Прямой эфир Новости спорта

Қуану да – бір бақыт

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Соңғы жылдары жүрегіміз жарыла қуанбайтын болдық. Қуаныш тапшылығы бар, байқайсыз ба? Қуанудың жақсылыққа жетелейтін жолашар екенін біле жүрсек.

Шығармашылық адамдары өзіне қажетті оқиғаларды көбіне айналасынан, көшедегі көңіл аудартарлық сәттерден алады. Өз қиялыңды шарықтату үшін де тосын сәттердің пәрмені өте қажет. Оған белгілі режиссер, актер Джафар Панахидің күні бойы оқиға іздеп, адамдарды машинасымен тасыған "Таксист" деген фильмін тілге тиек етсек болғандай.

Созақ ауданының 90 жылдық торқалы тойына шақырылдым. Соған орай шығарылған аудан Шежіресіне енгеніме көңілім тасып қайтып келе жатқанмын. Көтергенім кітап. Қаланың кіре берісінен такси ұстамақ болдым. Жуық маңда такси тоқтай қоймаған соң, алдыма кеп тоқтаған автобусқа міне қойдым.

Қала халқын тасымалдауға арналған ұзын автобустың әр жерінде шошайып екі-үш адам ғана отыр. Бос орынға жайғастым. Қасыма арқалаған шежіре кітаптарымды қойдым. Келесі аялдамада егделеу әйел мінді. Менің қасымда жатқан "Созақ – 90" деп арнайы тапсырыспен жасатқан қағаз сөмкеге қарап: "Ақымақтар, Созаққа 90-ы несі?! Қарт Созақты қалай жасартып жіберген?!" деп тиісе кетті. "Жо-жоқ, қарт Созаққа қатысы жоқ. Кеңес үкіметі кезінде "аудан" болып бекітілген кезіне 90 жыл бопты" деп ақтай жөнелдім.

"Әрі отыр?!" деген әмірі күшті дауысына таңқалдым. Қасыма отырғысы келіп, жылжымай тұр. Маңайыма қарасам, бос орыннан көз тұнады. Сонша бос орын тұрса да менің қасыма отырғысы келгеніне сөйлейін деп тұрып, ыңғайына көне кітаптарымды тіземе ала жылжи қойдым. Кейде бір түсініксіз түйсікпен бірдеңе болатынын болжайсың ғой. Санамда сондай бір түйсік пайда бола кетті.

Қасыма жайғасып отырған әйелдің жүзіне жәймен барлай қарадым. Көздері өте мейірімді. Жүзі жайдары. Дауысында өктемдік бар. Жайдары жүз бен өктем үннің бір бойынан табылғанына таңданып қалдым. Жайғасып отыра бере дін тақырыбына сөз қозғап кетті. Бір қызығы, сөйлегенде бүкіл денесі қосыла сөйлеп тұрғандай әсер алады екенсің. Қолын сілтеп қойып сөйлеп келеді. Шынымды айтсам, алғашында тыңдағым келмеген. Сөздерінің астарындағы пайымды ойды аңғарып, құлақ түрдім.

Жиырма алты жыл есепші-экономист боп үлкен мекемеде қызмет атқарыпты. Дер кезінде үйлі-боранды боп, бүгінде бала-шағасын құтты ұяларына қондырған. Өмір бойы көңілінде бір алаң болыпты. Қарап тұрса, қағанағы – қарық, сағанағы – сарық. Бәрі жеткілікті. Күйеуі өте жайлы боп кездеседі. Жүрегіндегі алаң мен улеп жатқан бос кеңістікті немен байланыстырарын түсінбей дал болады.

Кілтипанның кілті зейнеткерлікке шыққанда ашылыпты. Таңмен қарбалысатын жұмыс жоқ. Үйде қамалып отырғаннан жүрегі сығылып, күндердің бір күнінде көңіл сейілту үшін көшеге шығып кетеді. Әбден аралап, аяғы шаршайды. Сілелеп келе жатып, кішігірім саябақтағы орындыққа жайғасады. Қайдан тап болғаны белгісіз, қасына бір кейуана кеп, (менің қасыма келіп әңгімесін айтқан тура өзі секілді) таңғажайып әңгіме бастайды.

"Қалай біліп қойғанын қайдам, өмір бойы кеудемде уілдеген алаң барын, жаның жайлансын десең әулие жерлерді аралауым керектігін айтты", деп бір тоқтап алды. Ары қарай не айтарын қызықтап, жалғастыруын күте үнсіз отырмын. Ең қызығы, жауап бермек боп кейуанаға қарай бұрылғанда, сөйлеп отырған кемпірдің ізім-қайым жоқ болғанын көреді. Аң-таң қала айналасына қараса, еш жерден көрінбейді. Қартайған кейуананың соншалық жылдамдықпен кетіп қалуы мүмкін емес. Орнынан ұшып тұрып жан-жағына жүгіріп, әбден іздейді. Таппайды.

Не керек, сол күннен бастап қатты ойланады. "Кемпірдің қасыма текке келмегенін сездім. Сол күннен бастап әулие аралауға шықтым" деген көрші әйелдің әңгімесі қыза түсті. Мынаны қараңыз, алғашында орын таппағандай қысыла-қымтырыла қасыма отырғанын жақтырмаған едім. Ендігі жерде өз аялдамама жеткенше түспеуін іштей тілей бастадым.

Оңтүстік – киелі жерлерге өте бай өлке. "Сайрамда бар сансыз бап, баптардың бабы – Арыстан баб" дегенді естімеген қазақ жоқ болар. Әлқисса, көрші әйел саяхатын Сайрамдағы сансыз баптан бастайды. Әсіресе, Жыламақ Ата бұлағына барғанын естігенде, таңқалдым. Жылаған Ата жайлы естігенмін. Жыламақ Атаны естімеппін.

Жыламақ Ата бұлағының шығу тарихы өте қайғылы боп шықты. Жаугершілікте бейғам жатқан ауылды тосыннан жау шабады. Ер-азаматтар қынадай қырылады. Сол кезде Жыламақ Ата ауылдың күллі балаларын жинап, тауға қашады. Таудың үңгірін паналайды. Қарны ашқан балалардың алды жылай бастаған соң, аң аулауға кетеді.

Жыламақ Ата қақпан құрып жүрген кезде, емізулі бала емшек іздеп шырқырай жылайды. Баланың дауысын естіген жау үңгірді тауып, кішкентай балаларды шетінен қырып тастайды. Аңнан келген Жыламақ Ата қанға боялған бүлдіршіндерді көріп, аңырай жоқтағанда көзінен жас орнына қан саулайды. Ащы қанды жас тамған жерден бұлақ көзі ашылыпты. Көз ауруына ұшырағандар Жыламақ Ата бұлағына барып суымен көзін сүртсе, шипасы дәру болады екен. Осыны айтқан әйел, терең күрсініп алды.

Қайғылы көрініс көз алдыма келіп, тұлабойым түршікті. Қорғансыз сәбилерді қанжоса еткен неткен жауыздық десеңізші?! Білектесті қырсаң, қаза тапқан жағдайда тең жауыңмен күрескенің үшін сұрауы жоқ. Қорғансыз бейкүнә періштелерге қылыш көтеру, тек қанқұйлы жауыздың қолынан ғана келсе керек. Ойымды әйелдің келесі әңгімесі бөлді. Тыңдасам, "Жылаған Ата" аңызына көшіпті.

Қарт Қаратаудың етегінде Жылаған Ата үңгірі бар. Тарихшылардың пайымынша VI-VII ғасырларда өмір сүрген. Аңыз бойынша Гүрзіхан деген бай мен Шаш-Ана деген бәйбішесі екеуі жастары еңкейгенде осынша байлыққа ие болатын бір перзенттің жоқтығына қайғырады. Ислам діні сахараға енді келе бастаған тұста Гүрзіхан ислам дінін қабылдап, Алладан перзент тілейді. Жалбарынысы қабыл болып, Шаш-Анамыз жүкті болады. Уақыты жеткенде пердеге оралған күйінде, мес сияқты ұл туады. Қыдыр Ата түсінде аян беріп, баланың бойына Алладан ерекше қасиет берілгенін, уақыты жетпейінше местің аузын ашпауын айтады.

Көтеруден шаршаған Шаш-Ана бірде кейісін білдіре бергенде қолындағы мес жерге түсіп кетіп жарылады. Ішінен айдай нұрлы бала шыға, тауға қарай қаша жөнеледі. Үңгірге жасырынған бала: "Сәл шыдағаныңызда жүзімді көрер едіңіздер. Ендігі жерде ешқашан кездеспейтін болдық" дейді. Гүрзіхан мен Шаш-Ана жылай-жылай үйіне қайтып бара жатып, баласы тығылған үңгірге бұрылып қараған кезде үңгірден арқырай су аға жөнеледі. Осылайша Жылаған Ата үңгірі пайда болыпты.

Жылаған Атаның бір қасиеті – жайшылықта су ақпай, тек Алладан дұға тілеген кезде ғана суы ағады. Сәлден соң, қайта тартылып қалады.

Аңызды бала күнімнен естіп өссем де, алғаш рет естігендей тыңдадым. Құлағыңа сіңген аңызды бөгде адам көзімен көргендей етіп айтқанда, өзгеше әсерге бөленеді екенсің. Ұйып тыңдап отырмын. Ең ғажабы соңында екен. Оңтүстіктің әулиелерін аралап біттім-ау дегенде Жылаған Атаны естіп, Қаратаудың бөктеріне барады. Қасындағылар ұзақ жолдан шаршадық деп тамақтануға кідіреді. Бұл болса аяқкиімін қолына алып, су жағалап кете барады (Ол жерде көптеген бұлақ көзінен аққан су, кәдімгідей үлкен ағынға айналған). Су ішімен жалаңаяқ келе жатып, Жылаған Атаға жетеді. Қарайды. Жылаған Ата үнсіз. Үңгірінен ағып жатқан суы жоқ. "Біссімілләсын" айтып алып,үңгір жаққа қараса, үнсіздіктен бойына бір ерекше қуат келеді. Қуанғаннан жүрегі жарыла: "Жылаған Ата, мен саған келдім?!" деп, бар дауысымен айғай салады.

"Неге екені қайдам, кеудемді кернеген қуаныштан жүрегім жарылып кете ме деп қорықтым. Ғажайып күйге ұшырадым", деп әңгімесін жалғастырған әйел, маған қарай бұрылып: "Айғай салған кезімде, үңгірден үн шыққандай болды. Бір кезде, үңгірден сарқырай ағып келе жатқан суды көргенде, есімнен танып қала жаздадым!.." дегенде, көздері шоқтай жанды. Кәміл сендім.

Маған ерекше ой салғаны: "Адамдар қуанудан қалып барады. Қуана білгенге Құдай да иеді. Жүрегім жарыла қуанғанымды құдай көрді. Жылаған Атадан су ақты" деген сөздері еді. Шынында, қасымдағы әйелдің жүрек жарды қуанышына үңгірден су ағуында үлкен сыр бар сияқты. Қуанышты қара тас та қабылдаған болды ғой?..

Әлеуметтік жайттардың кей келеңсіздігінен көптеген адамдардың жүнжи бастағаны шындық. Өмір болған соң "арпалыс заңдылығын" ұмытып кетіп, күйзеліп қалып жатамыз. Арасында қуаныш барын елегіміз келмейді. Қуанышты сәттердің өзін өткізіп жіберіп жатамыз. Сонда деймін-ау, қай кезде қуануымыз керек? Адам боп жаратылған соң, мамыражай өмірден гөрі – мазасыз күні көп болары бесенеден белгілі жайт екенін мойындай тұра, қуанышты шектейміз. Кейде маған адамдар қуануға ерінетіндей көрініп кетеді.

Тіршілікте санаусыз ештеңе жоқ екеніне сенемін. Жылаған Ата үңгірі, қасына барып жүрегі жарыла қуанған әйелге балдай тәтті суын сарқырата ағызғаны – табиғаттың қуана білгені ғой?!

Ойланып отырғанымда әңгіме кілт тиылды. Сөйтсем, қасымдағы әйел орнынан жылдамдата тұрып, шығуға беттеп барады екен. Қалай тосыннан келсе, солай тосыннан кетіп қалды. Жүріп кеткен автобустың терезесінен аялдамадағы адамдар арасынан әйелді көзіммен іздедім. Көрінбеді. Әлде, ол да баяғы кейуанадай ғайыптан тап келді ма екен?! Түсінгенім, біздерге көбірек қуану керектігі. Иә, қуана білейікші...

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров