Прямой эфир Новости спорта

"Әйелдерді еркектерден көп дейді. Ойбай, ойбай, бола берсін көп, мейлі!"

otyrar.kz сайтынан алынды
otyrar.kz сайтынан алынды
Ақындардың түн ұйқысын ұрлаған арулардың саны артқан сайын, әйел болу бақытынан айырылған қыздарымыз неге көп?..

Халық – қоғамның түпқазығы деп алсақ, жанұя – қоғамды құрайтын мәуелі мәйек. Әр отбасынан ұшып шыққан ұрпақ, өз жанұясын "қоғам" атты нулы орманда салатыны, құрайтыны қарапайым заңдылық. Ілкі заманда бабалардан қалыптасқан қағида біздерге солай жетті. "Он үште – отау иесі" деген дала қағидасымен ат жалын тартып мінген ұл мен бәлиғатқа толған қыз, ата-анасының таңдауымен шаңырақ көтерді.

Он үште отау тіктірген бабаларымыздың ұрпақ сабақтастығын ойлаған көрегендігіне еріксіз тамсанасың. Әр мүшелде әр шаңырақтан бір шаңырақ бөлінген. Қандай ғажап?! Небәрі он үш жасында отбасына деген жауапкершілікті тіршіліктің қарбалас жолына салып, өз арбасын өзі сүйреуді парызым деп қабылдаған. Он үште ақ босағасын аттаған қыз, араға он төртінші жылды өткізіп, өзі қыз ұзатып, келін түсіріп – "ене" атанған.

Бүгінде он жетідегі қыз – әлі мектеп партасында оқушы. Жуырда он екі жыл оқу бағдарламасынның қабылдануына байланысты он сегізге дейін мектепте оқымақ. Ары қарай жалғасатын жоғары білім ордаларын есептесек, қыздарымыз жиырма беске келгенде қолына қолақпандай дипломын алып, мамандықты игеріп, жоғары білімді маман атану қуанышына кенелгенмен, кейбіреулері басты бақыты – әйел болуға кешігіп қалады. Қайтпек керек?..

Кешегі мен бүгінгі өмір сүру салтын салыстыруға келмес. Десе де, өткеннен өнеге алар жеріміз баршылық. Соңғы кезде отызды орғып өтіп, қырықты қырқалап күйеусіз отырған қыздарымыздың күрт көбейіп кетуі кей-кейде қабырғама батады. Қандай қыз отау құрып, бала сүйгісі келмейді дейсің? Қызы босағада қартайып жатқан ата-аналардың күйікке толы күрсінісін тыңдасаң, жауабы жоқ жартасқа тірелесің.

Күйеуге шығудың сәтін келтіре алмай жүрген қыздармен тілдесе қалсаң, бәрінің отау құрсам деген арманы бар. Басым көпшілігі арагідік сөз салатындар болса да, бала-шағасын асырайтындай мүмкіндігі бар, арқа сүйейтін күйеу таппай қиналатындарын айтады. Соған қарағанда кілтипанның бір ұшы отбасы түгілі өз басын асырай алмайтын жігіттерімізде ме?..

Сол баяғы асығыста алдыңнан табыла кететін таксиге міндім. Жүргізушінің қазақшасы тілі жаңа шыққан баланыкіндей екен. Машинаны орнынан қозғалта бергені сол екен, қасына қойған себетінен екі жұмыртқа домалап түсіп, менің аяғымның астына тірелді. Еңкейіп алып, себетіне қайыра салдым. Тілге тиек етерлік әңгіме екі жұмыртқадан ағылды.

Жасы елудің сегізінде. Құқық қорғау саласында жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан. Бірінші әйелінен екі қызы бар. Ұл тумаған бәйбішесінен ажырасып, оң босағада отырған отыздағы қызды тоқалдыққа алады. Алмас бұрын: "Ұл тусаң ғана үйленемін..." деген шарт қойыпты. Осы жеріне келгенде, жүрегім шым етті. Бабаларымыз ардақтап төрге отырғызған қыздарға, бүгінгі қоғам "қыз-қырқын" деп қарауды қалыптастырған. Ертеде: "қызды – кім айттырмайды, қымызды – кім ішпейді" дегенді – болашақ жар, ана, ене, әже боларлық қызды іздегеннен айтса, бүгінде ол ұғымның жайдақтанып кеткені қынжылтады.

Үй болуды армандаған кәрі қыздың тілегі Жаратқанның құлағына жетсе керек, қалың қыздың ортасында кекірек атқан еркектің шарты жүзеге асып, ұл туады. "Ұлды болған соң, бәйбішемнен ажырастым. Қыздар ертең байға кетеді. Сонда мен ұрпақсыз қалам ба? Маған ұл керек!.." деп алып, қызды ұрпақ ретінде қаламайтынын жеткізіп үлгерді.

Үнсіз тыңдап келем. Себебі, қазақтың: "Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты – ұл ғой шіркін қашанда!.." деген пейілі әнге айналып, "ұлдың – ұрпақ жалғастырушысы" екені қанымызға, санамызға сіңіп кеткені қашан?! Өзім де Ана ретінде атұстар туғанымда ұрпақ жалғастырғаныма қуанғанымды қалай ұмытайын?!

Алтындай жарқырап тұрған қыздары бола тұра, ұл деп отыратын әкелерді кінәламаймыз. Ғайбаттамаймыз. "Е, қайтсін, босағасына қазық болар ұл керек қой?!" деп міндетті түрде ақтап аламыз. Санаға індеп енгені сонша, ұл тумаған қазақтың әйелдері көбіне күйеулеріне: "ұл туатын әйелге үйленуіне" өздері-ақ рұқсатын беріп жатады. Іштерінен қан жылағанымен, ата дәстүрден аттап кете алмайды. Атам заманнан жалғасып келе жатқан салтымыздың жазылмаған қағидасымен санасуға мәжбүр. Түптеп қарасаң, ататек сақталуы үшін бұндай қадамның дұрыстығын амалың таусыла мойындайсың.

"Амалың таусыла" деу себебім, әулетінің намысын қорғап, атасының атын мемлекеттің деңгейде жалаулатып жүрген қазақ қыздары қаншама?! Тіптен, дәстүрмен жұмысы жоқ шалақазақ шопырдың өзі ұрпақ сабақтастығын қалайды. Қарсы айтарға уәж жоқ.

"Таңқалатыным, тоқалымның отыздағы құрбылары көп. Шетінен сұлу. Білімді. Мінгендері шетелдік машина заулап тұр. Үй-жайы бар. Бірақ, байлары жоқ. Мүмкіндігім болғанда тағы бірнешеуін алар едім. Зейнеткермін. Ақшам жетпейді. Пенсиям жете бермейтіндіктен өстіп, арасында таксист боп қоям. Мына жұмыртқаны ұлыма апара жатыр едім" деп бағана домалаған жұмыртқаларды сыртынан сипап қойды. Естіген сөздеріме ой толғай қоятын әдетіме басып, ойланып кеткен екенмін. Тоқтаусыз сөйлеп келе жатқан еркек: "Шетінен сен – тұр, мен – атайын" дейтін сұлу қыздар неге байсыз жүр, түсінбейсің?" деп, иығын қиқаң еткізді.

"Былай тартсам – арба сынады, былай тартсам – өгіз өледі"-нің кебін киген жаңаша тұрмыстың төрешісі болу, үкіметтік жүйенің ғана қолынан келсе керек. 70 жыл бойы билік құрған Кеңестік дәуірдің қалыпқа құйып кеткен "жалғыз әйелмен отбасылы болу" заңы – бірнеше әйелмен бас қостыратын "дала заңын" жоққа айналдырды. Кеңестік дәуірдің қазаққа бергені де бар. Тек, ата дәстүріміздің көбін жойып жібергені болмаса.

Бүгінде екінші әйелге рұқсат беру мәселесінің парламенттік деңгейде қозғалып жатқаны белгілі. Әйел тұрғысынан қарасаң, күйеуіңді басқамен бөліскің келмейді. Екі әйелден туылған бала – екі рулы елге айналып шыға келері хақ. Тоқалды мойындамайтын қоғамда өскен әйел, күндесінен туылғандардың тұқымын тұздай етуге жанын салады. Әулетке жолатпайды. Заң – некелі әйел жағында. Жеңіскері сол болары ақиқат.

Қоғам тұрғысынан қарасаң, күйеу таппай жүрген қыздарды аяйсың. Арлы қыздар: "Құдай бермегенді кімнен тартып алам?" деп тағдырын үнсіз мойындаумен қартайып жатыр. "Құдай маған бір еркек қарыз!" деп, әйел ғұмырын сүргісі кеп жанталасқандардың некесіз ұрпақ құшып, еңіреп жатқан жайы бар. Оның сыры неде?

Көкейдегі сұрағыңның жауабының кұтпеген жерден табылатыны бар. Жұмыста қызметтес қыздармен сөйлесіп отырып, ортаға ой тастадым. Қырық жетідегі кәрі қыз: "Үлкен жездем өмірі нәскиін жерден көтеріп кимейтін. Жұмысы үйге тиіп тұрды. Шешем "әпкеңе көмектес" деп, қолдарына қосты. Жездемнің тазалықты жаны сүйетіні соншалық, күніне нәскиін үш рет ауыстыратын. Өзі ауыстырса мейлі ғой, үйге кіре: "Айжан, нәскиім қайда?" деп, нәскилері салынған қораптың қасында қақайып тұратын. Әпкем байғұс асүйден жүгіріп кеп, қораптан тазасын шығарып береді. "Өзің алсаң, қолың сынып қала ма?" дегеніме: – "Әйелдің басты міндеті – күйеуге қызмет ету!.." деп жынымды қоздыра түсетін. Сол кезде: "Әркімнің нәскиін жуғанша, байсыз өткенім артық?!" деп өз-өзіме ант бергем. Өзгелер күйеуге тимей қартайғанына күйінетін болар. Өз басым, әпкем сияқты еркекке қор болғым келмегендіктен күйеуге шықпадым" дегенді еш өкінішсіз айтты.

Отыз екісінде күйеуге шыққан келіншек болса: "Ой, күйеуге шығуға ерінетінмін. Құрбыларым келін боп, ата-енесінің айтуымен жүріп-тұрғанын көргенде жүрегім айныйтын. Отыз екімде әскери қызметтегі күйеуім кездесті. Қарасам бәрі дайын. Сосын шыға салдым" деумен қыз ғұмырын түйіндеді. Қасымызда тыңдарман боп отырған жиырма тоғыздағы қыз танысқан жігітінің үйленуге келгенде тайқып кеткенін күйіне айтты.

Әңгіме-дүкенді тыңдап отырған әйел: "Байқап қарасаң, перзентханаға түскенімде, палатадағы он екі әйелден мен шыққанға дейін біреуі ғана ұл туды. Кілең қыз. Оның үстіне ұлдар төбелесте, машина апатында қаза тауып жатады. Нағыз үйленер кезінде қыршын кетіп жатқан жігіттердің саны көбейіп кетті. Оның да әсері бар" деген ой тастады.

Ойланып қалдық. Шынында, соңғы санамақ кезінде ұлдардың қыздардан екі жарым есеге аз туылатынын ақпарат беттерінде жазды. Басқаға бас ауыртпай осы ақпаратқа үңіле қарасаң, кілті жоқ құлыпқа қайыра кезігесің. Ұл мен қыздың қайсын берем десе – Жаратқанның шешімінде.

Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай,

Ойбай,

Бола берсін көп, мейлі! – деп әйелдердің сұлулығына тамсанған біртуар ақын Мұқағали Мақатаев "кәрі қыздар армиясы" жайлы не айтар еді деген ойға қалады екенсің. "Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың, Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың..." деген назын ескеріп, ертеңгі күні қасыңда тіреу болар ұрпақ келтіру жағына мән берсе екен деген ішкі тілекпен шектелуге мәжбүрсің. Жалғыздық – Жаратушы иеме ғана жарасақанын ескерсек, күткеніміз кездеспегенде әйел бақытына өздігінен ұмтылу да керек болар, кім білсін?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров