Он сегіз миллион халықтың 12-13 миллионы қазақтар екенін ескерсек, өз тіліміз бен музыкамызға деген көзқарасты қалыптастыру, қорғау, сақтап қалу үшін – өз ожданымызды оятатын күн туды.
Баданасын киіп ап,
Бар қайратын жиып ап,
Шашақты найза қолға алып,
Батыр жігіт жауда ойнар!..
Тарих қойнауына көмілген сонау өткен замандарда, жауға аттанар қолдың алдына Мөңке билер шығып, осылайша қан ойнатар қара өлеңді төгіп-төгіп жібергенде, жүрегі дауламай тұрған қалың қол: "Жау қайдалап" рухтанатын. Намыс оты тұтанып, білегіндегі егеулі найзасын темірқұрсана ежірейген жауға қаһарлана ұмтылғаны бүгінгі ұрпаққа ертегі іспеттес күнге жеттік.
Қара ағаштан қашалған қара домбыраның құдіретін күмбірлеген үні шықпайынша ешбір жан түсінбес. Саусақ тиген сәтте-ақ, қара домбыра "жау келді" деп күңіреніп кетеді, қайраттана айбар көрсетеді. Жығылған жалын тіктеп, қаршылдаған өткір тіс жау өңешіне қадалып, қара қанын ағызар. Тыңдарманның көкірек көзін оятып, жігерін жанатын қара домбыраның үніне қосыла ән шырқалса, дереу шет ел эстрадасына ауыса қоятын ұрпаққа қандай наз айтарсың?!
Ілкі заманда исі қазақ халқы үшін Мөңке би мен Бұхар жыраулардың жай отындай жігерлі сөздері қаһарлы күш берді. "Әруақ!.." деп кең даланы ұранға толтыра, келген жауды жайын жатқан жазира даладан сүре қуды. Құлағында қалған қара домбыраныңкүмбірінен, үйде қалған қызыл қарын бала, жасы еңкейген ата-ана, босағаға сүйеніп өзін күткен аяулы жары көз алдына келіп, бойына жойпат күш алды.
Сегіз перне, қос ішекті қара домбыраның қаптаған жауға дауаламай тұрған жүрекке қайрат құйып, жасқандырмай қарсы шапқызатын құдіретін бүгінгі ұрпақ қалайша ұмытты?!.
Құдайға шүкір, еліміз тыныш, шекарамыз берік. Жауға аттанардай жайымыз жоқ. Бейбіт аспан астында шалқыта өмір сүрудеміз. Бірақ, осы біз жаһанданудың алдына түсіп кеткен жоқпыз ба? Техникалық тұрғыдан адамзат қажеттілігін өтеп отырған жиырма бірінші ғасырдың рухани қажеттілігімізді елеусіз ысырып жатқанына мән беруге мұршамыз жоқ. Күнделікті тірлікпен арпалыс жайпап, кезіккенін жайынша түгімен жұтуда. Әлбетте, жайынның өңешіне тіреу боп қалатын жалғыз күш – ұлттық рух!.. Дабылдатып әуреге түспей-ақ, көпшілік көліктеріндегі радиоқабылдағыштағы құйқылжыған шет ел әуендерін өз әндерімізге, күйлерімізге ауыстырудан бастаса, соның өзі үлкен жанашырлық. Әйтсе де, ожданымыздың ойсырауының себебі неде?!.
Шет ел әуендерінің табанына түскен ұлттық ән–күймен бірге намыс жалауы жығылып жатыр. Оған қалыпты жайт деп қарап, бас ауыртуды қажет етпеудің өзі қызық. "Ождан" сөзінің жадымыздан ысырылып, қадірін таптай бастағанымыз да шындық. Кейде "ождан" сөзін кейінгі жас ұрпақтар естімеген де болар деп те ойланам. Естісе де, мән бермейді. Өйткені, ожданның күнделікті қалыпқа симай, бұрышта бүрсең қаққаны қашан?!
Әлқисса...
Көпшілік көлікке мінсең болды, басқа әлемге топ етесің. Автобустың радиосынан шыққан шетел музыкасы құлағыңның қақпағын тесіп шығардай сайрағанда, тығылар жер таппайсың. Межелі жерге жеткенше амалсыз тыңдайсың. Түсініксіз тілдегі эстрадалық әндердің миды ұйытардай ырғағынан жүрегің сығыла бастайды. Біз қаламаған музыкадан жастардың көңілдері көтеріледі.
Бүгінде елуді еңсергендердің көпшілігі сонау, сексенінші жылдардағы шетелдің айтулы әндерімен өсті. Сол кездердегі музыка құлағымызға келе қалса, сілтідей тыңдап қаламыз. Жиырмасыншы ғасыр аяғына тұспа-тұс келген шет ел әндерінің өміршеңдігі соншалық, бүгінде менің балам сүйіп тыңдайды. Демек, тілін түсінбесек те ол әндердің тартымдылығы, құлаққа жағымды әуені бар. "Битлз" ансамблінің әндерін түн ортасында радиодан жасырын тыңдайтын кездеріміз басымыздан өтті.
Соңғы кездегі даңғырлаған құр ритмнен тұратын ессіз әндерден құлағымыз сарсылды. Есімізде сақталмастан, сырғып өте шығады. Әнге сын айтқалы отырған жоқпын. Әнді қолданушы тыңдарман хақында сөз қозғалмақ.
Кішкене ғана автобуста тәулігіне сан-мыңдаған адамдар легі өтеді. Олардың автобуста келе жатып қандай әндерді тыңдайтынымызға мән бердік пе?
Оңтүстік – халқының саны жағынан қазақтар ең тығыз орналасқан өлке. Мойындайтын ащы шындық, басқа тараппен салыстырғанда өз тілімізде басым көпшілігіміз сөйлейтінімізге қуанып та қоямыз. Неге "ащы шындық" десеңіз, "өз мемлекетінде тұрған адам, басқа қай тілде сөйлеуі керек?.." деген нақтылы сұраққа өзге елдің баласы күлуі әбден мүмкін.
Ұлттың ұйытқысы болып отырған өңірдің автобусына мінгенде неге басқа елде жүргендей келеңсіз жайтқа душар боламыз? Ол үшін кінәні автобус қожайындығынан іздесеңіз, қателестіңіз. Автобус жүргізуші – қазақтың қара домалақ баласы. Шетел музыкасынан құлағыңызды жарған келеңсіздік, шопырдың ожданына тірелетін жайт.
"Тамшы – тас жарады..." демекші, тәулігіне ересектерді есепке алмағанда қаншама оқушылар, жастар мінетін автобустың қазақ шопырының не үшін шет ел музыкасын қоюға үйір екенін түсініп болмайсың.
Даңғаза музыкамен ырғаққа түсе ырғатылып тұрған жастарды көргенде: "Майқы билер тіріліп келіп, қара домбырасын төпелей намысын қайрай дабылдатса, "Не деп тұрсың?!" деуден тайынбайтын ұрпақ өсіп жатыр-ау дейсің. Ойланатын мәселе. Америка ашқым келіп отырған жоқ. Сол сөзді айттырмау өз қолымызда екенін ойланбайтынымыз өкінішті. Әр шопыр, тек қазақ тілінде музыка қойса, арасында терме, күйді төктірсе... Санаға бұрылыс басталар еді.
Мемлекеттік деңгейге өңеш созбай, күнделікті тіршілік тасқынының бір арығындағы судың титтей ғана кілті – қазақ шопырдың өз тіліне, өз ән-күйіне құрметпен қарауына тіреліп қалғанын көрмейсіз бе?..
Тап осындайда қытай данышпаны Конфуцийдің: "Ұлт жойылсын десең – алдымен дәстүрін жой..." деген көреген сөзі сарт ете қалады екен. Расында, ұлт несімен құнды?! Әлбетте, дәстүрімен. Ал, дәстүрді сақтайтын құдыретті күш – ар-ождан. Өз халқыңның өткеніне құрметі, ертеңіне жанашырлықпен қарау сынды қарапайым этикет.
Көзге ілінбейтін жайттан жастардың санасы ақырындап уланып жатыр. "Заманына қарай – талабы" деумен өз-өзімізді жұбатамыз. Санаулы адам ышқынғанмен, жалпыхалықтың деңгейде ұлт намысы қолға алынбаса: "Жартасқа бардым, күнде айғай салдым. Оданда шықты жаңғырық..."-тың кебін киеріміз анық. Обалы не керек, кей-кейде ересектер жағы даңғаза музыканы өшіруін талап етіп жатады. Шопырлардың бірі тыңдаса, екіншісі: "Естігіңіз келмесе, түсіп қалыңыз!.." деп, баж ете қалады.
Былай қарасаң түкке тұрмайтын нәрсе. Үңіліп қарасаң, уланып жатқан ұрпақты көресің. Егер де күмбірлеген күй естілсінші, жастар жағы қабағын түйіп, мұрын тыржыйтып шыға келеді. Қаламайды. Менсінбейді. Дереу қалта телефонын құлаққабымен қоса шығарып, өз музыкасын тыңдай бастайды. Жастардың кінәлай алмайсың. Қайда барса, шет ел музыкасы. Сана басқасын қабылдамайды. Үйде ата-аналар баласының қандай музыка тыңдайтынын қадағаламайды. Мұршалары жоқ. Мектепте қаншама оқушының бірін тартса, екіншісіне уақыты да, мүмкіндігі де жетпей қалады. Көшеде – автобустағы жайт.
Бір қарағанда тілге тиек етуге татымайтын жайтқа автобустың жүргізушісінен бастап бар қазақ өзінің төл өнеріне, қазақ әндеріне жаны аши қараса, қоғамның бетбұрысына ықпал етері даусыз. Қай автобусқа мінсе де алдынан күмбірлеген күймен қарсы алып, әуендеткен халық әндерімен шығарып салып жатса, бала құлағы бірте-бірте үйреніп, тыңдай бастары хақ. Ол үшін біздерге ождан соты қажет боп тұр.
Салғырттық пен бейтараптыққа бой алған қоғамның баласы бағытын жоғалтқан ескексіз қайықты көз алдыма келтіреді. "Тіршілік" деген айдынға ғайыптан тайып шыққанымен, бағыт-бағдарын білмейді. Қаумалаған жатжұрттық ағымның нөпірінде тұншығып, бойы үйренген соң күнделікті қалыпқа айналдырып шыға келеді. Ол қалыптан шығып, айналасына ойлана қарауы үшін кемі елу жасқа жетуі керек болар.
Обалы не керек, бүгінгі эстрада музыкасынан мағынаның кеткенін шетелдік сыншылардың өздері де дабылдатып жүр. Өкінішке қарай, жойқын мәңгүрттену тасқыны жайпап өтіп жатыр. Тоқтататын алып күш – ұлттық ождан ғана.
Ұлттық намысыңды өз ожданың қорғап қалмаса, музыкаң мен мәдениетіңді баса-көктеп кетіп жатқан "өзгеге" несіне өкпелерсің. Он сегіз миллион қазақстандықтардың 12-13 млн-ы қазақтар десек, өз тіліміз бен музыкамызға деген көзқарасты қалыптастыру, қорғау, сақтап қалу үшін өз ожданымызды оятатын күн туды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5729
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2540
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2652
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2351
- 2
- 28
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2231
- 2
- 10
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2223
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2292
- 0
- 12
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2344
- 3
- 15
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2272
- 2
- 48
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2262
- 0
- 6