Қызға тіл тигізгеннің күнәсі ауыр
Жиырмасыншы ғасырды тоқсаныншы жылдардан бері қарай қыз балаға деген көзқарас өзгерді. Десе де...
"Қыз – жат жұрттық" дегенді естіп өстік. Ұзатылып бара жатқан қызға ата-анасының "Барған жерде тастай батып, судай сің!" деп бата бергенін көзімізбен көріп, құлағымызға сіңірдік. Өзімізге де тап солай бата берілді. "Қандай ана тәрбиелеген деп бетіме түкіртпе?!." деген анамыздың ақ тілеуін естімеген қыз сірә жоқ болар.
Бұның бәрі ата дәстүрмен қанға сіңіп, сүйекке сіңген тәлім-тәрбие болатын. Бала күнімде бұзықтық жасағанымызда жазаламақ болған анама әкем: "Тиіспе, қыз мұңлық қой?!" деп араша түскенде, көз алдыма әйгілі эпостағы Мұңлық келетін.
"Мен Мұңлық емеспін. Мұңлықты жалмауыз кемпір аралға апарып тастатқан." деп, балалық пәк мінезбен еңіреп жылайтынмын. "Мұңлық" сөзінің парқын ержеткенде түсіндім. Бойжеткен қыздың түбі жатжұрттық болып, бейтаныс есіктің табалдырығын аттайтынын айтқаны екен.
Қызға тиген қолдың сұрауы ауыр
Бірде ағам бес жасар қызы айтқанын тыңдамай қойғанда майқұйрықтан шарт еткізді. Әкем қатты ашуланып, ағамды отырғызып алып: "Бәріміз жер бетіне уақытша сынаққа келгендерміз. Алдыңда мәңгілік өмір күтіп тұр. Ол жаққа барғанда ең алдымен қызы бар әкенің сұрауы ауыр. Сұрау кітабыңда қызға тіл тигізсең – тілің, қол тигізсең – қолың сұраққа алынады. Қолың тиген болса, қолдарың мәңгілікке қызыл шоққа көсіліп қалады..." деп ренжіп айтқаны есімде. Сол сөзден соң ағам қызына саусағын тигізбейтін болды.
Қоқыс терген қазақ әйелі
Аялдамама жете бергенім сол екен, арнайы қызметтік көліктен бір топ әйел шуласа түсті. Киім киісінен көше сыпырушылар екенін бірден байқадым. Әйелдер оңтүстіктің шаңқиған күінен қорғанбаққа бастарына шляпа киіп, беттерін күн тиместей тұмшалап алған.
Бригадирі шулаған әйелдердің әрқайсына қай көшеге түсетінін, қай нүктедегі қоқысты жинайтынын айтып жатыр. Тапсырмасын алған әр-түрлі жастағы әйелдер өз көшелеріне қарай бытырай бастады. Мен тұрған көше бойына бірі егде, бірі орта жастағы екі әйел бөлінді.
Егдесі еңкейе бере белін ұстап ойбайлаған күйі отыра кетті. Орта жастағы әйел екеуміз қасына жүгіріп бардық. Белі шойырылып қалыпты. Қиналғаннан қара терге малынған. Безектеген күйі жол жиегіндегі көк балаусаға қисая кетті.
Жедел жәрдем шақыртқаннан бас тартты. "Өзіммен келе жатқан досым ғой, қазір басылады" деп, үнсіз қалды. "Туһ, көше сыпырып жүрген кіл қазақ әйелдер. Өзге ұлттың әйелін көрмейсің. Неге оқымадыңыз. Дипломыңыз болғанда, мына күйге ұшырамас едіңіз", дедім күйінішімді жасыра алмай.
Әке таяғынан қашамын деп...
Табалап емес, жаным ашығаннан айтқанымды түсінсе керек: "Әкемнен қашамын деп тап болған түрім ғой?" деді жәймен. Естігенімнен түк түсіне алмай қарағаныма: "Оң босағада отырып әкемнің таяғынан көз ашпадым. Әке мейірімін көргенімде тағдырым бұлай болмас па еді" деп күрсінді.
Естігеніме ыңғайсызданып орнымнан тұра бергенімде: "Ана... Көше сыпырып жүрген қатындардың көбі – тіршілікке өлместің күнінен ілініп жүргендер. Мен сияқты тасмейір әке-шешенің таяғынан құтылайын деген далбасамен күйеуге қашқандар... Таңқалғаныңызға қарағанда әкеңізден таяқ жемегеніңіз көрініп тұр. Бұндай да болады".
Орта жастағы әйел тізерлеген күйі серіктесінің белін уқалап отыр. Мен үшін ауыр естілген жайтты естіп қойған болса керек, еш реакция берместен үнсіз тыңдайды. Көк шөптің таңғы шығынан жасқанған егде әйел ұзақ жатқаннан суықтап қалмас үшін сүйретіліп тұрып, аялдаманың орындығына ілби жетті.
Серіктесінің ендігі жерде құламасына көзі жеткен орта жастағы әйел, қоқыс жинайтын дорбасын қолына ұстай жылдамдата көше бойында шашылып жатқан қоқыстан тазалай бастады. "Сәлден соң тұрамын.." деп дауыстаған әйел сөзін жалғастырды.
"Иә... Қалай қыз боп бой түзедім, солай әкемнің таяғынан көз ашпадым. Мектеп пен үйдің арасынан қиыс бұрылсам болды, таяққа жығатын. Білсеңіз, үйде әкемнің көзінше күлуге қорқатынмын. Балалық дәуренмен қоштасатын соңғы қоңырауға әкемнен қорыққаннан бармадым.
Соңғы қоңырау кешінен көңілді шыққан сыныптастарым түн жарымында үйге келіп, көңілімді көтермек болғаны әкеме ұнамай, өлесі таяққа жықты. Басымнан тиген қатты соққыдан қанжоса болып, ауруханаға түстім. Арманым қалаға кетіп, оқуға түсу болатын. Әкемнен құтылудың жолын іздей бастадым.
Көз жасымды құдай көріп, соқырішек боп түскен бір жігітпен таныстым. Жүк машинасын айдайтын шопыр жігіт. Түр-басы жаман емес. Он баланың ортаншысы екен. Нартәуекелмен етегіне жармасқан бойы ауруханадан күйеуге қашып кеттім. Күйеуім өте жақсы адам боп шықты.
Бақытты өмір сүріп жаттық. Күйеуім Қайтпас мөлтекауданынан кең сарайдай үй салды. Үш балалы болған кезімізде, күйеуім жол апатынан қайтыс боп кетті. Қолымда үш бала. Ешқандай мамандығым жоқ. Қайда барсаң сұрайтыны диплом. Аяғы міне, көше сыпырамын.
Көше сыпырғанның бір тәуірі, таңмен ерте жұмысқа келгеніңмен, түстен кейін боссың. Бала-шағаға ыңғайлы. Әне-міне деп жүріп уақыттың зымырап кеткенін байқамай қалыппын. Жауын-шашынға қарамай көше тазалаймын деп жүріп табаннан өткен суық қойсын ба, белім шойырылатын болды.
Зейнеткерліктің ауылын алыстатып жібергені сор болды. Енді жете берсем, алты айға созады. Созбалы зейнеткерлікті қуып жүрген жайым бар" деп, күлімсірей тоқтады. Қарақат көздері мұңды болғанымен, әлі де әдемілігін жоймаған.
Сәл тыныстап алып: "Ана, өріп жүрген жас келіншекті мектептің соңғы қоңырауы күні көлденең жігіт басып әкетке. Ол секілді тасмаңдай тағдырға тап болғандар арнайы мамандандырылған білімі болмағандықтан қайда барсын?.." деп әңгімесін ауыр күрсіне тоқтатты.
Жаным ашығанымен қолдан келер қайраным жоқ, үнсіз тыңдадым. Қар борап, жауын құйып тұрса да көше тазалап жүрген әйелдерді көресің. Жастар жағы беттерін тұмшалап алуының түпкірінде айналасынан таныстары көріп қалмауын да қамтығандай әсер қалдырады.
Әлбетте, қара жұмысты атқаратын да қызметші қажет. Ресейдің әйгілі сатирик артисі Райкиннің: "Жұмысқа бармасам, менің бар-жоғымды ешкім елемейді. Мен секілді инженерге шалынып құлайсың. Ал, еден жуушы келмесе?.. Құдайым сақтасын, үйілген қоқыстан жұмыс орныңды таппай қаласың" деген интермедиясы еріксіз көз алдыма елестеді.
Егде әйелден естігенім, айлығы шайлыққа әрең жетеді. Үш баланың киімі, тамағы, оқуға барып-келу жол пұлын есептеудің өзі қорқынышты. Қалай жеткізетіні өзіне ғана аян. Сол баяғы "басқа тартса – аяққа жетпеушілік".
Мемлекет шынайы зайырлы болуы үшін, қоғамның ең кішкентай мүшелері – балалар мейірім мен тоқшылықта өсуі керек. Мейірім көрмесе – тасбауыр. Тойып тамақ ішпесе – алаяқтық пен ұрлыққа бейім боп кету қаупі төніп тұр. Ойлану былай тұрсын – үрейленетін жайт.
Қазақ, қыз бүр жарған кезде жеңгелері шашын қос бұрым қып өріп, үйдің оң жағына тұтылған қызыл шымылдыққа көшірген. Үйге кірген қонақ оң жақтан қызыл шымылдық көрсе, бойжетіп отырған қызы барын бірден түсінген.
Қызға қол жұмсамақ түгілі, шолпысының сыңғыры естілген сәт ересектер бейпіл сөзден тиылып, қыз тұсынан ұзағанша үндемей қалысқан. Ата салтымыз осындай керемет дәстүрді бізге мирас етті. Өкінішке қарай, біздер ие бола алмай отырмыз.
Қазақ: "қыз наласы қорғасын" деп, қызын ренжітпеуге тырысқан. Түркі халықтарының ішінде ең еркін өскен қыз – қазақ қызы. Ел жайлауға көшкенде әкесімен тізерлесе атқа мініп, ағаларына бұлғақтай еркелеп, дегенін орындатқан. Жат жұрттық қыздың қысқа ғана бұлаң ғұмырын бағалаған әке, маңдайына жел тигізбей қадырлеген.
Еркін өскен қазақ қыздарынан жаугершілікте атойлата жауға шапқаны қаншама? Тіптен, тарихи кезеңі бізге жақын ХХ-шы ғасыр ортасындағы екінші дүниежүзілік соғыста Мәншүк, Әлия, Хиуаз сынды қаһарман қыздарымыздың тек бізден шығуында жатқан шындық – қазақ қызының еркін өскен ұлттан жаралуында жатыр.
Соңғы кездері әлеуметтік желіден де қызын қорлаған әкелерді көріп, оқып, бойымыз тітіркенеді. Ата дәстүрден алшақтап кетудің кесірінен қоғам қатыгезденіп барады. Сан-қилы топалаң мен зобалаңнан ұлттық кодымыз, түп-тамырымыз дәстүр арқылы аман сақталып қалғанын көреміз.
Мәйекке айналған салт-дәстүрді тек той-томалақта ғана бір сәтке қолданып, күнделікті қолданысқа айналдырудан сырт қалдырғанымыздың кесірі өз таңбасын салуда. Қыз балаға қол көтерудің қаншалық айып екенін былай қойып – өшпес күнә екенін ескермейтін қоғам жетілуде.
Қоғам, өздігінен болмайды. Өрбімейді. Өспейді. Қоғамды реттеуіш қуатты күш- адам. Ендеше, ертеңгі күннен жақсылық күтсек - қызымызды әлпештеп, жайқалған гүлше мәпелейік.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5607
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2512
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2567
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2325
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2203
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2192
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2256
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2307
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2234
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2221
- 0
- 6