Қарттар үйін қалаған кейуана
Таңды терезеге қадалған күйі атырған кейуананың көзінде мұң жоқ. Шарасыздық байқалмайды. Бейтараптық. Иә, айнала қайнап жатқан тіршілікке деген бейтараптық бар.
Тіршіліктен баз кешіп кетпес үшін мұңды болған мен бейтарап болғанның қайсы қауіпті? Бәлкім, екеуінің де жетісіп тұрғаны жоқ дерсіз. Десе де, мұңды болғаннан – бейтараптың салмағы ауыр. Бейтарап – бар мен жоқтың, өлі мен тірінің арасы ғана.
Қоғамда қарттар үйі жайлы сан-алуан пікір айтылуда. Үңіліп қарасаң, әр тұрғынның өзіндік тарихы, мұңы бар. Таңды терезе алдында қарсы алған кейуананың жан-дүниесі қасіреттен өртеніп, тек күлі қалған.
Алғашқы соққы
Құлай сүйіп бас қосқан жары сәл салмақтан жалт береді деп үш ұйықтаса ойына кірмепті. Тұңғышын босанған соң, аяқ-қолы сал болып, төсекке байланды. Дәрігерлер толғақтан болған күйзелістен жүйке талшықтарының жансызданып қалғанын, тұрып кетуі екіталай екенін айтты.
Күйеуінің төзімі үш-ақ айға жетті. Үш ай өте киімін жинап, үйден кетті. Тіс жармастан теріс қарап шығып кеткені жанына батты. Тым құрыса "Қош?!." демегені жүрегін осып өткені сонша, сол сәтте алғаш саусақтары қимылдады.
Қасіретке тұншыққан жүректің жансыз саусағының қимылдағанын байқауға мұршасы болмады. "Жұт – жеті ағайынды" демекші, сол күні бала күтушілікке жалдаған келіншек келмеді. Оның себебі кейін ашылды. Күйеуі сол келіншектің үйіне кеткен боп шықты.
Емшек іздеп, шырыл қаққан сәбидің үні көкке жеткендей шарқ ұруда. Құдайдан мәңгілікке әкетуін тілеп жатқан әйелдің көзінен тамшы жас шықпады. Күйініш ерегісіп, ащы жасты кептіріп тастағандай. Айқай салғысы келгенмен тілі қозғалмай, кезерген ерні қарысқан жақты аша алмай әуре.
Қарсы қабырғадағы сағат тілі бала күтушінің келмейтінін айғақтағандай маңғаз жылжуда. Өкпесі өше шырыл қаққан ұлының дауысы есін жидырған әйел, балапанын бауырына алмаққа орнынан аунап түсті.
Бүгілген тізе
Жиырма төрттегі жас әйел тізесінің бүгілгенін көргенде, күйеуі есікті тарс жапқан сәттен бері алғаш рет шыңғырып жіберді. Тосын дауыстан шошыған сәби жылауын кілт тоқтатып, тың тыңдағандай тым-тырыс қалды.
Қуаныштан әлде қорқыныштан екеніне мән беруге мұршасы жетпей, бүгілген тізесіне қарай қолын созды. Созылды!.. Үш айдан бері қыбыр етпеген қолдары тізесін ұстауға, аяғын сипауға икемі келді.
Жылаған жоқ. Көз жасы өзінен-өзі көлдей аға жөнелді. Үш ай бойы жиналған запыран жасты елеместен алғаш шаттана күлді. Бақытты күлкіні түсінбеген сәби қайтадан қыңқылдай бастады. Есалаң жанша қарқылдай күлді.
Бірден көтерілуге жүрегі запыста боп қалған жас әйел қорқып, жаймен ұлына қарай еңбектеді. Өз қолымен бауыр еті баласын құшағына қысуға мұршасы келіп, омырауын ұлының аузына тосқан сәтте, бақыттан басы айналды.
Қасірет пен қуаныш қатар шабатын тағдырға ешкімнің пәрмені жетпесе керек. Сүйген жардың сатқындығынан күйзелген жаны борпылдата емген сәбиінің маңдайынан шып-шып шыққан термен қоса ерігендей, белгісіздікке көміліп бара жатты.
Емші уақыттың ермегі
Күйеуі өзі кеткенімен, өзінен аумайтын ұлын естелікке қалдырып кетті. Түрі мен мінезі-қылығы әкесімен бір тамшыдан жаралғандай ұлын өміріне жұбаныш еткен жас әйелдің тіршілігі сан-алуан оқиға толы жүйрік поезша заулай өтіп жатты.
Ұлының әр қадамынан бақыт пен қуанышқа кенелді. Екінші рет әйел бақыты есігін қақпады. Қағуға тырыспады ма, әлде, шайлыққан жүрек бата алмады ма, кім білсін. Ұлы алыс қалаға оқуға кеткенде, алғаш рет "жалғыздық аралына" тап болды.
Тіршілікте қуаныш шектеулі. Жалғыздықтан жаураған әйел енді соны түсінді. Қуаныштың ғұмырының қысқалығын қабылдағысы келмеді. Түйсіктің ешқашан алдамайтынын кеш түсінді.
Ене бақытына кенелген күн
Обалы не керек, жалғызбын деп еркелеместен еңбекқор боп өскен ұлы оқуын жақсы аяқтады. Жалғыздығынан ба қамықты ма, әлде арқа сүйерім жоқ деді ме, ұзақ уақыт үйленбей жүріп алды.
Өзі қатарлы құрбыларының немерелері мектеп бітіріп қуанып жатқанын көріп, жүрегі жабырқап, күйініштен үнсіз тұншықты. Айтайын десе, жалғызын ренжітіп алам ба деген ойдан бата алмады. Ұлының қызметі жоғарылап, айтулы фирманың директор орынбасарлығына көтерілді.Көп ұзамай сол фирманың қожайынына күйеу бала болды.
Мінезі биязы, қолбала болуға ыңғайлы екенін көрген қожайын мінезі шәлкес ерке қызын ұзататын адамын тапқанына қуанды. Әке алақаны арқасына тимеген жігіт қожайынның әке орнын басуға дайындығын көргенде бірден келісті.
Жалғызбасты әйел көптен күткен арманының орындалғанына, ұлының қорған болар қайын ата тапқанына жүрегі жарыла қуанды. Өз жолынан жаңылмайтын айлар мен жылдар заулай зымырап жатты. Қайынатасы сыйлаған үй келінге тарлық етіп, ауылдағы анасының үйін сатқызып, қолына алды.
Ұлы мен немерелерімен бірге тұратына қуанған әйелдің қуанышында шек болмады. Келіннің сазарған түрінен қуанған не кейіген із байқалмайды. Жансыз. Енесінің бар-жоғына бейтарап қарайтын көздері болмаса...
Алғашында келіннің мінезіне үрке қарағанмен, жалғызының қабағынан аса алмай, тынышталды. Баласынан аумай қалған немересін арқалағанның, көшеде жетектегеннің ләззатын айтсай?! Жер бетінде бақытты адам жалғыз өзіндей сезінді. Қасында томпаңдап келе жатқан немересін мақтауды өткіншілерге айтып үлгеруді әдетке айналдырды.
Қарауыл құлып
Ұл мен келін қонақшыл боп шықты. Күнде қолтықтасып қонаққа кетеді. Онысына кейуана қуанбаса, ренжімеді. Қайта немересі екеу оңаша қалып, ойынға кенеледі. Бір күні...
Баласы мен келіні тым кешігіп кеткен соң, немересін бөлмесінде жалғыз ұйықтатуға жүрегі дауаламай, қасына алып жатты. Ұйқысырай әжесін арқасынан құшақтай алған немересінің қолдарынан жүрегі елжіреп, қуаныштан көз ілмеді. Тәтті ойын келіннің "Мынау не сұмдық?!" деген ащы дауысы бөлді.
Әжесін тарс құшақтап жатқан жерінен келіні жұлқи көтергенде, шошынған бала шар етті. Келіннің не себепті ашуланғанын түсінбеген кейуана шәңкілдеген дауыстан есінен танды. Түн ортасында айқай естимін деп ойламаған еді. Құбыжық көргендей келінге тесіле қарады.
Келіннен естігені: "Баланы кемпірдің қасына жатқызуға болмайды. Қартайған кемпірден бөлініп шығатын удан бала өліп қалуы мүмкін" деген жан түршігерлік сөз болды. Естіген сөзден есі кете шошынған немересін жуатпаққа соза берген қолын келіні қағып үлгерді.
"Ғалымдар сондай жаңалықты ашқан. Кәрі адамнан өмірге қатер төндірерлік көптеген у бөлінеді. Буыны қатпаған баламды өлтірмек ойың бар ма?!" деген келіннің айқайына таңданған кейуана араша күткендей ұлына қарады. Ұлы үн-түнсіз өз бөлмесіне өтіп кетті.
Ауыр ойдан таңды көзімен атқызған кейуана киім-кешегі салынған сөмкесін көтере күннің алғашқы шуағымен үйден шығып кетті. Шығарда жаны бөлек болған жалғыз ұл анасын іздеп келмеді. Анықтама арқылы қарттар үйіне орналасқанын біліпті. Дәрігер айтты.
Әлі де болса өз тамағын өзі пісіріп жерлік күші бола тұра, қарттар үйін қорлықтан қашып паналады. Таң атқанша ойланғанда ауылға кетпек болып та қиялдаған. Тете сіңлісі үйінен қуып шықпас.
Бірақ, үйсіз-күйсіз кімнің босағасына сыйғандайсың? Оның үстіне, бір ауылда тұратын ұлының әкесінің табалаған көзін көргісі келмеді. Бір қарағанға "қартайған жанға жалған намыстың қажеті қанша?" дерсіз. Кейуана үшін қажет. Қатар-құрбы, ағайын-жұрттың аянышты көзін көрмегені қажет.
Кейуананың дәрігерге қойған ең бірінші сұрағы: "Қарттардан бала өміріне қауіпті у бөлінетіні рас па? Арқасына таскенеше жармасып, бесік жырымен өскен қазақтың қай баласы әжесінен бөлінетін удан уланып өліп еді?" болды. Жауапты дәрігердің таңдана қараған көзінен алды.
Көз алдына бала күнгі әкесінің мойнына мінгізіп өзен бойлай жүгіретіні, әкесін атша мінгеніне мәз болған бақытты кезі елестеп, көкжиекке үміттене қарады. Тіршілікке емес, жаураған жанына шипа боларлық мәңгілік кеңістіктің дәрумені тезірек жетсе, өзін сүйетін әке-шешесіне қосылсам деген үмітпен қарады.
Ендеше, көздері неге бейтарап?.. Есіктен кірген дәрігерді фәни ғұмырдан баз кешіп, бақи өмірге таңдау жасаған бақытсыз көздегі бейтарап қарашық күтіп алды. Немересін құшақтай алмайтын, құшағына қысып, бауырына баса алмайтын бақытсыздыққа тұнған бейтарап қарашық бір нүктеге қимылсыз қадалып қалған.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.