Прямой эфир Новости спорта

Мәселе майда-шүйдеде

"Алыпқа ұмтылу...", "Алысқа қарау..." секілді шарттылыққа маталып жатамыз ғой. Бірақ біз "майда-шүйдеге" мән бермейміз.

Елеусізді елеу үшін де, оның "дәмін" татқан жөн бе деп қалдым... Неге десеңіз, күйбің тіршіліктің "батпан құйрығы" құрылыс материалдарында жатқанын, үй салғанда білдім. Әр нәрсеге келістіре мақал шығара қоятын атам қазақ – данышпан ғой, шіркін?! "Басқа түскен – баспақшыл" дегенді өз басымнан өткеріп жатқан жайым бар.

Көп қабатты үйдегі аядай пәтерден шаршап, "өз қолыммен жетуге болатын мақсатқа бола несіне өзгеге үздігем?!" деген принципті жалаулатып, үй салуға кірістім. Бір уақ есік алдына шығып, таза ауамен тереңінен тыныстап, рахаттанғанға не жетсін, шіркін?!

"Қазақтың әр баласына 10 сотық жер тиесілі..." Пешенеме 6 сотық жер бұйырған екен. Үй салуды бастадым. Осы жерде "Көңілдегі көркем ойды – базардағы нарық бұздыға" тап болдым. Әрине, о баста кездесетін қиындықты есепке аласың ғой. Мәселе қиындықта емес – келеңсіздікте боп тұр.

Күнделікті қолданыстағы тамақтың бағасын жіті қадағалаймыз. Құрылыс өнімінің құнын білесіз бе?! Бағасы доллармен бірге "өсіп-өніп" отыратыны қызық екен!.. Апыр-ай, осы уақытқа дейін құрылыс заттарының "алтыннан ардақты..." екенін білсемші?! Өзімізде өндірілетін құрылыс заттары жоқтың қасы. Иә, цемент, кірпіш өзімізден. Соған да шүкіршілік десем де, әлқиссаның көкесі майда-шүйдеден басталды.

Ең қызығы, қандай да бір зат алғың келсе, міндетті түрде екі түрлісіне тап боласың. Бірі – арагідік өзіміздікі, екіншісі – ресейдікі, не өзбек-қырғыздыкі?!. Неге "арагідік" десеңіз, оның сырына кейіндеу соғармын.

Не керек, үйдің іргетасын бекемдейтін арматура темірді алмаққа барған металл базарында сол – шымкенттік пен ресейдікі тұр. Шымкенттің өнімі арзандау. Ресейдікі қымбат. Сатушыдан "Өзіміздікі неге арзан? Ресейдікі неге қымбат?" деп сұрадым. "Өзіміздікінің сапасы нашар, өзі осал. Ресейдікін көрмейсіз бе, мықты ғой?!" деп, бетіме мысқылдай қарады. Әлгі сатушым өзге ұлттан.

Арматураны кезекпен бір ұшынан көтеріп көрдім. Ақиқатына жүгінсем, өзіміздікі солқылдақтау сезіледі. Сырттан келгені "сіресіп" тұр. "Үйдің үй болуы – ағашынан" демекші, үйдің мекем салынуы іргетасынан. Ал, іргетасты нықтайтын арматура екенін ескерсең, таразы тілінің қай жаққа ауатыны белгілі. Іштей мойындап тұрсам да, әлгі, өзге ұлттың баласына: "Еш айырмашылығын көріп тұрған жоқпын. Ресейдікінің бағасын жолкіресіне бола көтеретіндеріңді көрмей тұрмын ба?" дей қойдым. Сатушым жауап қатуға ерініп, жерге шырт түкірді.

Мазақтап бетіме түкіргендей әсер алсам бола ма?! Шынында, неге біздің арматура солқылдап тұр?! Қасыма келген алушының бірі: "Ой, Шымкенттің зауытын қытайлар сатып алған..." дегенді айтып, намысыма тұзды еселете септі. Кімге керегі барын білмеймін, өзімше намыстанып, патриоттығым ұстап, өз зауытымның өнімін сатып алдым. Құдайдың өзі сақтар?!. "Үй" сөзінің өзі – "үйе беруден" табылған-ау жобасы?..

Құрылысқа қажетті заттардың санының басымдағы шаштан көп екенін, маңдайыңа тигенде біледі екенсің. "Қайда барсам – Қорқыттың көрі" басталды... Не қажет болса, сол – шеттен келген. Шығысымыз тұнып тұрған нулы орман болса да, удай бағаға орыстан келген бөрене мен тақтайларды сатып аламыз. Біздікі не шірік, не тез тұтанғыш, не кеппеген.

Миымды сұққылаған сан сұрақтың жауабын таппайтынымды біле тұра, жеме-жемге келгенде күйіп кетіп, жер тепкілеп, ішімдегі буды сыртқа шығарып алам. Үй жарықтықтың қорабын көтеру оңай екен, ішін әрлегенде "әлектің көкесіне" кезіктім. Әншейінде елей қоймайтын кафельге кезек жеткенде, машақатын көп тарттым. "Осы да сөз боп па?!." деуші табылар. Бірақ, еліміздің экономикасына осындай "майда-шүйденің" әсер етеріне бәс тігем!..

Әлқисса... Кафель сататын дүкенде "мен мұндалап" көздің жауын алатын не түрі бар. Көз тұнады!.. Бағасы?! "Ата-тегін" сұрастыра бастасаң, сол баяғы – сырттан келген тауар. Дені көршілес қырғыздардан әкелінген.

Қазақстанның басқа өлкесіне бас қатырмай-ақ, өзіміздің оңтүстіктің топырағын алайықшы?! Түркі әлемінің екінші Меккесіне айналған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің сонау 14-ші ғасырдан бері мұрты бұзылмай тұрған қышы – Сауранның саз балшығынан құйылғаны баршаға аян. Көз үйренген кірпіштей емес, ені жіңішкелеу боп келіп, өзі жалпақтау құйылған кірпіштер неше жүз жылдан бері желдің өтінде, жауын-шашынның астында тұрса да, былқ етпей тұр. Үйіңе жеткенше жартысы сынатын бүгінгінің кірпішіндей емес, сапалы құйылған.

Көне заманғы өнімдердің қайсыбірін алсаң да, сапасы мықты. Оған әсемдігін қосыңыз. Уақыт тезінен өтіп, бізге сол күйі жеткеніне таң-тамаша болып, шалқамыздан құлап жатамыз. Жаһандануды желкелеп жеткен бүгінгі өнім ше?! Маңдай теріңді төгіп тапқан ақшаңа аласың-ау, сапасын көріп, көзден жасың ыршып кеткенін байқамай қаласың. Лажың жоқ. Көрші елдерді байытып жатырмыз.

Қарапайым кафельдің "көкесін" шығаруға болатын саз балшық бізде жетеді. Неге көрші елдің өнімін алуымыз керек?! Ту сыртымда тұрған жігіт ағасы мырс ете қалды. Сөйтсем, осыдан он шақты жыл бұрын ол кафель зауытын ашыпты. Бірақ, өнімге салатын салық "қылғындырып", бастаған ісін тастауға мәжбүр болыпты.

Сонда деймін-ау, аядай ғана жері бар көрші қырғыз ағайындар құрлы кафельге дейін шығара алмағанымыз ба?! Бір қараған көзге бұл – әрине, "майда-шүйде". "Мен мен бе, үйде менен өткен апам бар" демекші, кәдімгі, үй жылытатын қондырғылар мен газпеш, сан алуан пластикалық су құбырлары, сантехниканың бәрі дерлік өзбек ағайындардан әкелінеді екен?! Айтпақшы, сантехника жағынан өзбек ағайындардыкіне қарағанда иран өнімдерінің бәсі мықты. Өзімізде өндірілмейтін болған соң, амалсыз сатып алуға мәжбүрсің.

Сонда деймін-ау, өз еліміздің өнеркәсібі мен өндіріс орындары қайда, не бітіріп отыр?! Сырттан құйылып жатқан инвестициялар қай құдыққа құйылып жатыр, сонда?! Дәрежем жетпейтін мәселеге тұмсық сұғуға қақым жоқ та болар, сөйте тұра, қоғам қажеттілігіне бүйрегің бұрмай тұра алмайды екенсің?

"Кісі қалтасына" қарамауды әке-шешем бала күнімнен миыма құйып, санама сіңдіріп тастаған. "Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде..." демекші, әрине көнеміз. Үйіңді салу үшін, баспанаңды тезірек бітіру үшін көрші елдердің өнімін сатып аламыз. Қарапайым боп көрінетін мәселеге мән бере қарасаң, "майда-шүйденің" арқасында, сағат сайын қаншама "миллиондар" көрші елдерге кетіп жатыр. Телеарналарда ресейліктер өз өнімдерін сынап-мінеп, италияда шығарылған тауарды сатып алуды ұсынып жатады. Бізде, керісінше. "Аузы қисық болса да..." дегендей, сапасы нашар болса да, ресейдің тауары өтіп тұр!..

Мемлекеттік деңгейдегі мәселеге миым жетпейтін, қатардағы қарапайым адаммын. Десе де, "майда-шүйде" арқылы елді көркейтуге болатынына көзім жетті.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров