
– Сұрағыңыздың ар жағын түсіндім. Менікі бәріне басшылық етіп, Ливанға барған қазақстандық медицина мамандарының мүлтіксіз қызметін ұйымдастыру болатын. Сөйте тұра, өзім тікелей екі операция жасадым. Бірінде қан көп кеткен адамды ажал аузынан алып қалдым. Алдымен қанын тоқтатып, одан ауруханада балтырдың қалың етіне кіріп кеткен әйнекті алып шықтым.
– Бұл айрықша мақсаттағы отрядтың бірінші құрылуы ма?
– Шетелде бірінші рет шұғыл көмек көрсетуіміз ғой. Оған дейін Пәкстан, Германия, АҚШ сияқты бірнеше елге тәжірибе, жаттығу үшін барғанбыз. Ал нақты апат аймағында нақты медициналық көмекке Қазақстан аумағына тысқары алғаш шықтық.
– Өз ішімізде ше?
– Арыстағы жарылыс есіңізде ме? Сонда болдық қой. Бірінші күннен бас хирург ретінде барлық операцияны қадағаладым. Алдымен Ұтқыр операциялық-реанимациялық кешенді іске қостық. Одан жан-жақты медициналық кешенді Ақтөбе қаласынан жібердік. Ол аурухананы айырбастай алады. Өйткені үш "КамАЗ" автокөлігіне орналасқан. Әрбірінде тіркеме бар. Ультрадыбыстық зерттеу, фиброгастродуоденоскопия, рентген, түрлі сараптама аппараттары, толық жабдықталған операция бөлімі мен реанимация бар. Сонымен Арыстағы жаралы болғандар жазылғанша жұмыс істедік қой.
– Ой, сендердің әскери медициналық кешендеріңді жай шатыр шығар десек...
Ержан бауырымыз бұл сөзімізге күлді.
– Аға, жай шатырдың уақыты өтті ғой. Әрбірі тіркемелі үш автокөліктің ішінде бүкіл дәрігерлік көмекті көрсете аламыз. Әрине, бетін аулық қылсын, біз кез-келген дабылға дайынбыз.
Ержанмен әңгіме осылай аяқталды. Көз алдымызға бір кездегі сары бала оралды. Сары бала полковник атағын алып, Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығын басқарып отыр. Бейруттегі жарылысқа медициналық отрядты бастап барып, БҰҰ аясында Қазақстанға жақсы ұпай алып берді.
Иә, Ержанды жас кезінен білетін едік. Журналистикада тәлімгеріміз, қамқоршымыз болған, "Лениншіл жас" пен "Егемен Қазақстан" газеттерінің қайыспас қара нары атанған Ержұман Смайыл ағамыздың бел баласы. Бұған дейінгі көп ешкімге тіс жара қоймаған ерліктерінің қатарына халықаралық ауқымда істеген және бір ісі қосылды. Елге керегі осындай азаматтар ғой. Марқұм Ер-ағаң бір аунап түссін деп Ержанның "жазбай-ақ қойсаңыз қайтеді" дегеніне қарамастан Ливандағы медициналық сапарды сипаттап шықтық.